ӨЗБЕКӘЛІ һәм НАУРЫЗ

Уақыты: 23.03.2024
Оқылды: 1898
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазақ тарихының тарау-тарау кезеңіндегі ұлттық құндылықтың мұз үстіндегі буыршындай шатқаяқтаған, шалажансар күйге түскен тұсы ХХ ғасырда деп көрсетуге толықтай негіз бар. Қабырғасы хан ордасының уығындай белді аттарын бусандырып жортуылда күн кешкен жаугершілік заманның алас-құлас, шайқасқа толы тұсында да қазақ өз жоралғыларын жасап, дәстүрін дәріптей білді. Орта Азияны Ақсақ Темір езгіге салған кезеңде де, жарты әлемді қайқы қылышпен қанға бөктірген Шығыс қаған заманында да түркітектес елдің дәстүрі тұрмақ, түндігінен шұбаған түтінге де тыйым болмаған. Ал кешегі ғасырдың сықпыты басқа, саясаты сұрқай еді.

Біз айшықтап атаған ХХ ғасырда қазақ көп құндылықты жоғалтып ала жаздады. Соның ең елеулісі – Наурыз мейрамы.

Еркіндік пен теңдікті аңсаған рухшыл елдердің намысын жанып, ұлттық ұстынын ажарландырар, түбі мен тегін, танымы мен тарихын еске түсірер, ұлыстың ұжданын шыңдайтын әз Наурызды кешегі ғасыр саясаты шектеді. Нақтырақ айтсақ, 1917 жылы Ресейдегі төңкерістен кейін әлем тарихымен бірге қазақ мәдениеті құлдырай бастады. Ақ патшаны тақтан тайдырып, Кеңес өкіметін орнатқан большевиктер 1926 жылы КСРО құрамындағы Орта Азия елдеріне қатаң тыйым салды. Наурызды тойлау түгілі атаудың өзі қылмыспен пара-пар болды. Неге? Өйткені бұл күні көкірегіндегі бозторғайдай жаны бостандық аңсаған елдер рухани ымыраласып, бірігіп кететін.

Алып территорияны иемденген, 15 елдің басын қосқан империяның сол кездегі «бас ал десе шаш алатын» большевиктері құрамдас елдің азаматтарынан «кеңес адамын» жасауды ең ұлы жетістік санады. Осылайша түркітектес елдердің ішінде қарға тамырлы қазақ ұлысын ерекше жіктеп алып, тұтас ұлттық болмысын жалаңаштауға тырысты. Орыстандыру саясатының ең өтімді жолы дәстүр мен діни шектеу деп тапқан сұм саясаткерлер 62 жыл бойы Ұлыстың ұлы күнін тойлатпай келді.

Иә, жоғарыда тілге тиек еткен ғасырлар көкжиегінде бізге дәл осындай қысым көрсетілген бе? Ұлт-азаттық көтеріліс, қолдан жасалған аштық, Алаш арыстарын қорғасын оққа таңған репрессия, Екінші Дүниежүзілік соғыс, Тың игеру деп жалғасып кете беретін мың сан кедергілерден азып-тозып шыққан ұлт түбінде жандану, жасану кезеңін бастан өткерері хақ. Аз ұрпақтың өзі ата дәстүрінен ажырамаса тамшыдан теңіз құралатындай түбінде шалқарға айналмай ма?! Ал дәстүрінен мақұрым қалса ше? Африканың байырғы тайпаларындай өз тілінде ең соңғы сөйлейтін, баба жолын ұстанар ақырғы адам секілді жарық ғаламнан құндылығын өзімен алып жоғалары хақ. Бірақ қанды қырғынға ұшыраған еліміздің азаматы да, халқы да, құндылығы да бүгінге жалғасқанына мың сан шүкірлік.

Шүкірлік айтқанымызбен кешегі қиын кезеңде құндылық үшін күрескен ұлыларды да ұлықтауымыз керек. Әдебиеттің «алтын ғасыры» саналған ХХ ғасырдағы ақын-жазушылар мен мәдениет қайраткерлері ел үшін, ұлт құндылығы үшін тынбай күресті. Солардың алғы шебінде Өзбекәлі Жәнібектің тұрғанын сан рет естіп, оқып келдік.

Жыл басында С. Керімбай мен Ә. Нәбидің «Өзбекәлі және Мәдени майдан» кітабын алып, парақтап-тарақтап шықтық. Бұл туындымен таныспай тұрып та Наурыз жайлы айтыла қалса Өзбекәлінің есімін, Ұлыстың ұлы күнін тойлау үшін жасаған ерлігін жиі еститінбіз. Зиялы қауым, Өзағаның көзін көрген қаламгерлер сүйсініп жырлайтын, тебіреніп толғайтын. Десе де қолдағы құнығып оқыған құнды кітап ретінде «Өзбекәлі және Мәдени майдан» туындысынан бірқатар мысал келтіруді жөн санадық. Әуелі 1987 жылы Мәдениет министрі, артынан Республиканың идеология жөніндегі хатшысы болған тұлға жайлы айта келіп, кітап авторы: «Билік тізгіні қолға тиген күні-ақ Өзбекәлі оны ұлт мүддесіне тиімді пайдаланды. Соның бірі – Наурызды қайтару операциясы», – дейді. Оған қоса Қонаевтың орнына келіп қазақ қоғамынан қысым көріп, пұшайман күйге түскен Г. Колбиннің халық алдында абырой жинауға аса мұқтаж болғанын, Өзағаның ішкі саясатының, төменнен талап түсіргенінің арқасында Наурыз тұрғысындағы ұсынысты амалсыз қолдағанын айтады.

