ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДАН БІРТІНДЕП  АЙЫРЫЛЫП КЕЛЕМІЗ...

Уақыты: 17.03.2024
Оқылды: 1429
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Бұлт қаптаған көк жүзіндей арғы көкжиек әлемінде не болып жатқанын, жасын атып, жай ойнап тұрғанын көпшілікке білдіргісі келмейтін ақын деген асқақ жаратылыстың баршасы қанша бұйығы тірлік кешсе де мақпал жүрегі манатқа малынғандай бір жасаған, шабыттанған шағында бәрін алқаусыз жырға қосып жібереді. Өмірінде үлкен сыр жатса да өлеңге өтірік айта алмайды. Қақыраған көңілдің көбесінен төгілген дәндей ғана қасиетті дүниенің өзін даналықпен әспеттеп, парасатпен құндақтап жыр саптайды. Ақсуаттың асығы алшысынан түскен ақыны Әбубәкір Қайранның көкжал тұрпаты, бөлекше болмысы мен қасқыр текті мінезіне сыймайтын бір өлшем бар. Көре білген адамға кемшілік те соның айналасынан табылып жатады. Ол өлшемнің өзегін тарқатсақ ақынның аңғалдығын анық байқайсың. Ал аңғалдық оның өмірлік өкінішіне, ойлай қалса жанын сыздататын кемшілігіне уқорғасын сөлін тамызып жібергендей жан әлемін дуылдатады кеп.

Жан дуылын, көкірек шуылын тыңдау үшін емес, рухани әңгіме өрбітпекке, күні бұрын келісілген сұхбатты алу мақсатында апайтөс Алматыға Талдықорғаннан жол тарттық. Бірнеше сағат салып әйгілі Алматының «Мамыр» аталатын ауданына мамырлай жетіп, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Әбубәкір Қайранның үйіне ендік. Сол күні ақын алпыстың алтауына толып жатыр екен. Жеңгеміз Гүлзия Саясатқызы екеуі қуана қарсы алды. Аз-кем есендіктен кейін, асқаралы жастың алтауына жеткен ақынды төл мерекесімен құттықтадық. Ақын ғой! Кең құшағын арсалаңдай жайып маңдайдан сүйіп-сүйіп алды. Жас жазарманды жазира көкірегіне басқан ағаның алқаусыз пейіліне шомғанның өзі Моцарттың керім самалдай симфониясын тыңдағаннан да құдіретті ме дерсің?! Біртүрлі шабыттанасың, аруақтанасың.

Әдеби ортада, қаламдас достарының арасында «Әбіш» атанған Әбубәкір Қайран сұхбат барысында сырлы әңгімені лек-легімен толғады. Ел, заман, уақыт, мемлекет пен ұрпақ жайлы, руханият, мәдениет пен әдебиет тұрғысында іркес-тіркес толғам төкпеледі. Ат баптауды ата жол тұтқан түйеші әкесі өмірден өткенше бір қамшы, саптама етік немесе жүннен тоқылған шұлық та сыйламағанына, азамат атанған шықтың өзінде әкесіне тілдей тарту ұсынбағанына өмірлік өкініш білдіреді. Әкесін қара жер құшағына беріп, отызында опынса да тағы да аңғалдықпен жыл өткеріп алыпты. Әкейден кейін өмірден өткен анасына да сыйлық жасап үлгермеген ғой, бала көңілді, ақдидар шайыр. Осылайша қос ғазиз жанға мүлдем тарту ұсынбағанын өзінің қарақан басындағы қателігі санайды. Өкінеді. «Өмірлік өкінішім, ойлап кетсем жанымды ауыртатыны осы. Үйдегі балалардың ортаншысы едім, Алматыға ерте барып танылдым. Үйлі-баранды болдым. Әкей дүние салғанда аузымен құс тістеген ақындар есімімен бірге аталып жүрдім ғой, жасым отыздан асып кеткен. Не деген еренсіз едім?!.» – дейді «батыр аңғал келеді» дегеннің жанды көрінісін көмейден төккен арзу сөзімен суреттей отырып.

