САҒЫНЫШЫМ - САРЫ ДАЛА

Уақыты: 28.01.2019
Оқылды: 2420
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

   Ақынның жаны сағынышқа шөлдеп, аңсауға толған. Сол сағыныш сыршыл да мөлдір өлең боп тұнып, жүрегін сыздатып, көңілін толқытады. Шынайы һәм нәзік те терең сезімнен туған жырлар да өміршең болмақ.

 

...Айшажан, Құлжа қалай, 
Құлжа қалай,
Бауырмал жан бар ма екен 
қыз баладай?!
Құлжада мөлдіреген өлең қалды,
Айша қалды көзінде тұнған арай.
Айшажан, Құлжа қалай, Құлжа қалай,
Қиялым қанат қақты шыңға қарай.
Жоғалған жайлаудағы жастығымның, 
Жете алмай маған қолын 
бұлғағаны-ай...
Айшажан, Құлжа қалай, Құлжа қалай,
Жүрегім Құлжаны ойлап 
сыздағыны-ай.
Іленің толқынындай ойнақ салып,
Кеудемде бір сағыныш тулағаны-ай...

Ақын Айшамен сырласа отырып,  сағынышы мен мұңын,  күрсінісін, айтар ойын тұспалдап  жеткізеді. Өн бойы сағынышқа өрілген өлең тұтас ұлттың екіге жарылғанын аңдатады. Ақиық Мұқағалидың Фаризаға мұң шаққанындай Айша қарындасына жан сырын ақтарады. Әбдіғани Бәзілханұлы жырларының дені дәстүрлі,  халықтық поэзия үлгісімен үндеседі,  кестелі тіл,  суреткерлік шеберлігі арқылы ұлттық рең береді. Мәселен,  «Сағындым» атты толғауы түгелдей салт-дәстүр, әдет-ғұрпын берік ұстанған ұлтымыздың болмысы мен тыныс-тіршілігін жеткізетін этнографиялық туынды. 
Сағындым саф ауасын бай даланың,
Сағындым бұлбұл құстың 
сайрағанын.
Қойшының таң сәріде қорасынан,
Сағындым қойды өріске айдағанын.
Саятшы түлкі алдырып бүркітіне, 
Сағындым қанжығаға байлағанын.
Сары таңда ән салғанда иісі аңқып,
Сағындым қазы-қарта қайнағанын.
Әжесі желге айналып кетпесін деп,
Сағындым немересін майлағанын... 

Бір оқығанда таптаурын ұйқас, қарабайыр болып көрінгенмен уақыт сахнасынан, қазақ өмірінен алшақтап бара жатқан қаншама құндылық жатыр десеңізші? Біздің де сағынарымыз осы. Мейірім жұтылып, ізгілік жырақтап бара жатқан ғасырда ақын жаны нағыз қазақты сағынады. Әбдіғани поэзиясындағы сағыныш сарыны – жан сыры, жүрек лүпілі, азаматтық үні. Әсіресе,  «Қарлығашы жоқ көктем» өлеңі ешкімді бей-жай қалдырмасы анық. Қарлығашын күткен ақын бүгінгі күннің тынысын, заман арпалысын, бірін-бірі сағынған ағайынды, ұясына оралмаған жыл құсын ақындық тілмен бейнелеу, теңеу арқылы ұғындырады.
Бақыт күтіп сенің келер күніңнен,
Үмітімді жалғап жүрмін үзілген.
Қыбыр етпей құс жолына телміріп,
Жанарымды сабақтаймын үзілген, –
деп күрсінеді. 
Әбдіғани Бәзілханұлының өлеңдерінің өзегі сағыныш деп  айтуға болады. Туған жерге арнаған өлеңінде:
«Елжіреген сағыныш боп таңылып, 
 Өзегімді өртедің-ау, өртедің» десе, «Қарттарым мені сағынып жүр ме екен» деген жырында:
Сұлу көктемдей тағы бір гүлдесем,
Қарабет ұл дер қадірін білмесем.
Тамсана тыңдап, таңға жырлаған,
Қарттарым мені сағынып жүр ме екен?, 
– деп толғанады. Өмірден озған ана рухы алдында: 
«Сағыныш жүректі езіп елжіреткен,
 Анашым тағы да жоқ, келді көктем.
Адал перзент болдым деп есептеймін,
Адамдықтың жалауын желбіретсем, 

