Денсаулық пойызы Жетісу өңірінде

Уақыты: 14.05.2023
Оқылды: 1588
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы апта ортасында Жетісу жеріне табан тіреді. Өңір бойынша алғаш болып медициналық көмекке Көксу стансысы мен сол аумақтағы елді мекен тұрғындары қол жеткізді. Сегіз вагонды заманауи құрылғылармен жабдықталған пойыз биыл шалғай ауыл тұрғындарына медициналық жәрдемінен өзге профилактикалық көмек те ұсынды.

Айта кететін жайт, аталмыш пойыз 26 сәуірде жолға шықты. Көксу стансысына жеткенше Қопа, Медеу, Жетісу, Шелек, Тасқарасу, Айдарлы, Жетіген, Іле стансыларында болған. Медициналық пойыздың бас дәрігері Айнұр Егінбаеваның айтуынша, жылжымалы нысан дәрігерлері осы уақытқа дейін 4616 тұрғынды қабылдаған. Оның 3729-ы ересектер болса, 887-і балалар.

 – Жетісу жұрты бізді ерекше ықыласпен, асқан қонақжайлықпен қарсы алды. «Алматы-2» вокзалынан жолға шыққан едік. Қалай дегенмен жол шаршатады. Бірақ, жетісулықтардың қабылдауы серпілтіп отыр. Жалпы, пойыз аса қажетті уақыт талабындағы қондырғылармен жабдықталған. Жылжымалы нысанның төрт вагоны медициналық көмек көрсетуге негізделген, – деді бас дәрігер.

Айнұр Егінбаева жылжымалы нысанды аралатып, елге жасап жатқан игіліктерін көрсетті. Пойыз іші кәдімгі емханадағыдай жабдықталған. Науқас ең бірінші құжаттарын рәсімдеп, тиісті дәрігерге бағыт алады. Тиісінше терапевт, лор, гинеколог, хирург, кардиолог, педиатор, стоматолог мамандар қаралушыны жан-жақты қарап, тиісті кеңестерін береді. Бұл пойызда бас-аяғы 35 білікті маман тұрғындарды қабылдай. Сонымен қатар, жылжымалы нысанда арнайы зертхана да бар. Мұнда зерттеу нәтижелері бар-жоғы 15 минутта айқындалады.

Көксу стансысының тұрғыны Гүлмира Асқарбекова «Саламатты Қазақстан» пойызының келгенін асыға күтіпті. Жаңалықтардан естіген сәтте-ақ медициналық тексеруден етуге бел буған.

– Жұмыс пен үйдің шаруасынан қол тимейді. Дәрігерге қаралу үшін аудан орталығына не болмаса Талдықорған қаласына бару керек. Бірақ, ондай мүмкіндігіміз жоқ. Уақыт тапшы. Сәтін салып «Саламатты Қазақстан» келгенде баладай қуандым. Дәрігерлер өбек қағып, жан-жақты қарап жатыр. Осындай игілікті іске түрткі болған ел ағаларына алғысымды білдіремін, – деді ауыл тұрғыны.

Пойыздың алғашқы вагонында терапевт, кардиолог және гинеколог тұрғындарды қабылдаса, екінші вагонда зертхана мен көз дәрігері, психолог, уролог, отоларинголог мамандар жайғасқан. Ал үшінші вагонда УДЗ қондырғысы мен хирург, невропатолог және заңгер мен медиатор жайғасқан. Биылғы пойыздың жаңалығы соңғы екеуі болып отыр. Жалпы жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қоры жүзеге асырса, шалғай елді мекендердегі тұрғындарға заңгерлік кеңес беруге ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия түрткі болған. Осылайша биыл «Саламатты Қазақстан» пойызы медициналық қана емес, заңгерлік көмек те ұсынып отыр. Жылжымалы нысанда екі заңгер тұрғындарды қабылдауда. Солардың бірі – Арман Дүйсенбаев. Сала білгірінің сөзінше, тұрғындарға құқықтық көмек қажет екен.

 – Аңғарғанымыздай, жәрдем сұрай келгендердің дені қаржылық институттар тарапынан жәбір көрген. Көп жағдайда жеке сот орындаушылар астамшылық қылып, тұрғындарға қаржылық қысым жасайтыны аңғарылады. Ұлттық комиссияның мүшесі ретінде екінші деңгейлі банктермен, микрозаймдық ұйымдармен, жеке сот орындаушылармен байланысқа шығып, тұрғындарға құқықтық көмек берудеміз. Сонымен қатар, тұрғындар арасында алимент мәселесі де әжептәуір бой көрсетеді. Ауыл адамдарына қаржылық, құқықтық сауаттылықты арттыру аса қажет, - деді заңгер.

Пойыздың төртінші вагонында стоматология мен флюрографиялық аппарат жайғасқан. Мұнда бізге Айнагүл Досжанова ұшырасты. Ол абзал жандардың көмегіне дән риза.

– Ауыл адамының қолы тие бермейді ғой. Үйдің шаруасы «босатпайды». Медициналық пойыз келгенде қапы қалмайық деп денсаулығымызды бір тексертіп алуды ойладық. Дәрігерлерге рахмет! Жаныңды жадыратар жылы сөздерінен-ақ ем қонғандай, – дейді Айнагүл Досжанова.

«Саламатты Қазақстан» пойызы 20 мамырға дейін Жетісу облысы аумағында болады. Көксу стансысынан кейін Қалпе, Лепсі, Ақтоғай, Бескөл, Достық стансыларына барады. Жалпы, жылжымалы медициналық нысан 6 желтоқсанға дейін ел аумағындағы 120 стансыны қамтиды. Жоспарға сай 75 мың тұрғынға медициналық көмек көрсетпек.

Дастанбек САДЫҚ