Көкірегі киелі жырға толған, еркін аспан өлеңін егілте-төгілте толғаған шайырдан осы ретте «Адамзаттық қателікті айтыңызшы?» деп қолқаладық.

– Адамзат баласының ішінде, әсіресе қалам ұстаған қауым үнемі ой үстінде болатыны анық. Ойсыз, толғамсыз жанның тоқтау судан айырмасы жоқ, сондықтан күллі тіршіліктің тіні мен өзегіне, буыны мен сүйегіне дейін сезімталдықпен көз тастап, ой тербей білу – ұлы өнер. Алайда, адамзат баласының сан жылдар, ғасырлар мен дәуірлер бойы жасап келе жатқан кемшілігі бар. Ол – Алла жаратқан ақыл иесінің өзін-өзі танымауы. Әуелі «адам қандай болу керек» дегенге көпшілік бас қатырмайды. Бұл тұрғыдан данышпан Абайымыз «толық адам» дейді ғой, міне, осы биікке жеткендер әлемде саусақпен санарлық қана.

Рас, кейде осы Абай айтқан толық адам теориясына лайық жан бар ма деп ойланасың. Ол кемеңгер, данышпан болған күннің өзінде бойына адамзатқа ортақ бүкіл қасиетті жинақтай ала ма? Қиын дүние. Үнемі ақ пен қара айқасып келе жатқан тірлік атты күресте біреудің аяқтан шалғанын, жағадан алғанын, жөнсіз күстаналағанын, айғақсыз кінәлағанын көресің. Көресің де ашу шаптырасың. Өз намысыңды, арыңды қорғауға қарекет қыласың. Ішкі бұла күшті жаныңды ақтап алу жолына арнайсың. Осылайша, қоғамның лай батпағын кешіп тұрып сенің мұнтаздай болмысыңа кір жұқтырғандармен күресемін деп, «толық адам» теориясына лайық болмай қаласың, – деп өмірдің қарапайым күресі, адами қарсылығы салдарынан қиыс кететін, шалыс басатын жағдаятты адамзат баласына ортақ кемшілік санайды ақын. Көкжалдай ақшулан шашын салалы саусағымен сипап, маңдайға түскен кекілін бұрқырата қарақұсына қарай қайырып қойып отырған Әбубәкір Қайранның ішкі пәлсапасы, жан дүниесіндегі іркес-тіркес пікірі адамды таңдандырады. Қағырды манатқа айналдырардай бір құдіреттің барына сенеді.

– Бірде Мейірхан Ақдәулетов дос-ағам екеуміз Жазушылар одағының алдында шылым шегіп тұрып адамды, қоғамды тергеуге алғандай болдық. Пікір мен пәлсапа, парасатты ой тұтатып, қоздатып ала жөнелдік. Сонда бір эксперимент айттым. Сол сәтте аузыма құйыла қалды:

Ой, көке осы батпақ, осы шатпақ, осы лай,

Мың жыл бұрын осылай.

Бұл өмірге келіп қалған шошымай,

Екеуміз де ер екенбіз досым-ай, – дедім. Мейірхан тамаша хәлге түскендей тебіренді. Шындығында мына өмірге келген адамның бәрі осы батпақ, осы шатпақ, осы лайды кешеді. Алайда адам болған соң Абай айтқандай толық адам болуға талпынуы, өзіне үнемі есеп беріп отыруы керек. Жасыратыны жоқ жер бетінде бұл қағидамен жүретіндер өте аз. Сондықтан да қарабояулы қателікті айтпағанда, өмір үшін, атақ пен даңқ, қарапайым күніміз үшін жасайтын қателіктен көз ашпай келеміз. Аз мөлшердегі адам емес, кем дегенде халықтың белгілі бір пайызы толық адам теориясын тағдырына енгізетін болса, жер беті жазираға айналар еді-ау, – деп жанар сұғын өңменіңе қадағандай терең көзқараста отырып толғанған Әбубәкір ақын дүниенің тазалығын, адамзат баласының бақытын өз қазағынан бөліп-жармайды. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген Абай толғамын тағдыр сүрлеуіне, мұрадым-мұратына айналдырғандай әсер қалдырады екен.

