Обырдан вакцина сақтайды

Уақыты: 31.01.2024
Оқылды: 1567
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Әлемде жыл сайын 600 мың әйелден жатыр мойны обыры анықталады және одан 340 мың әйел қайтыс болатын  көрінеді. Қазақстанда бұл аурудан жылына 500-ден астам әйел қайтыс болады екен. Бұл жөнінде Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Елде жатыр мойны обыры сүт безі обырынан кейін әйелдерде онкологиялық аурулардың таралуы бойынша екінші орында тұр. Папиллома вирусы адамнан-адамға тұрмыстық байланыс және жыныстық қатынас арқылы берілуі мүмкін. Жатыр мойны обырын тудыратын адам папиллома вирусына қарсы екпе алып қана аурудың алдын алуға болады.

Биылғы жылдың 3-тоқсанынан бастап 11 жастан асқан қыздарға вакцинация жүргізу жоспарлануда. Бұл жас ДДҰ, онкологтардың ұсынымдарына сәйкес таңдалған. Өйткені 11-14 жаста вакцинация ересек жастағы вакцинациямен салыстырғанда неғұрлым тиімді, тұрақты иммунитет қалыптастырады екен.

Әлемде вакцинаға сұраныс өте жоғары. Бүгінгі таңда 125-тен астам ел ұлттық вакцинация күнтізбесіне екпе алуды енгізіп отыр. Соның ішінде Австралия, Бельгия, Канада, Германия, Жапония, Бразилия, Жаңа Зеландия, Норвегия, Швеция, Испания, Швейцария, Ұлыбритания және АҚШ бар. Орталық Азия бойынша көрші елдерде: Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан аталған мемлекеттер қатарына енген.

Жетісу облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Күнбасова былай дейді:

Адам папиллома вирусына қарсы вакцина Ұлттық егу күнтізбесіне енгізіледі. Вакцинациялау 11 жастағы қыздарға ата-аналардың келісімін алғаннан кейін жүзеге асырылады. Адамда папиллома вирусы – тері мен шырышты қабаттардың эпителийіне әсер ететін өте кең таралған вирустар тобы. Оның 14 түрі онкогенді, яғни онкологиялық аурулардың дамуына әкеледі. Көптеген адамды АПВ алаңдатпайды, бірақ кейбір папиллома вирустар сүйелдерге немесе қатерлі ісікке әкелуі мүмкін. Жатыр мойны обырының дамуы әйелдің адам папиллома вирусын жұқтыруымен байланысты, бұл туралы көптеген ғылыми дәлелдер бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 95%-дан астам жағдайда ЖМО-н адам папиллома вирусы (АПВ) тудырады. Жатыр мойны обырының 70% АПВ-ның екі (16 және 18) жоғары онкогенді түрімен шақырылады.

Бүгінгі таңда әлемде АПВ вакцинасының төрт өндірушісі бар, олардың екеуі 2-валентті. Қазақстанда вакцинация 2 кезеңде және ата-аналардың келісімімен ғана жүргізіледі, 2-ші доза тура бір жылдан кейін салынады.

Денсаулық сақтау министрлігі АҚШ-та жасалған 4-валентті «Гардасил» вакцинасын сатып алуды жоспарлап отыр. Тиімділігі бойынша вакцина ЖМО қаупін 70-90%-ға, тік ішектің қатерлі ісігінің ауру қаупін 77%-ға, ерлер мен әйелдердің жыныс мүшелерінің қатерлі ісігінің даму қаупін шамамен 96-99%-ға төмендетеді екен.

Вакцинацияның ұсынылатын жасы 11-14 жас, препарат алғашқы жыныстық қатынасқа дейін тиімді, – дейді сала маманы. 11 жасар қыздарға вакцина биылдан егіле бастаса, ұлдар арасында вакцинация халықтың қажеттілігі мен сұранысына байланысты қарастырылатынын айтады.

Медет ЖҰМАБАЙ