Қазақстанда қызылша ауруына байланысты шектеу шаралары енгізіле ме – Министрлік жауап берді

Уақыты: 28.11.2023
Оқылды: 599
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті қызылша індетіне байланысты “Қазақстанда шектеу шаралары бола ма” деген сауалға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Үкіметтің брифингінде Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшысы Нұрқан Сәдуақасов бүгінде еліміздегі қызылша ауруының таралуы былтырмен салыстырғанда әдеттегі деңгейден асып кеткенін растады. 

"Мұны індет деп айтсақ та еш айырмашылық жоқ. Қазір екпе алмаған балалар арасында аурушаңдықтың өсуі байқалады. Бұл вакцина арқылы алдын алуға болатын инфекция. Сондықтан ол ешқандай сыни деңгейге жеткен жоқ", – деді Нұрқан Сәдуақасов. 

Комитет төрағасының орынбасары Зәуре Ахметова қызылша негізінен балалар арасында ғана тарап жатқандықтан жағдай індет немесе эпидемия деп қаралмайтынын алға тартты.

"Қазақстанда қызылшаның өршуі бар. Ауру негізінен балалар арасында. Қазір шектеу шараларын енгізіп жатырмыз. Мәдени іс-шараларды өткізуге тыйым салып, жағдайды толық бақылауға алдық. Қосымша профилактикалық шаралар да енгізілуде. Сондықтан біздің ойымызша елімізде  індет жүріп жатыр", - деді ол.

Комитет алдағы уақытта карантиндік шаралардың енгізілмейтінін алға тартты.

"Бұл вакцина арқылы алдын алуға болатын инфекция. Сондықтан әзірге шектеу шаралары енгізілген жоқ және енгізу жоспарланбайды. Бірақ жағдайды бақылауда ұстаймыз. Егер аурушаңдықтың жоғары өсуін байқасақ және вакцинацияланбаған балалар саны рұқсат етілген шекті деңгейден асып түссе, онда мектепке дейінгі, орта немесе жоғары білім беру ұйымдарында бұл бойынша арнайы шаралар қабылданады", - деп қосты комитет.

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері қазір бүкіл әлемде жұқпалы аурулардың көбейгенін атап өтті.

“Бұл адамдардың бір-бірімен көбірек араласа бастағанына да байланысты. Саяхаттар мен жаппай жиындар екпе алмағандар арасында жұқпалы аурулардың көбеюіне әкелді. Менің ойымша, ата-аналар үрейленбеуі керек. Уақтылы вакцинация балаларымыздың денсаулығын сақтауға көмектеседі", - деп түйіндеді Нұрқан Сәдуақасов.

Еске салсақ, бұған дейін елімізде қызылшамен ауырған балалардың 80%-дан астамы екпе алмағаны туралы хабарлаған болатынбыз.