Ақынның жүрегін тағы бір алаңдататын дүние бар. Ол –қазақтың болашағы.

...Сонау балалық шағында әдебиеттен сабақ беретін ұстазы үрпек бас оқушыларға қарап тұрып: «Мен болашақта кім боламын?» деген тақырыпта шығарма жазып келіңдер!» деп тапсырады. Сонда Ақсуаттың шаңын аспанға атқан құлындай нәзік үнмен кісіней жөнелген бала Әбубәкір ойланып жатпай бірден «Ақын боламын» депті. Алла осы сөзді аузына салғандай, бүгінде алты Алашқа белгілі ақын болған ол:

– Мені шын мәнінде қазақтың болашағы алаңдатады, – деп терең түрсініп алды. Әрмен қарайғы ойын: – Бүгінгі таңда қазақы қасиетті бойына толық жинақтаған адам табу қиын. Мыңнан, миллионнан бірі ғана ұшырасып жатады. Осы сәтке мұқият мән берсек, бәрі тамаша көрінеді, тәуелсізбіз, еркінбіз. Ұрпақ өсіп жатыр, мемлекет өз жолымен келеді. Алайда, біз күн өткен сайын кешегі қастерлі құндылықтарды жоғалтқанның үстіне жоғалтып келеміз. Тіпті, тарихың мен әдебиетің, шежірең мен бабаларыңның асыл ойлары жазылған сөре толы кітапты жастар оқымайды. Қажет деп санамайды! Мәселен, біздің үйдің өзінде қабырға толы сірескен кітапты жеңгең екеуміз ғана оқимыз. Сонда әдебиетің кімге керек? Тарихың, шежірең, құндылығың қағаз күйінде хатталып тұра бере ме?!

Рас, қазіргі жаһандану тенденциясы әлем мәдениетінің озық үлгісін қазақ жастарының бойына сіңіруге мол мүмкіндік беруде. Алайда жаһандану көшінде де елеп-екшейтін, керек ететін, керісінше сапасыз, қаңсық күйінде қоғамымыздан аластайтын дүниелер бар емес пе?! Батысқа қарап бой түзеудің қажеті жоқ. Қазақ жер бетінде қазақ болып қалуы тиіс. Кітап емес, смартфоннан тәлім алған жастар біздің тірнектеп жиған бабаларымыздың қасиетін бойына сіңіре алмай, асыл жәдігерлерден айырылып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, осының бәрі жанды жегідей жесе, қазақтың болашағынан алаңдамасыма шарам жоқ! Менің, сенің баламыз бен немереміздің болашағы айқын көрінгенімен, немере ұрпаққа жалғасатын кейінгі буынның болашағы бұлыңғыр секілді, – деп күрсінгенде қара аспан қақырағандай көрінеді екен. «Ақын осылай толғануы керек. Шайыр осылай шерленуі тиіс. Ұлтын сүймеген, елінің игілігін өз басынан биік қоймаған ақын – ақын емес», – дейді бұл тұрғыда Әбубәкір Қайран сөзіне тамсанған біздің жүрек.

– Қазақ деп қайғы жеген қайран Абай қара сөздерінде жұртының бүкіл кемшілігін ызаланып, тістеленіп, жылағандай қылып айқын таңбалап кетті. Сол бірін-бірі көре алмайтын, күстаналайтын, үстінен арызданатын, бірін-бірі аяқтан шалатын қазақ бүгінде сол мінезден арылмай келеді. Абай айтты екен деп өзін биікке жетелеген, кемшілікпен күрескен ешкім жоқ. Уақыт өлшемімен алғанда кешегі Абай ғой, сол данышпанның қаламына кейіпкер болған қазақтың бүгін киім киісі, сыртқы мазмұны заманға сай өзгергені болмаса, ұлтымыздың рухани кемшіліктері сол күйінде қалды. Тіпті, данышпанымыз белгі соғып берген ұлттық кемшіліктеріміз бүгін дамып, күрделене түскендей көрінетіні де бар. Ал түптеп қарасақ, біз өз мәдениетімізді танымағанның салдарын тартып отырмыз. Мәселен, күллі түркі әлеміндегі ең асыл текті, қаны таза халық емеспіз бе? Ал осыны мақтаныш етіп, құр мақтанға берілмей одан әрі «толық адам» сипатына енуге қам қылып жүрген қайсысы бар? Бәрін айтып, дүниенің асты-үстін қызыл тіл қалыбына салған еліміздің танымындағы дүниелер бүгінгілердің тамырына сіңбей жатқаны да үлкен кемшілік, – дейді жұмыр ғалам үстінде жырдан жарық құндылық таппаған, әр сөзін, жан үнін поэзия арқылы жеткізіп жүрген көкжал ақын.

Ұрпақ оқымайды деген кітабы бір қабырғаны алып тұр. Көптеген классиктер сықасып (сырласып) тұрған кітап сөресіндегі дүние қомақты қор емес. «Кітабыңыз сиреп кеткен бе, әлде көшіп-қонып жүріп ұлылар мұрасынан шашау шығардыңыз ба?», – деп күле сұрадық. Бұл тұрғыда да ақынның аңғалдығын, еренсіздігін жауабынан тағы да анық аңғарып қалдық. Қай бір жылы көзмайын тауысып оқыған кітаптарды үйдің шатырына шығарып тастапты. Жадыға жатталған дүниелер деп сенген болуы керек. Сөйтіп әлгі шатырда саңлау пайда болып, мыңнан астам кітап суға шыланып, көгеріп, көбелектің қанатындай жұқана парақтардың бәрі саусақ тисе күлге айналардай күйге жетіпті. Сөйтіп, азаматтық жасынан сырласына айналған қазынаның біразынан айырылып қалған екен. Десе де көбін жүрек жаттапты. Сана салмақтапты. Абайдың, Шәкәрімнің, қала берді, кешегі өзі көрген классиктердің ойлы пайымдарына жүгініп, нақылдап сөйлеп, тақпақтап термелеп отырды. Әлем әдебиеті мен қазақ қазынасын сарқа сімірердей ізденген Әбубәкір Қайран руханиятта өз орнын сайлады. Тұғырын қашады. Бірнеше әдеби марапатқа, ел көлемінде мемлекеттік наградаға ие болды. Бұл туралы ақын: «Шынымды айтсам, сыйлық алуға ұмтылып, аға-көкелерімді жағалап, араға біреулерді салып көрген адам емеспін. Даламның табиғатындай жырларымды бұрқыратып жазамын да өзімнің тірлігімді әдемі қалпында кешіп жүргенді қолайлы көремін. Тіпті, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының өзіне ойда-жоқта ие болдым. Атаққа, даңққа өз басымды сүйреген кезім болған жоқ. Адамдықты биік көремін», – дейді.

...Қол жүгіртсең қоздан бөлінген ұшқындай қараңғылықта сиқыр сәуле тұтатып ала жөнелетін қоламтадай ақынның жүрегінен сыр суыртпақтасаң бір ысынып, бір суынады екенсің. Сыртқы пошымына, жүріс-тұрысына қарасаң ел тіршілігінен еренсіздеу жүрген, өзінің өлшеп-пішкен қағидасын ғана қаперге алатындай көрінген ақын-жазушылардан замана күйін, ел жайын, келешек келбетін сұрай қалсаң, өз тағдырынан ұлт ұғымын биік қоятын қаламгерлер екеніне көз жеткізесің. Бұл тұрғыда да Әбубәкір Қайран ерекше толғанады.

