Қазақстан Жазушылар одағының тұңғыш төрағасы, драматург, прозаик, ақын, фельетоншы, сатирик, журналист, аудармашы және қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіровтің 130 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция «Тау тұлғалы Ілияс» деп аталды. Шараны Ілияс Жансүгіров атындағы музей ұжымы ұйымдастырды. Алдымен ақын ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, студенттер өлең оқыды. Тағзым етілгеннен кейін Ілияс Жансүгіров атындағы университетте ілиястанушылардың ізденіс, зерттеу жұмыстары тыңдалды.
Тағылымды шараны облыстық мәдениет архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов жүргізді. Облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев жиналғандарды ақынның мерейтойымен құттықтап, тарихты зерделеудің болашақ үшін атқарар жүгінің салмағына тоқталды. Салтанатты шараның ашылуында Жетісу университетінің ректоры Ермек Бөрібаев алыстан ат арылтып келген рухани әлемнің өкілдеріне алғыс айтты.
Конференцияда Мұратбек Иманғазыновтың «Ілияс Жансүгіров» атты монографиясы, Мұратбек Иманғазынов пен Нұргүл Жауынбаеваның Ілияс Жансүгіровтің «Өтірік өлеңдер» атты өлеңінің аударылған нұсқасы, Саят Ілиясұлының әкесі жайлы жазылған естеліктері мен сұхбаттарынан құрылған жинақтардың тұсауы кесілді.
Конференциядағы алғашқы «Құлагер» поэмасындағы эмлционалды бірліктердің стильдік ерекшелігі» атты баяндаманы филология ғылымдарының кандидаты Ерлан Қасенов жасады. Ол: «Кез келген көркем туындыда белгілі бір кейіпкердің мінез-құлқын ашу мақсатында автор эмоционалды бірліктер мен эмоционалды мәнге ие болатын сөздер қолданады. Бұл өз кезегінде туындының көркем, тартымды болуына ықпал етеді. Біз қарастырып отырған Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасында адамның ішкі эмоциясына қатысты тілдік бірліктер молынан ұшырасады. Ақын эмоционалды тілдік бірліктерді қажетті тұсында қолдану арқылы мақсатты ойын дәл жеткізеді. Мысалы, ақын «Құлагер» поэмасының:
Сопылар тәспі тартып, құман ап жүр,
Әр үйге «Аллай хақ» деп дуана жүр.
Кемпірі Сағынайдың опыраңдап,
«Кет-кет!» деп дуананы қуалап жүр («Құлагер» поэмасынан) – деген шумағында қазақ қоғамындағы адамдар қарым-қатынасының әрбір қимылын, әрбір көрінісін, әрбір құбылысты кең ауқымда көрсетеді. Ақын кейіпкерлер тіліне «Аллай хақ», «кет-кет» тілдік бірліктерін қыбын тауып қиюластырып, сол кезеңдегі тұрмыстың шынайы көрінісін, психологиялық ахуалын көз алдыңызға әкеледі. Әлбетте, бұл тілдік бірліктер жеке дара тұрғанда ерекше бір көңіл-күйді білдірмегенімен өлең өрімінде айрықша эмоционалды мәнге ие. Ал ақынның:
Хан қабан – халық құлағын бұрап тұрған,
Бүйі би – билеп-төстеп сұрап тұрған.
Қор қылып ақ алмасты отқа көсеп,
Жүз-жүз жар теңін таппай жылап тұрған.
Қанды кек ел арасын ушықтырған,
Қорқауды қол табылмай тұмсыққа ұрған.
Асыл ер, арманда жар опық жеген,
Албасты әлсіз жанды тұншықтырған,–
деген жолдарында да қоғамды жайлаған жайсыз жайттардан хабардар етеді. Тіпті, қазақы танымда жағымсыз образды білдіретін «қабан», «бүйі», «албасты» тәрізді экспрессивті-эмоционалды мәндегі тілдік бірліктер пайдаланылып, әсерлеушілік, бейнелеушілік мәнді күшейтіп тұр. Ақынның ханға қабанды, биге бүйіні балама ретінде ала отырып, бейнелі түрде беруінің өзі тілдік талғамның жоғарылығын танытады»,–деп ақын поэмасының стильдік ерекшелігіне тоқталды. «Жансүгіров және архив» деген баяндаманы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторанты, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Насихат Набиолла жасады. Ол ғылыми жұмысында І. Жансүгіровтің Орталық мемлекеттік мұрағатта сақталған шығармаларына, халық арасынан жинап, жүйелеген фольклорлық мұралар мен халық ақындарының туындыларына шолу жасады.