– деп жырлайды. 
 Ақын өмір шындығын,  сағыныш сарынын көркемдік ой тәсілі, эстетикалық талғам, парасат-пайым биігі арқылы жеткізеді. Ақындық қуатын пайдалана отырып құнарлы сөздің көркемдігін арттырады. «Қонақтаған мөлдір шықтар түнімен, ағып түсті бұталардың бүрінен»,  «Күміс өзен шағылысып күнменен, күмбір-күмбір шертіліп тұр күй деген», «Кеудемдегі қара өлеңнің тұнбасы, көмейімнен бұлақ болып  төгілген»,  «Дірілдеп жетім жапырақ, қуысқа барып тығылды», «Арман аққан өзеніңнің толқыны, қызыл қаным тамырымда тулаған» деген тіркестері сөзімізге тұздық. «Аңғалақтап ағып  барад бір жұлдыз,  менің аңғал шақтарымдай аңсаған,  Қап-қара түн мақпал қара шашыңдай, қап-қара түн кірпігіңдей қадалған» деп  өрнектелген ақынның «Түн» деген өлеңі кілең теңеу, метафораға құрылған.
 Өлеңдерінен ішінара «Туған тілін түсінбейтін адамның,  білмегені өзі туған анасын» деген сияқты афоризмге айналар өлең жолдары да ұшырасатыны кәдік.
 Ақын шығармашылығы туралы белгілі ақын Айтақын Әбдіқал: «Өлеңдерінің тілі жатық. Айтар ойы анық. Тақырып ауқымы кең. Мысалы: 
Мен ақынмын, құрғамаған көз жасым,
Қорғаштаған жан емеспін өз басын.
Қоңыр тағдыр, жүрсемдағы күн кешіп,
Жырмен сүрттім мұңлылардың көз жасын,
– деген жолдарға назар салыңызшы. Нағыз ақын айтатын сөз. Қалмагердің жан сыры бар», – деп  оң бағасын береді. Әбдіғани өлеңдерін жан-жақты талдаған профессор,  әдебиеттанушы Темірхан Тебегенов: «Поэзия – өмір келбетінің көркем шындықпен өрнектелген болмысы. Әбдіғани – ақын. Оның поэзиялық шығармашылығы бірнеше салаларым ен ерекшеленеді: біріншісі – жазба классикалық дәстүр негізіндегі лирикалық өлеңдері; екіншісі – ауызша авторлық поэзия дәстүріндегі арнау мен толғау жырлары; үшіншісі – әралуан сарынды ән-өлеңдері. Әбдіғанидың азаматтық лирикасындағы өршіл рухты өлеңдері ананы, туған жерді, атамекенді, қазақ тілін, желеп-жебеуші Жаратушыны т.б. қазақ ұрпағын мәңгі рухтандырып келе жатқан асылдарды ардақтай жырлаған. Мысалы: «Мен ақынмын», «Тауыма бардым», «Жаман шал», «Өлеңім менің, өлеңім», «Сары дала», «Мен туралы», «Болашақ ата-аналар кім болады?», «Ақын болу осынша ғаламат па?», «Ана», «Ана тілім», т.б. өлеңдердегі лирикалық-қаһарманның туған халқы, ұрпақтары алдындағы әлеуметтік міндетін сезінуі, орындауы тұрғысындағы толғаныстары – қазақ тілінің қазіргі және болашақ тарихи өрлеу мұратын сезіндіреді», – деп атап көрсетеді. 
 Әбдіғани Бәзілханұлы қалың жұртшылыққа ең алдымен айтыскер ақын ретінде танылған талант. 1986-2008 жылдар аралығында сан додада суырыпсалмалық қабілетімен оза шауып, ағайынның қошеметіне бөленген, «ШҰАР-ға еңбегі сіңген әйгілі ақын» атағын алған жүйрік. Оның арғы бетте даңқы шыққан дарын иесі болғандығын қандастар арасына барғанымызда айқын аңғардық. Арқалы ақынына деген ықылас-пейілдері мен сүйіспеншіліктерін көріп тәнті болдық. Авторлық ән-термелері де ел ішінде кең тарағанын айта кеткен орынды. Қытайда түрлі лауазымдық қызмет атқарған ол 2004 жылы сәуірде атамекенге қоныс аударды. Бойындағы білімі мен өнерін, азаматтық ұстанымын көрсете білген ақын тарихи Отанында қайраткерлігімен танылды. Көрнекті ақын Таңжарық Жолдыұлының әдеби мұрасын насихаттауға арналған республикалық «Таңжарық оқуларының» ұйымдастырылуына қолдау көрсетті. Талғар ауданы Нұра ауылдық Мәдениет үйінің директоры болды. Жетісу жеріндегі жас таланттардың танылуына ықпал етті, жол көрсетті. Елім деген ерін елі де ардақтады. Өзі қызмет атқаратын «Талғар ауданының Құрметті азаматы» атанды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» мерекелік медалімен,  Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» және «Отан патриоты» медальдарымен марапатталды. 
 Әбдіғани Бәзілханұлы Талғар аудандық мәслихатының V-VI шақырылымының депутаты, қазіргі кезде облыстық, мемлекеттік банк және әлеуметтік сала қызметкерлерінің салалық кәсіподағы бастығының орынбасары, Талғар аудандық мәслихатының депутаты, аудандық «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі қызметін атқаруда. Жырларында сағыныш кернеген,  көңіл пернесін тербеген Әбдіғани ақын биылғы ердің жасы елуге толатын мерейлі жасында «Күміс өзен күмбірі» атты жыр жинағын талғампаз оқырманға ұсынып отыр. «Сағынышым – сары дала» атты шығармашылық кешін өткізіп, ел-жұртына тың туындыларынан тарту жасап, сазгерлік қырын да паш етпек. Тәуелсіз елі      міздің келешегі жолында тер төгіп  жүрген азаматтың қарбалас қызметте жү рсе де қолынан домбырасы мен қаламы түскен емес. Өйткені, оның жаратылысы ақын.
Өлеңім менің, өлеңім,
Тәңірім берген өнерім.
Өзіңсіз мынау өмірге.
Жоқ шығар, бәлкім, керегім

– деп ағынан жарылған ақынның өлеңіне өріс, өнеріне жеміс, өміріне баянды бақыт тіледік!

Серік Әкірамұлы,
 Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері