Инфаркттың себебі: "Компьютер алдында көп отырғаннан қимыл аз болады"

Уақыты: 06.05.2023
Оқылды: 1611
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Инфаркт ауруымен ауыратын адамдардың саны күн сайын жиілеп келеді. Инфаркт ауруы – жүрекке күш беріп тұрған қан та­мырлардың ішіне қан ұйып, бітелуі. Бұл аурудың алдын алу үшін жүрегіңіз сыздаса бірден маманға қаралу керек.  Таза ауада серуендеп, саяхаттау, жаяу жүру аурудың алдын алып, қан тамырларының жұмыс жасауына ықпал етеді.

Қазір компьютер алдында көп отырғаннан қимыл аз болады. Әлеуметтік желідегі пайдасыз көп ақпарат, стресс инфаркт ауруының өршуіне себепші болып отыр. Ал алдын алу үшін ең алдымен көңіл-күйдің жоғары болуы, одан кейін ұйқының тыныштығы және  дұрыс тамақтану маңызды.

Инфарктің белгілеріне кеудедегі ауырсыну, қысылу немесе дискомфорт, қолдағы, арқадағы, мойындағы, жақтағы немесе асқазандағы ауырсыну, шаншу немесе дискомфорт жатады. Тыныштықта және жеңіл физикалық белсенділікпен тыныс алудың қиындауы және  сырыл (тыныс алғанда ысқырық немесе қорыл) болуы, жылдам немесе ретсіз жүрек соғысы да симптомдардың бірі.

Статистикаға сүйенсек, жыл сайын 40 мыңнан астам қазақстандық жүрек-қантамырлары ауруынан қайтыс болады. Бұл ауру да жас талғамайды. Жастар арасында кенеттен қайтыс болу жағдайы өршіп тұр.  Жүректің дұрыс жұмыс істемеуінен  көрсеткіш саны жыл сайын артып жатыр. Өз өмірімізге өзіміз жауапты болып, денсаулығымызды күте білейік!

Гүлбану Турдиева,
облыстық кардиология орталығы кардиохирургия бөлімінің медбикесі
Талдықорған қаласы