«Ақын өзінің жазған-сызғандарын сұрыптап отырған. 1920 – 1932 жылдары жазылған өлеңдерін саралап, тақырыптары бойынша «Тәуірі», «Нашары» деп екі бағанға топтастырған. Ол «1924 жылдың басындағы кітаптарым» деп қазақ және орыс жазушыларының шығармасымен қатар кейбір сөздіктер де қамтылған 26 кітаптың тізімін жазып қалдырған. Бұдан біз ақынның өз кезеңінде баспа бетінде жарық көрген дүниелердің барлығын көзден таса қылмағанын көреміз. Баспасөз материалдарымен қатар жаңа кітаптарды да қарап, олармен танысқанын білеміз. Ілиястың ел аузынан жазып алған тапқырлық, шешендік сөздері мен қағытпа, әзіл-қалжыңдары бір төбе. Халықтық толғау, терме, қара өлеңдері де жетерлік. Ілиястың ел аузынан жинап жариялаған мәтіндерінің бір парасы: «Жалайыр Қабан ақынның ұрылармен қақтығысуы», «Тезек төре мен Бүйембай ақын», «Тезек төре мен Бақтыбай ақын», «Құлмамбет пен Түбек ақын» айтыстары да жазып алынып, сақталған» – деп ақын халық мұраларын жинап қана қоймай кейбір үлгілері туралы зерттеу мақала да жазғандығына да тоқталды. Насихат Набиолла Ілекеңнің «Ән, әншілер жайында» және «Қазақ күйлері жиналсын» деген мақаласын зерделеді. Ақын осы салада ерекше еңбек еткен Александр Затаевичтің еңбегін айрықша бағалағандығына мысал келтірді. Оны жыл құсы деп атап, осындай өнер қайраткерлерін ұтымды пайдаланып қалу керек деген. Сондай-ақ зерттеушінің Қарқаралы жақтан жазып алған халық күйлерінің бірнешеуінің атын атайды. Затаевичтің ел аузынан жинап бастырған мың әнімен қатар күйлерін де санамалап көрсетеді. Бірақ ақын оның жинап, жариялап жүргені тек үлкен қазынадан «өнгені» ғана деп, ел арасында жиналмай қаншама мұраларымыздың жатқанын, оны тездетіп жинамаса айырылып қалатынымызды ашық айтады. Мақаланың басында «елде не көп, ән көп, әдебиет көп, күй көп. Бірақ біз ел әдебиетінің, ел өнерінің бәрін де жинап, жеткізе алмай жатырмыз. Ел өнері – бізде әлі де ақтарусыз жатқан дүние»,– дейді.
Ақын заманның өзгеруіне, елдің жұмысбастылығына байланысты халық мұрасының да ескерусіз қалғанына күйініш білдіреді. Сондай-ақ, күйші қарттардың азайып кеткенін, көп күйлердің олармен бірге келмеске кетіп бара жатқанын тілге тиек етеді. «Біздің елде ертеректе Тойтан деген бір шал қырық күй тартады екен. Ол күйлердің біреуін де бұл күнде ешкім білмейді. Тек күй аттарын ғана айтып аңыз қылысады. Сөйтіп Тойтан өлімі қырық күйді ала кетіп отыр. Жалғыз Тойтан емес, домбырашылар, күйшілер күйімен бірге құндылық жоғалып жатыр. Елде жастан домбырашы шығу, жаңадан күй шығу өте сирек», – дейді. Газет беттерінде күй аты, оның мазмұны, күйшілер туралы жазылу керек деп атап өтеді. Сондай-ақ, өзінің ел аузынан жинаған қырыққа тарта күйінің, Манарбек Ержанов білетін отыз күйдің атын атап көрсетеді. Газет беті тарлық ететіндіктен тек аттарын ғана атап отырғанын еске салады. Ақын өзі жинаған күйлерінің географиясын да айта кетеді. Бұл күйлердің Балқаштың екі мүйісінде отырған тобықты мен матайлардың арасында ғана тараған күйлер екенін жазады. Сөз арасында өзі мен Манарбектің жиған күйлерінің арасында аты ұқсас күйлер болғанымен олардың тарту мәнерінде өзгешеліктердің де бар екенін атап көрсетеді. Бұдан басқа жалпы қазақтың күйі де қазірге дейін атаусыз, ақтарусыз жатқан қазына екенін еске салады.
Конференцияда Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті филология ғылымдарының докторы, профессор, «Ілиястану» ғылыми-практикалық орталығының меңгерушісі Мұратбек Иманғазинов « Ілияс – қарасөз шебері» атты баяндама жасады. «Қай ақын-жазушы болмасын шығармасының айшықты, көркем, сонымен қатар шындыққа жанасатындай реалды түрде шығуы үшін оған негіз боларлықтай түйін, идея, сюжет іздейтіні белгілі. Ілияс еңбектері «Оқшау сөз», «Шашауша», «Әзіл-оспақ» рубрикаларымен жарыққа шықса, өлеңдері мен әңгіме-повестерін көбінесе Матай, Құйқалық, Балгер, Таңқыбай, Жа-жа, Сақа, Ағын, Салпаңқұлақ сияқты бүркеншек аттарымен шығаратын. Сонымен қатар Ілияс Жансүгіровтің шығармаларына тақырыбы мен мазмұнына сәйкес орынды да ұтқыр тақырып таба білу шеберлігі ерекше екендігін атап өту қажет. Әр өлең, повесть-әңгімеге жақсы тақырып қою да шеберлікті қажет етеді. Ол оқырманды туындыға тарту үшін де қажет. Сонымен бірге, тақырып атының қысқа, қарапайым, образды, күлкілі, идеясына лайықты, астарлы болуы оқушыны қызықтырады. Бұл жағынан келгенде Ілиястың алдына жан салмайтын шебер екендігі белгілі,–деді зерттеуші Ілиястың қара сөздің шебері екендігіне тоқталып.