БӘРЕКЕЛДІ! ТАЛДЫҚОРҒАНДА МЕДИЦИНАЛЫҚ ЕРЕКШЕ ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Уақыты: 10.03.2023
Оқылды: 2294
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Облыстық перинаталдық орталық базасында өмірге дені сау ұрпақ әкелу,  балалар арасында аурушаңдық пен мүгедектікті уақытылы диагностикалау және кеселдің алдын алу мақсатында  ұрықты қорғау орталығы ашылды.

 Аталған орталықтың артықшылығы сол – ол нәрестені туа біткен даму кемістігінен сақтап, өлімін азайтады. 

Дәлірек айтқанда, орталықта жүкті әйелдерге ультрадыбыстық және биохимиялық скрининг жасалып, генетиканы зертеушілер мен акушер-гинекологтар кеңес береді.  Ұрықтың даму патологиясы анықталған кезде дәрігерлер өзара ақылдасып, әйелді босандырудың жоспарын жасайды. Тәуекел топтағылардың жүктілік кезін қалай өткізуі керектігі жайлы  кеңеседі. 

Сонымен қатар, орталықта  ұрықтың анықталған патологиясын растау үшін ультра дыбыстық зерттеу диагностикасы пайдаланылады.

 Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары  Айгерім Лебаева орталықтың ультрадыбыстық және биохимиялық скрининг жүргізу үшін қажетті жабдықтармен жабдықталғанын айтты.

–             Орталықтың  негізгі бағыты – туа біткен патологиялармен күресу, ұрықтың қалыптасуына әсер ететін жағымсыз факторларды жою,  туа біткен даму кемістіктер мен хромосомдық ауытқулар анықталған жағдайда  жүктіліктің сәтті өтуіне көмектеседі. Сондайақ, жаңа туған нәрестеге уақытылы  медициналық  көмек  көрсетеді. Генетика бөлімінде  хромосомалық ауытқуларға пренатальді биохимиялық скрининг жүргізіледі. Тұқым қуалайтын метаболикалық ауруларға неонатальді скрининг жасалады. – деді Айгерім Бауыржанқызы.

Болашақта ұрықты қорғау орталығында ұрықтың инвазивті пренатальді диагностикасын жүргізу жоспарлануда, Бұл "хромосомалық патология" диагнозын болдырмаудың бірден бір жолы.

"ЖЕТІСУ" АҚПАРАТ