– Біз шындықты айтудан ешқашан қаймықпауымыз, қашпауымыз керек қой. Бүгінде біраз тағы тектес, қолынан іс келетін, елге сөзі өтетін азаматтар азу тісінен айырылып қалған. Ай астынан жарқ етер азу тістері күрестен емес, быламықтан сынған сыңайлы, – деп «быламықты» жемқорлықтың баламасы ретінде суреттеген ақын ары қарайғы ойын күйіне жеткізеді. – «Қазақ аспанынан қашан қиын кезең арылады» деген сауалдың өзі санамды солқылдатып жібереді. Ру-ру, құрақ-құрақ болған елдің есін алған, аяғына шідер болған індеттің ең қатерлісі – жемқорлық! Жемқорлықтың дендегенін жасыру – ауруыңды бүркеумен бірдей. Ал ауруды жасырғанның аяғы өлімге апарып соқтыратыны әмбеге аян! Біздегі жемқорлықтың дендегені соншалық, әлемдегі алдыңғы қатарлыларға шығып үлгердік. «Балық басынан шіриді» деген сөзді расқа шығарып, 30 жыл ел омартасындағы балды жақтастарымен жалап тауысқан, халыққа тиесілі қамбаны қалтаға басқан тұлғаға да билік тізгінін бердік. Атың өшкір жемқорлық бізде ең жоғарғылардан бастап, ең төменгі кішкентай шенеуніктерге дейін жауйлап алды. Соның салдарын кешегі күні мықтап тарттық. Енді осы дертті тамырымыздан алып тастау үшін заңды күшейтіп, әрбір тиынға дейін есептелетіндей күйге жетуіміз керек. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының жасап жатқан ісі халық болып құптарлық дүние шығар деп үміттенеміз, – деген шайыр қандай қоғамда өмір сүрсе де адалдықты ақ ту еткен азаматпын деп марқаяды. Тіпті, әдебиет әлемінде де ақша үшін алға ұмсынбапты. Бірлі-жарым жыр мүшәйраларына ат қосып, сол додалардан жүлдеге ие болғанымен, негізінен аламанға аса ниетті емес-ті. «Жақсы жыр болған соң, сұранып тұрған бәйгеге ат қостым. Жылына бәленбай рет өтетін түрлі мүшәйраны нысанаға алып көрмедім. Ақша үшін, атақ үшін жыр жазбаймын. Өлең менің өмірім. Сондықтан сыйлықтан да, сыйдан да, бәйгеден де бой тартатыным рас, өзімді ұсынып жүретіндердің қатарынан емеспін», – деп бір ұртын бүлк еткізе жымияды. Ақсиған арланның ашу өрлігі қылта қиған қақпанға бағышталғандай, көкжал тұрпатты ақынның жымиысының өзі екіұшты мән қалдыратындай. Бірі күні үшін күйбеңдегендерді ашық сарказмға алғандай болса, екіншісі туа да тектімін ғой, сол биікте қаламын дейтіндей.

– Осыдан тұп-тура 15 жыл бұрын берген бір сұхбатымда билік пен бұқара арасы ашылып кеткен күйіне айтқан едім, –  деп тосын әңгіме бастаған Әбубәкір Қайран жазу үстелін, кітап сөресіне көз жігіртті. Орнынан тұрып кетіп бір бұрышта қаттаулы тұрған газеттерді ақтарысты. Парағы сарғыш тартқан әлдебір басылымды алып сұхбатын оқып берді. – «Бүгінгі бұқара өтпелі кезең атанған замандардағы аңқау бала секілді алдана беретін шақтан баяғыда-ақ өтіп кеткен. Мына заманның аярлығына әбден көзі жетті. Алдана-алдана өтірікшінің шын сөзіне де сенбейтін жағдайға келді», деп айтқанмын. Міне, өзің көрші, – деп газетті қолымызға ұстатты. Шынында солай жазылған, тіпті, ақын бұқара мен биліктің арасы ажырай берсе түптің-түбінде сойқан жарылысқа, құз-жарға апарып құлатқандай күйге апаруы мүмкін екенін болжапты. «Мұндай жарылыс биліктің аузы-мұрнын бұзып қана қойса жақсы, мемлекетіміздің қабырғасын қаусатып, шаңырағын ойрандап кететін жағдайға жеткізбесін деп тілейік», – деп жазыпты. Осыны алға тарта отырып ой толғаған Әбубәкір Қайран: – 2009 жылғы айтқаным кешегі Қаңтар оқиғасында көрініс тапты. Билікке сүйінбеген ел алаңға шықты, талап-тілегін қатаң түрде айтты. Мемлекетімізде дүмпу туды. Осыны пайдаланған ессіздер де болды. Бәрі де ұлттық құндылықтан жұрдай бола бастағанымыздың, жоғарыда аталған жемқорлық, парақорлық секілді індеттен қажығандықтың, мемлекеттік мүддеден адамдық мұрат басым түсіп кеткенінің көрінісі. Сондықтан біз идеологияны мықтап жолға қоюымыз керек. Елдің жағдайын экономикалық түрде ғана емес, рухани тұрғыда да жақсартуға тырысуымыз қажет, – деп толғанады.

Ағын. Ағын
Өмірдің бәрі де ағын.
Осы ағындар қалдырар жазып әнін.
Осы ағындар от-өзен секілденіп,
Ошағыңның орайды жалындарын.
Осы ағындар озған ат, жеңген ердің
Мәңгі қорғап қалады ар-ұжданын, – деп бірде ағынмен, бірде аспанмен, ендігі бірде аңсар сезіммен сырласқан ақын жүрек әзілдің ауылынан да алыс емес. Ол бір айтар ойын айшықты ету үшін бір анекдотты жеткізді. – Орманда келе жатқан қасқырға кездесе кеткен маймыл: «Қасеке, мына дағдарыс деген пәле келіп қалды. Енді не істегелі жатырсыз, қандай амалыңыз бар?» деп сұрапты абдырап. «Ой, соны да сөз деп... менің бұрында тамағым тоқ болған, қазір де аштан өлгелі жүргенім жоқ. Қырта бермей былай тұршы», – деп кетіп қалыпты. Оның бұл қылығына дал болған маймыл келе жатып түлкіге жолығыпты. Түлкіден де дағдарыста не істейтінін сұраған екен. Түлкі бикеш бұрын киген қымбат ішігін әлі де тастамағанын, елдің сандала беретінін айтып бұраңдай басып жөніне кетеді. Бұған шындап күйінген маймыл: «Бұрында жалаңбұт едім, бүгінде жалаңбұтпын. Алдағы уақытта да солай жүрермін» депті, – деп бір жымиып алды да салмақты ойын әрменқарай жалғай түсті. – Елдің кешегі тәуелсіздік алғандағы тірлігі біршама оңалды ма? Күйі түзелді ме? Алғашқы жылдары өтпелі кезең дедік, кейіннен дағдарыс, 30 жылдық дәрменсіз саясат дедік... Бәрі де рас. Дегенмен, ел әлгі әзілдегі маймылдың күйін кешпеуі қажет. Олай болмас та! Болашақтан үміт үзуге тиіс емеспіз. Бүгінгі сең қозғалған мемлекеттік саясатта ілгерілеу бар. Соны енді идеологиялық тұрғыда мінсіз атқарса екен деген тілек бар таңдайда, – деп толғады, келер күнге үмітпен қарауға сендірген ақын.

Әдемі әзіл, әсерлі әңгімеге шебер Әбубәкір Қайранның ең шабытты шағы өз өлеңін оқыған тұсы. Ел, руханият, мөлдір махаббат тұрғысында ақындық қуатын сіңірген талантты жырларын қолын сермеп-сермеп қойып оқығанда, тамырыңда тәтті сезім жүгіріп өткендей күйге бөленесің. Тебіренесің, сүйсінесің. Өз ана тілі үшін күрескен Расул Ғамзатов, бостандығына жырмен ескерткіш тұрғызған Пабло Нерудадай қазақ ақындарының үні келер ұрпақтың құлағына, жүрегіне сіңсе екен деп тілек білдіресің...

Р.S. Әсерлі әңгіме, еркін сұхбат барысында ақын айшықтаған негізгі ойларды, арналы дүниені қағазға түсірдік. Кейбір қату кеткен, қатты айтылған тұсты да жұмсақтауға тырыстық. Бұл біздің дәрменсіздігімізден не шындықты бере алмауымыздан емес, ақынның өтінішін ескергендіктен деп ұққан жөн. «Шабыт қысып, арқаланып кеткенде асылық айтып, шамданып-шамырқанып сөйлеп кетеміз, оны өз қалауыңша жұмсақтайсың ғой», – деген-ді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