Рас, бұл ретте Торғайды түлеткен, бабалар кесенесін жаңғыртқан, қазақ қыздарына жасалған қысымды алып тастауға күш салған, ұрпаққа теңдік алып берген, қазақтың мың жылғы жәдігерін топтастырған, қазақ өнер саңлақтарының есімін КСРО көлемінде танытқан Өзағаның өр екпіні мен аңсарынан бөлек, қарапайым ел де Наурызды асыға күткенін жасырмауымыз керек. Ел аңсап, тұлға талаптанғанның арқасында құндылық құм астынан шығарылғандай болды. Аттай 62 жыл жалпыхалықтық сипатта тойланбай келген (кейбір елді мекен, өңірде шағын аталып өткені болмаса) әз Наурыздың қайта түлеуіне сол кездегі қазақ қаламгерлерінің де үлесі болды. Десе де күллі операцияның тетігі Өзбекәлінің қолында тұрғаны анық.

Осылайша жарты ғасырдан астам уақыт ел жадында жаңғырғаны болмаса, тойланбай келген Наурыз мейрамы 1988 жылы қазақ қоғамымен қайта қабысты. Алғаш рет рухани астанамыз саналған Алматыда тойланды. Біз жоғарыда атаған кітапта Өзбекәлінің жары Қалихан апамыз: «1988 жылы Наурыз өткізерде Өзағаң қатты қобалжыды. «Не болар екен, қалай өтер екен?» деп түнімен ұйықтамады. 22 наурыз күні таңертең көшеде мерекелік көңіл-күй пайда болды. Далада серуендеген жұрттың көбі ұлттық киім киіпті. Жастар алтыбақан теуіп жүр. Көше мен саябақта қазақша ән айтылып жатты. Біз қазіргі Достық көшесімен жоғары көтерілдік. Кенет үлкен концерттік бағдарламамен әртістер керуені көш тартты. Керуеннің басында әдемі шапан киген, ақ боз ат мінген жас жігіт келеді. Бұл жігіт Мұхтар Шаханов еді.

1988 жылы Наурыз өткізуге тәжіктер мен өзбектер де ынта білдірді. Әлі есімде, сол жылы таудағы үйде тұрғанбыз. Кешке жақын Өзбекәлі жұмыстан келісімен телефон қоңырауы шырылдай бастады. Бәрінің наурызға арналған той жайында білгісі келді...», – деп толғанған екен. Ал Өзбекәлінің тұңғышы Ниетжан Өзбекстанның мәдениет саласының шенеуніктері Өзағаңа телефон соғып ала алмай жатқанын, әкесінен «бұрынғы тыйымды қалай сындырғаны» турасында білгісі келетіндіктерін сұрағанын айтады.

Расымен де Өзбекәлі Жәнібек секілді ұлт намысын ойлаған сол кездегі ымырашыл тұлғалардың арқасында Наурыз мейрамы түркі халықтарының ішінде бірінші болып қазақ ұлысында тойланды. Бізден кейін 2 жыл өткенде өзбектер, тәжіктер, 1991 жылы түріктер, түркімен мен қырғыздар тойласа, 1992 жылдан бастап иран мен әзірбайжандар тойлай бастады. Осы ретте біз мақаланың тақырыбын не үшін «Өбекәлі һәм Наурыз» деп алғанымызды «Өзбекәлі және Мәдени майдан» кітабындағы мына бір естелікпен жауап берейік: «...Өзбекәлі 9 ақпанда Идеология хатшысы қызметіне отырды.  Арада бір апта өтпей «Лениншіл жас» газетінің «Тікелей телефон» айдарында Мұхтар Шахановпен сұхбат болды. Онда Наурыз туралы мәселе көтерілді. Газетке көлемді мақала шығады. Өзбекәлі сол мақаламен ойда-жоқта танысқан болып, газеттің редакторы Уәлихан Қалижанды түсініктеме беру үшін өзіне шақыртады. Сосын наурыз айының басында Жазушылар одағында жиын болып, «Наурыз» мәселесі көтеріледі. Жиынға Өзбекәлінің өзі де қатысады. Зиялы қауымның ұсынысын жинаған болып, Г.Колбиннің алдына кіреді», – дейді. Міне, осындай тәсілмен Ұлыстың ұлы күнін қайтарған Өзбекәлілердің ерен еңбегін біз ұмытпауымыз керек. Осы ретте айта кетерлігі, Өзағаның бұл тәсілін тәжіктер де жүзеге асырып, «Маориф ва маданият» газетінің редакторы Буринис Бердиев наурыз жайлы мақала жазғаны, идеология хатшысына түсініктеме беріп, ақыры Тәжік Жазушылар одағында талқыланғаны, осылайша 1990 жылдан бастап ұлыстың ұлы мерекесін қайтарғаны кітапта көрсетілген.

Жалпы, Нұх пайғамбар заманынан бастау алатын Наурыз мейрамы қазақ үшін ғана емес, түркі халықтарына айрықша алқап айтар құндылық. Осынау мерекені заманында Тұрар Рысқұлов КСРО-ға мойындатса, екінші мәрте Өзбекәлі Жәнібек бастамасымен кең көлемде аталып өткенін ұмытпауымыз керек. Сонымен қатар Ұлыстың ұлы күні қияметке дейінгі құндылығымыз болып жалғаса беретінін де жадымызға тоқып, қанымызға сіңірсек игі еді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