АЙТЫС МЕКТЕБІ ЖАНДАНАДЫ

Уақыты: 15.04.2024
Оқылды: 490
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Әдебиет пен мәдениеті өрістеген елдің өркениет көшінен алар орны салмақты болмақ. Күні кеше Жаркент жеріндегі рухани үрдісті жандандыру мақсатында әрі қордаланған мәселелерді шешу үшін айтыс ақтаңгері Айтақын Бұлғақов бастаған жетісулық ақындар аудан әкімі Марат Сағымбектің қабылдауында болды.


Жазиралы өңірдің топырағынан нәр алып, қазақ әдебиетіне олжа салған қаламгерлер ішінде майдақоңыр мінезімен, мөлдір әлемімен, жақұт жырларымен есте қалған Әбен Дәуренбековке биыл 85 жыл толып отыр. Осынау мерейтой қарсаңында аудан басшысына тілек айта келген Айтақын Бұлғақов, Жангелді Немеребай, Мұхтар Күмісбектер шайырға шырайлы шара ұйымдастыру арттағылардың парызы екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, Асылақын Қалиев, Жандарбек Бегімбетов, әкелі-балалы Бұлғақовтар шыққан топырақта ашылмай жатқан таланттардың бары айтылып, оларға жыршы-жыраулар мектебінен дәріс алу мүмкіндігін қарастыру мәселесі көтерілді.

Ақындардың тілегін тыңдаған Марат Сағымбек алдағы уақытта Әбен ақынға арнап облыс көлемінде ақындар мүшәйрасын ұйымдастыратынын, Мәдениет үйі мәселесі де жолға қойылғанын жеткізді.

«Топырағынан текті үзілмеген жерде ақындар мектебін қайта жаңғырту керек деген тілектеріңізді құптаймын. Сөз асылын Алашына ұсынар ақындарды баптап, жыраулық жолға салудан игі іс жоқ. Сондықтан бұл ұсынысты қуана қуаттаймын», – деген аудан басшысының уәдесін алған жетісулық жүйріктер өз кезегінде шегара шебіндегі 12-40 жас аралығындағы жазба және айтыс ақындарымен жолықты. Ниеттерін байқап, тілектерін тыңдасты.
Айта кетерлігі, көп ұзамай айтыс мектебі жанданады деп күтілуде. Оған Талдықорғандағы, еліміздің түкпір-түкпіріндегі ақындар арнайы келіп, дәріс оқитын болады.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Панфилов ауданы