13 МЫҢҒА ЖУЫҚ БАЛА ҚАБЫЛДАНДЫ

Уақыты: 05.04.2024
Оқылды: 1105
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жаңа оқу жылында елімізде 370 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барады. Биыл бірінші сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 31 тамызға дейін жалғасады. Бұл жайлы ҚР Оқу-ағарту министрлігі ресми сайтында толыққанды ақпар берді.


Жаңа оқу жылына, яғни 1-сыныпқа қабылдау басталды. Бұл орайда ата-аналар баланың құжаттарын электрондық үкіметтің еgov.kz. веб-порталы арқылы тапсыра алады. 

Аталған науқан барысында облыстық білім басқармасымен хабарласып, ақпарат алдық. Аталған басқарма мамандарының айтуынша, 1-сыныпқа алты жасар және биыл 6-ға толатын балалар қабылданады. 

Жетісу облысы бойынша 13 мыңға жуық баланы мектепке қабылдау жоспарланып отыр. Осы ретте жалпы ата-аналар баланың құжаттарын egov.kz немесе e-zhetysu.kz электронды қызметтер порталы арқылы тапсыра алатынын айта кеткен жөн. Сонымен қатар қажетті құжаттар тізбесіне ата-аналар өтініші (немесе оларды алмастыратын тұлға), баланың №065у формасындағы денсаулық жағдайы туралы анықтама, 026/у-3 баланың денсаулық паспорты және екі дана 3*4 фотосуреті қажет екенін оқырман назарына ұсынып отырмыз. Ескере кететін дүние, өтініш демалыс және мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбіден жұмаға дейін қабылданады. Ал қосымша сұрақ туындаған жағдайда  аудандық, қалалық білім бөлімдеріне, облыстық білім басқармасының сall-орталығына хабарласуға, ақпаратты жан-жақтылы алуға кез келген тұлғаның мүмкіндігі бар.

АРДА БИ