Транспланттауды үйлестіру орталығы ашылады

Уақыты: 07.10.2023
Оқылды: 896
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде облыстық аурухананың директоры Анарбек Монголхан, дәрігерлер Азиз Садықов пен Самат        Садық брифинг өткізді. Олар облыста транспланттауды үйлестіру орталығын ашпақшы.

Ағза транспланттау дегеніміз – ағза бөлшегін басқа адамға ауыстырып салу. Елімізде 4 мың адам ағза ауыстыруға зәру. Оның 109-ы бала. Қазақстанда – бүйрек, жүрек, өкпе, бауыр, ұйқы безі алмастырылады. Оның ең көбі – бүйрек, жүрек. 2012 жылдан бері елімізде 2379 транспланттау жүргізілген. Тірі донорлардың 85%, қайтыс болғандардың 15%-нан ағза бөлшегі алынған. Облыстық аурухана директоры Анарбек Монголханның айтуынша, транспланттауға өз ағзасын бергісі келген әр адаммен нотариат арқылы келісім жасалады. Донордың жасы 18-ге толған болуы керек. Немесе адам тірі кезінде: «Аяқасты қайтыс бола қалсам ағзамды алмастыруға қарсы емеспін» деген келісімін қағаз жүзінде беріп қояды. Ағза транспланттау ересек адамға да, балаға да қажет. Елімізде бүйрек ауыстырып салуды қажет ететін науқастар  91,2%-ды,  бауыр  4,6%-ды, жүрек  3,7%-ды, өкпе  0,4%-ды, өкпе-жүрек  0,1%-ды құрайды. Қазақстанда жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек, ұйқы безі ауыстырылады.

Анарбек Монголхан Қазақстанда тірі донордан ағзаны (ағзаның бөлігін) ауыстырып салу туралы шешімді этикалық комиссия қабылдайтынын айтты. Олар заңсыздықты болдырмау және қауіпсіздікті сақтау үшін құжаттарды тексереді. Донордың ағзасын тірі кезіндегімен генетикалық жағынан тексереді.  Қайтыс болғаннан кейінгі бір донордың органдары шамамен 7 адамның өмірін құтқара алады. Азиз Садықтың айтуынша, қайтыс болғаннан кейін донор болуға өтінішті үйден шықпай-ақ «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы тіркеуге болады. Ол үшін өтініш беруші порталға кіріп, қызметке тапсырыс беруі тиіс. Содан кейін барлық қажетті дерек толтырылып,  ЭЦҚ-мен өтінімге  қол қойылады. Бірнеше минуттан кейін мәртебе жаңартылады және екі тілде ерік білдіру туралы куәлік беріледі. Келісімді немесе бас тартуды кім тіркегені туралы ақпаратты ешкім білмейді. Бұл деректерді көруге тек үш республикалық үйлестіруші ғана қол жеткізе алады.

Дәрігерлердің айтуынша, біздің  ұлттың өкілдері көп жағдайда донор болуға қарсы. Себебі, ағза Алладан берілген аманат. Жаратқаннан қалай берілді, солай қайтуы тиіс. Алдағы уақытта Талдықорғандағы облыстық ауруханада транспланттауды үйлестіру орталығын ашу қолға алынбақшы. Дәрігерлер алдымен бүйрек ауыстыруды бастамақшы. 

Гүлжан Мұқашқызы
Фото: ғаламтордан