Алакөл ауданының ауылдарына заманауи медициналық орталық берілді

Уақыты: 29.11.2023
Оқылды: 559
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Осыған дейін Алакөл ауданының Байзерек, Қарлығаш, Ынталы ауылдарында блокті-модульдік медициналық ғимараттар халық игілігіне берілсе, жуырда бұл қатарға Қамысқала ауылы да қосылды. Аудан орталығынан шалғай жатқан бұл ауылдың тұрғындары енді бұрынғы ескі ғимараттың орнына жаңа фельдшерлік-акушерлік пунктте ем алады, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алакөл аудандық әкімдігінің мәліметінше, Қамысқала ауылы аудан орталығынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан. Қамысқала ауылдық округінде 840 адам тұрады. Бұл ауылда қолданыста болған дәрігерлік амбулатория 1978 жылы салынған, кезінде балық зауытына қарасты ғимарат еді. Ауыл тұрғындарының сапалы медициналық ем алуына жағдай жасау мақсатында жаңа нысанның құрылысына жергілікті бюджеттен 143 млн. теңге бөлініп, ФАП тұрғызылды. Нысанды «Голден Строи» ЖШС мердігер компаниясы салды. Ондағы арнайы бөлмелер қажетті құралдармен жабдықталған. Медициналық мекеме бір аусымда 15 емделушіге медициналық көмек көрсете алады. 

- Бұрынғы ғимаратымыз тиісті талаптарға сәйкес келмейтіндіктен, ем жасауда қолайсыздық тудыратын. Материалдық-техникалық базасы да тозып тұрған. Енді, міне, заман талабына сай, сапалы дәрігерлік көмек көрсетуге лайықталған фельдшерлік пункт ашылды. Мұнда қазір жұмысшыларды қоспағанда 4 білікті маман - 1 фельдшер, 1 акушер, 2 медбике қызмет көрсетеді, - дейді аудандық орталық аурухана директоры  Асхат Бұтабаев.

Оның айтуынша, мұнда ауыл тұрғындары алғашқы медициналық- санитарлық көмек, екпе ектіру, скрининг, акушерлік және ЭКГ аппаратына жүрек қағысын тексерту секілді қызметтер бойынша ем-дом ала алады. Оған қоса аудандық орталық ауруханадан арнайы білікті мамандар белгіленген кестеге сәйкес ауылға келіп, тұрғындардың денсаулығын қарайды.

Қамысқалалықтар бұл жайдарман жаңалықты қуана қабылдады. Ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Раушан Жұманқұлова: «Ауылымызда фельдшерлік-акушерлік пункт салынғанына ризамыз. Бұрын кішкентай ғана ескі ғимараттың өзін жоқтан бар деп көңілге медет тұтатынбыз. Бүгін жап-жаңа, еңселі медициналық нысан көптің игіліне беріліп отыр. Ғимараттың ашылуына үлес қосқан барша азаматтарға алғысымыз шексіз», - деп қуанышын жеткізді.

Алакөл ауданында 56 елді мекенде 75 мыңға жуық халық бар. Оларға қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсету үшін 2024 жылы Екпінді, Жайпақ, Қайнар ауылдарына фельдшерлік-акушерлік пункт салу, 5 елді мекенде блокты-модульді нысандар салу жоспарлануда. Ал жалпы облыс бойынша жергілікті бюджет есебінен биыл 21 блокты-модульдік медициналық пункт орнатылса, жыл соңына дейін тағы 6-уы, ал 2025 жылға дейін 35-і тұрғызылады.