Аты аңызға айналған 28 панфиловшылардың қатарында соғысқан жетісулық Мұсабек Сеңгірбаевтың есімі ел есінде. Көксу ауданына қарасты Жарлыөзек ауылында Мұсабек атындағы мектепте «Мұзбалақ батыр Мұсабек» атты еске алу кеші өтті. Игі шара батырдың өмір жолымен, Екінші дүниежүзілік соғыстағы ерлігімен таныстыруды, келешек ұрпақтың ұлтжандылығы мен еліне деген қамқорлық қасиеттерін қалыптастыруды мақсат тұтады.
Алдымен Қызыларық ауылындағы Мұсабек Сеңгірбаевқа арналған монументтің алдына гүл қою рәсімімен басталған шара Жарлыөзек ауылындағы Мұсабек атындағы мектепте жалғасын тапты.
Аталмыш шараға ауылдың құрметті азаматтары мен батырдың жақындары жиналды. Жиын Мұсабек Сеңгірбаевтың өмірбаянымен бастау алды. Мектеп оқушыларының қатысуымен өткен кеш жиналған қауымның көңілін бір тербеді. Патриоттық ән мен би, әсерлі қойылым, оқылған өлең, бәрі бір-бірімен үйлесім тапқандай болды.
– Отан үшін күрескен азаматтардың орны біз үшін қашанда бөлек. Сондықтан дана халқымыз оларды «Жердің қорғаны, елдің тұтқасы» деп ерекше ардақтаған. Намысқой ерлердің арқасында жеріміз аман қалды. Мағжан Жұмабаев жырға қосқандай, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай қырағы, ер мінезді азаматтарымыздың қонар тұғыры биіктей берсін. Осындай ұлы тұлғаларды, батырларды әрқашан ұлықтап, еске алу қажет. Олардың көрген қиындығын қазіргі жастар сезіне білсе, әрбір қазақ патриот болары анық. Осынау жерлесіміздің ерлігін елеп, ескеріп жатқан жандарға үлкен алғыс білдіремін, – деп аудандық ақсақалдар алқасының мүшесі Сауытбек Қожахметов өз ризашылығын білдірді.
Бүгінде Мұсабек Сеңгірбаев есімі ауыл мен көшеге, мектепке де берілген. Ержүрек сарбаз Мәскеу түбіндегі шайқаста жау танкілеріне тойтарыс беру үшін өмірін құрбан етіп, ерен ерлік көрсетті. Даңқты жерлесімізге 1942 жылы «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді.
Айғаным АЙТМҰХАН
Фото: wikipedia.org