ҚАЗАҚТЫҢ ТОЙЫ БІТПЕСІН

Уақыты: 29.02.2024
Оқылды: 921
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«Әр ұлттың адамы арманшыл-ау. Біреуі айға ұшсам дейді. Енді бірі зауыт ашсам дейді. Ал қазақ: әйелім ұл тауып, шілдехана тойын, бесік тойын жасасам, одан өте бере тұсаукесер тойы болса, одан сүндет тойын дүркіретсем,  ары қарай мектепке барған,  мектеп бітірген, оқуға түскен,  оны бітірген тойын өткізсем. Содан соң үйлену тойын бес жүз адам шақырып дүркіретсем... Не керек қазақтың арманы: той, той, той...» деп Шерхан Мұртаза айтқандай, Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрында өткен премьераның желісінен  қазақтың той жасаудағы тыраштығын көргендей болдық.


Биылғы жылдың екінші премьерасы саналған қойылымның аты әр қазақтың аузынан шығатын жауыр сөз «Қазақтың тойы бітпесін» болса да қазіргі замандағы өзекті мәселелерді қозғады. Спектакль драматург Жәнібек Әлікеннің «Күйеубала» шығармасының желісі бойынша сахналанды. Жалпы бүгінде қарагөздеріміздің өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығуы ауқымды тақырыптың бірі. Аралас некеден басқа өмірде болып жатқан бірнеше өзекті тақырыпты көтерген қойылым көрермен көңілінен шыққаны сөзсіз.

– Бұл негізі өмірде болған оқиға. 2020 жылы қазақтың қызы қытай ұлтына тұрмысқа шықпақ болады. Бірақ, қазақ жігіттері бұл тойды тоқтатып, болдырмай қойған. Дәл осы тақырыпты мен өз туындыма арқау еткім келді. Әрине, қазақ қызының қытайға тұрмысқа шығуы дұрыс емес. Ол дүниеге менің де ішім ашиды. Алайда, кінә бізден, қазақтың жігіттерінің әлсіздігінде. Егер біз мықты болсақ, қыздарымыз жарқырап жүрмес пе еді?! Біз мықты болсақ, олар жеңіл жүріспен ақша таппайтын да еді. Қыз бұзылса, бүкіл ұлт бұзылады. Демек, ұлты бұзылған елдің жігіттері әлсіз. Бұл тұрғыда мен көп қыздарды кінәлай алмаймын. Себебі, әйелдер қашанда ізденісте, трендте жүреді. Ал жігіттер қауымының өмір ағысынан қалып бара жатқаны рас, – дейді шығарма авторы Жәнібек Әлікен.
Расында бүгінгі қазақ қыздары қоғамда өз орнын тапқан. Оған ешкім шүбә келтірмес. Неге қазір ажырасу көп. Себебі, екі қолға бір күрек табылады дегенді ер-азаматтар емес, әйелдер ұстанатын болған. Шынымен, егер қыздар жұмыстан шығып қалса, кез келген нәрсені игеріп ала алады. Оны қоғамнан-ақ байқауға болады. Ал жауапкершілікті нәзік жандыларға ысырып қоятын жігіттерді көшеден жиі кездестіреміз. 

Тойдың басы жоғарыда айтып өткен Шерхан Мұртазаның сөзіне сәйкес келгендей болды. Расында, қазақ десең өзіңе тиеді. Шыр етіп дүние есігін ашқан баласына өле-өлгенше той жасап өтетін мақтаншақ қазағым-ай. Ол бөлек тұрсын, соған тыраштанып, өмір бойы жинағанын бір-ақ күнде жоқ қылуы  дарақылық емей не?  Әрине, адамдардың пиғылы да өзгерген. Қуаныш иесін сыйлап емес, сынап баратынымызды жасырмайық. Сол сынға қалмау үшін әке-шеше тірнектеп жинағанын шелектеп тойға шашады. Ал тойға келетін жұрт сол өзінің ағайыны, ет жақыны, көршісі... Нәтижесінде соның бәрі көзбояушылық па деп қаласың.

Көңілге түрлі ой салған спектакль экономикалық тақырыптарды да арқау еткенін көзі қырағы көрермен бірден түсінді. Оны театрсүйер қауымның шынайы эмоциясы мен күлкісінен көрдік. Жеріміз қаншалықты кең болса, оған көзі түсіп отырған сонша ел бар. Ата-бабамыз қан төгіп алып қалған жерімізді сақтап қалу бүгінгі намысты ер-азаматтардың мойнында екені белгілі. 

Аталмыш қойылым заманның дерті болып тұрған зорлық-зомбылықты да әсерлі етіп көрсетті. Бұл сахнада режиссердің біліктілігі мен актерлердің шеберлігі анық көрініс тапты. Шынымен өз елінің жігіттерінен қиянат көрген қызға махаббатын өзге ұлттан іздеуден басқа не шара қалады? Бұл біздің қоғам. Сондай арсыздыққа барып, түк болмағандай жер басып, кейін көз салып, арам ойын іске асырғысы келетін жігіттер  аруды  қарындасым деп өзге жұртқа бермей, қорғамақ болатыны рас. Бұл нағыз екіжүзділік емей не?! 

Жалпы қойылымда жақынын жатқа қимаған қазақ, ұлт намысы, қыздың ары, махаббатын өзге ұлттан іздеген ару, қоғамның шынайы бейнесі сахналанды. Қорытындылай келе көргенінен әр көрермен бір ой түйсе деген ниетпен осындай өзекті болған тың туындыларды Бикен Римова театры сахналай берсін деген тілектеміз.

Айғаным АЙТМҰХАН