Өнерсүйер күллі қазақ жұрты үшін жазиралы Жаркент елі мен жері дегенде ең алдымен еске түсер айшықты екі есім бар. Оның бірі қазақ бейнелеу өнерінің көшбасшысы, Халық суретшісі Әбілхан Қастеев. Ал екіншісі табиғат берген ерекше әсем дауысымен, дара сазгерлігімен, дәстүрлі орындаушылық қарымымен күміскөмей әнші атанған Қазақстанның Халық әртісі Дәнеш Рақышев. Қазақ халқының өнер әлеміндегі алтын қорынан мызғымас орын алған бұл екеуінің есімдерін мақтан ету мен атақ-даңқын ардақтау жерлестеріне дәстүрге айналған қасиетті қағида.
Шіркін, әсем әні халқының құлақ құрышын қандырған Дәкең тірі болғанда биыл мамыр айында жасы 90-ға толып, туған елін той-тамашаға бөлер еді. Оның бұл дүниеден өткеніне де ширек ғасырға жуықтап қалыпты.
Артына өлмес өнерін қалдырған асыл бейненің мерейтойын кіндік қаны тамған жұрты ескерусіз қалдырмайды. Биыл жазиралы Жаркент өңірінде Халық әртісі Дәнеш Рақышевтың 90 жылдық мерейтойына бағышталып, бірқатар іс-шаралар өткізілмекші. Солардың қатарында спорттық жарыстар, оқу орындарында, ауыл сахналарында ұйымдастырылатын ән-сауық кештері, аудан көлеміндегі талапкер әншілердің «Ән салсаң Дәнештей сал» атты дәстүрлі байқауы бар. Қызы Гүлнар Дәкең туралы естеліктерді жинақтап, кітап шығармақшы.
Өнерде оза шауып, көмбеге дара келу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Бағы жанып, бабы келіскен және сол екеуін басынан тайдырмай еңбектене білген жандар некен-саяқ. Солардың бірі күміскөмейден төгілген әсем әуендерімен, орындаушылық шеберлігімен тамсандырған дарабоз әнші Дәкең емес пе еді. Сол Дәнеш Рақышевтың әуелеген әндерін көзбе-көз отырып тыңдап, бірнеше мәрте дәмдес болғанымды мен де мақтаныш етемін.
Соның ерекше бір мәндісін оқырман қаперіне салайын.
...Мамыр айының соңғы күндерінің бірі болатын. Алма, өрігі гүлдеп, кең көшелеріндегі шынар ағаштары жапырақ жайып үлгірген Жаркенттің күні ысып, шыжып кетіп еді. Ол кезде аудандық «Жаркент өңірі» газеті редакторының орынбасары қызметін атқарып жүргенмін. Түскі үзілістен келіп, салқын бөлмеде дем басып, желпініп отырғанда есік ашылып, сол кездегі Талдықорған облыстық «Жерұйық» газеті бас редакторының орынбасары марқұм Қанат Асқаров пен республикалық «Халық кеңесі» газетінің Талдықорған облысындағы меншікті тілшісі Талғат Батырханов кіріп келді. Бұрын облыстық газетте бірге жұмыс істеген, сыйластығымыз ерекше, көптен көріспеген ескі достар құшақтасып амандасып, мәре-сәре болдық та қалдық.
– Дәнеш аға да осы жақта жүр деп естідік, көрдің бе? – деді, сәлден соң Талғат.
Мен бұл жаңалықтан хабарым жоғын айттым.
– Мырзаш, жолдан әбден шаршап келдік, бір жерден шай-пәй ішсек жақсы болар еді, – деді Қақаң мені өзімсініп.
– Оған әңгіме бар ма, жүріңіздер, үйге барып Сайраштың шайін ішеміз, – дедім.
Содан Қанат Асқаровтың бес орынды «Уазигіне» отырып біздің үйге келдік. Салқын кең бөлмеге дастарқан жайылып, Алтынемел асуын асып, алыс жолдан келген достар шөл қандырып шай ішті. Сайраштың тамағы да көп күттірмей дайын болып, ауқаттана отырып әңгіме дүкеніміз қыза түсті. Бір-бірімізден көз көрген, көңілі жақын ағайындардың амандығын сұрасып отырған сәтте үйге аудандық газеттің редакторы Нұрәділ Бегімбетов кірді. Ол Талдықорғаннан келген жігіттердің осында екенін естіп келіпті.
– Сіздердің келе қалғандарыңыз жақсы болды, Талдықорғаннан Дәнеш Рақышев, Рахила жеңгем, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Кемел Құсайынов келіп еді, Жаскенттегі сыйханаға екі мәрте Еңбек Ері Николай Головацкий қонақкәде жасатып отыр. Қазір осы отырғандар түгел сонда барайық, – деді.
Бәрімізге Дәнеш ағаның жөні бөлек болатын, мына хабарға қуана келісіп, Нұрәділдің соңынан ердік. Біз сол кездегі атағы Одаққа аспандап тұрған, екі мәрте Еңбек Ері Николай Головацкий басқаратын «Қазанның 40 жылдығы» агрофирмасының орталығы Жаскентке жеттік.
Уақыт бесін мезеті еді. Жақында салынып, пайдалануға берілген зәулім Мәдениет үйінің сәнді бағында, кешкі салқында Дәкең, қасында ақын Тоқбай Исабеков, агрофирманың ең үлкен өндірістік бригадасының басшысы, Дәкеңнің сыйлас інісі Тұрғанғазы Жапарқұлов ақсақал және агрофирма төрағасының орынбасары Мәлік Балғабаев, Кемел бар, бәрі әңгімелесіп, серуендеп жүр екен. Бәріміз жапатармағай әнші мен ақынға, басқаларына амандастық.
– Қанат, айналайын, бір қалада тұрсақ та бүгін Жаркентте кездескеніміз жақсы болды-ау, – деді Дәкең әдеттегідей риясыз ақ көңілімен інісіне әзілдеп.
Осы кезде Мәлік Балғабаев бәрімізді дастарқанға шақырды. Талай ұлан-асыр той өткен, атшаптырым кең мейрамхананың бүйіріндегі шағындау банкет бөлмесіне мол дастарқан мәзірі әзірленіпті. Төрге құрметті қонақ Халық әртісі Дәнеш Рақышев пен зайыбы Рахила жеңгеміз жайғасты. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Тоқбай Исабеков осы шаруашылықта «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болатын. Арғы жақта да, бергі жақта да әншімен үзеңгілес бірге жүрген серіктері Тұрғанғазы ақсақал мен Тоқбай ақын тым көңілді. (Оқырманға түсінікті болуы үшін айта кетейін, Дәкең, Тоқбай, Тұрғанғазы өткен ғасырдың елуінші жылдарының орта шенінде Қазақстанның азаматтығын сақтағандар қатарында Қытай жерінен елге бірге оралған).
Осы жолы Жаркентке әншінің отбасымен бірге келген облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Кемел Құсайынов әзілқой әдетімен Тоқбай ақынды жездесініп нешетүрлі қалжыңдарын ағытып отыр. Тоқаң да қарап қалсын ба, жанға жайлы орынды әзілге ішек-сілесі қатып күліп, өзіне ғана жарасатын әдетімен санын бір соғады да, балдызына өлеңдетіп жауап береді. Алғашында Дәкеңнің атақ-даңқы, үлкендігі мысымызды басқан Нұрәділ екеуіміз де әншінің жарқын жүзінен көңілге демеу тауып, еркінси бастадық. Даяшы қонақтарға шай құйса, біз көңіл көтерер басқасын құйып, үлкендерге құрақ ұшып қызмет жасап отырдық.
Осы кеште Дәнеш Рақышев шырқаған қайсы ән болсын құлақ құрышын қандырып, көңілге жел бітіріп, жасыл белде желіп бара жатқандай сезімге кенелдік.
Әркім Дәкеңнен ебін тауып, жаны қалайтын әнін сұрайды, сөйтіп отырғанда қатарынан үш-төрт ән шырқалды. Арагідік орнымыздан тұрып, сөз сөйлеп, қонақтарға арналған тілегімізді айтамыз. Әсем сөзбен әспеттелген жақсы тілектер, жарасымды әзілдер әнші мен облыс орталығынан келген ағайын азаматтарға арналуда. Шіркін-ай десеңші, Дәкеңнің осы жолы туған жермен, елімен тіршілігінде соңғы рет қоштасуға келгенін біз түгілі өзі де сезбеген болар.
Бәз-баяғы қалпында, үлкенмен де, кішімен де ақжарқын әңгімелесіп, ән салғанда дауысын әуелетер тұста жүзінен сәл қиналыс, қабағын шытыну байқалса да, онысын қасындағыларға сездірмей «Аңшының әнін», «Саясында алманың», «Балжанайын» шырқап, туған жер аспанын қорғасындай балқытып, тыңдағандардың құлақ құрышын қандырып отырды. Әр ән айтылған сайын оның өмірге келу тарихы, әуені мен сөзінің ерекшеліктері, тыңдағанды тамсандыратын оқиғалар айтылып, Тоқбай ақын мен Тұрғанғазы ақсақал арғы жақ пен бергі жақта Дәкеңмен бірге өткізген күндерін еске алысады. Арасында артта қалған жастық шақтың қайта оралмас қызықты, қимас сәттері ойларына орала ма, қысқа үнсіздік билейді.
Осындай ән тоқтап, әңгіме толас тапқан сәтте әншіге мен де бір қолқа салдым. Дәкең шырқайтын әндердің ішінде «Баянауыл» құлағымнан көптен кетпей жүрген. Оны бұрын өз үйімде Ғалым Жазылбековтің домбырамен орындауында тыңдап, сөзі де, әуені де жүрегіме жылы ұялаған. Әншінің өз орындауында бір тыңдар ма еді деген арман-тілек те мазалайтын. Осы тілегімді Дәкеңе жеткізгенімде дауысым дірілдеп кетсе керек, барша қауым маған аңтарыла қарады. Әз аға, әнші аға «Шын тілегің сол болса, орындайын» дегендей күлімсіреп, қоңыр домбыраға қолын созды. Шай мен пәй араласып шекелері тершіген басқалар да абыр-дабыр әңгімелерін тоқтатып, сілтідей тынды.
Пай, шіркін, «Баянауыл» нағыз сағыныштан сарытап болып, елегзіген көңілдің көрінісі дерсің. Оны Халық әртісі Дәнеш Рақышевтың өзі орындағанда көз алдыңа қиян таудағы жалғыз киіз үй, оны тынымсыз сабалаған нөсер, ұйқысы қашып, ғашығын сағынған жас жігіт елестейді екен. Жаны қалаған сүйген жарға жете алмай, көңілі құлазыған сері жігіт мұңға толы әнмен басындағы бұлтты сейілткісі келеді. Бірақ басқа түскен тағдыр тауқыметі оған жеткізбейді. Ән аяқталғанша көңіл көкжиегін осындай ой-елес аралап өтті.
Әнші домбырасын орындық жақтауына сүйеп, орамалын алып тершіген маңдайын сүрткенше дастарқан басында отырғандар сілтідей тынып, мұңды әннің әсеріне арбалды. Осы тыныштықты бұзған біреу (анығы есімде жоқ) Дәкеңнің туған елге көптен концертпен келмегенін айтып қалды.
– Келемін, жақында осы жақты аралап, елге жаңа бағдарламамызды көрсетпекпіз. Осы жолы ел азаматтарымен соның жайын келісіп кетпекпін, – деді Дәкең.
Бірақ дүлдүл әнші туған жер, өскен елге қайтып келе алмады. Сол Жаскенттегі жанға жайлы кештен соң он күн өткенде Талдықорғаннан Жаркентке «Әнші Дәнеш қайтыс болды», – деген суық хабар жетті...
Мырзағали НҰРСЕЙІТ