Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Ендеше, ондағы халықтың денсаулығы басты назарда болуы керек. Бүгінде медициналық мекемелерді көптеп салуға, уақытында тексеруден өткізуге, созылмалы сырқаттарға тегін дәрі-дәрмек таратуға, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы науқастарға аппараттармен тексеру жүргізуге баса көңіл бөлінуде. Осы орайда шалғайдағы Сарқан ауданының бас дәрігері Алтай Шұлғаубаевпен сұхбаттасқан едік.
– Сарқан ауданындағы халықтың денсаулығы, оларға жасалып жатқан жағдай жайында айтсаңыз?
– Облыс орталығынан 150 шақырым қашықтықта орналасқан Сарқан ауданында 35 елдімекен бар. Аудан орталығынан ең шалғайда орналасқан ауыл Мұқан Төлебаев елді мекені. Сарқан қаласы мен аталмыш елді мекеніне дейінгі қашықтық 260 шақырым. Ауданда медициналық мекемелерге 35 мыңнан астам халық тіркелген. Атап айтқанда, аудандық орталық аурухана, 1 ауылдық аурухана, 7 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік, 13 медициналық пункт халыққа медициналық қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, ауруханада неврологиялық, хирургиялық, травматологиялық, гинекологиялық, медициналық оңалту, терапия, триаж жүйесі бар қабылдау бөлмелері бар. Балаларға арналған медициналық көмек стационарлық деңгейде ұйымдастырылған. Емханада консультативтік-диагностикалық және зертханалық көмектің сапалы жүргізілуне ерекше мән беріледі. Аудандағы дәрігерлер саны – 59, орта буын қызметкері 317. Бүгінгі таңда ауруханада жаңа технологиялар қолданылуда. Атап айтсақ, лапароскопиялық қондырғы, компьютерлік томография, инсульт, инфарктан кейінгі оңалтуға арналған қондырғылар жаңартылды. Жыл сайын аурухананың медициналық қондырғы қорын жаңартып, толықтыруды назарда ұстаймыз.
– Жер көлемі үлкен аудан тұрғындарына медициналық көмек көрсету қандай деңгейде?
– Оларға шалғайда орналасқан ауылдарға арналған медициналық кешен-автобусы қызмет көрсетеді. Денсаулық сақтау саласының мамандары жылжымалы кешен арқылы алыстағы малды ауылдарға да барып, тексеру жұмыстарын жүргізеді. Кешенде терапевт, педиатр, оториноларинголог, офтальмолог, акушер-гинеколог, рентгенолог мамандары бар. Заманауи ультрадыбыстық зерттеу аппараты, флюорограф, рентгенограф, гинекологиялық кресло, лабораториялық аппараттармен жабдықталған. Жыл сайын халық арасында қант диабеті, визуалды қатерлі ісік, жүрек-қантамыры аурулары уақытында анықталады. Аталған кешен ауданның барлық ауылдарын қамтиды. Жылжымалы медициналық кешен арқылы көптеген сырқатты алғашқы сатыда анықтауға мүмкіндік туады.
– Алтай Кәмиұлы, соңғы жылдары жұқпалы сырқаттар қатары көбейді. Коронавирус, қызылша, көкжөтел жұқпалары халықты алаңдатуда. Осы кеселдердің алдын алуға, сырқаттанғандарды емдеуге қандай шаралар жасалуда?
– Соңғы кезде жұқпалы кеселдердің артып кеткені тұрғындарды ғана емес, медицина мамандарын да алаңдатады. Қызылша және көкжөтел жұқпалары 2022 жылы мүлде тіркелмеді. Былтыр 22 қызылшаға шалдығу жағдайы тіркелді. Биыл жыл басынан бері қызылша сырқатына 67 адам, көкжөтел жұқпасына 5 адам шалдықты. Аталған жұқпалардың алдын алудың бірден-бір жолы – екпе екені белгілі. Екпені уақытында алып тұрса жұқпалы сырқаттарға шалдығушылық төмендейді. Халық арасында екпеден бас тартқан азаматтармен мамандар сөйлесіп, түсіндіру жұмыстары өткізіледі. Емдеу шаралары клиникалық хаттамаларға сай жүреді. Кезінде елде оба, сүзек аурулары тарқағанда қаншама халық қырылып қалып еді. Содан екпе жасалғанның нәтижесінде жұқпалы аурудың беті қайтқан. Әйтпесе, қазақтың қырылып кету қаупі туған еді. Сол жағдай бізге сабақ болуға тиіс. Коронавирустан да әлемді екпе құтқарды емес пе?! Бүгінде шетелдермен қарым-қатынас жақсарған. Сырттан жұқпа келуі әбден мүмкін. Сондықтан денсаулығыңыздың кепілі вакцина екенін ұмытпаған жөн.
– Аудан медицинасындаға қандай жаңалық, жетістік бар?
– Соңғы жылдары ауданда денсаулық сақтау саласы жаңалықтарымен ерекшеленді. Ауданда дәрігерлер жеткіліксіздігін азайту мақсатында емхана ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, жатақхана жаңартылды. Сондай-ақ, жас мамандарды баспанамен қамтамасыз еттік. Балаларын балабақшаларға орналастыруға көмек көрсетілді. Биыл ауданда гемодиализ орталығы ашылды. Мұндай орталық негізінде облыс орталықтарында ғана болады. Бұл орталыққа бүйрек жеткіліксіздігіне шалдыққан азаматтар аптасына 3 рет келіп, ем алады. Бұрын тіркеудегі сырқаттар облыс орталығына барып ем қабылдауға мәжбүр болған. Бұл жағдай сырқат адамның денсаулығына қатерлі еді. Өйткені ұзақ жолға шыдаудың өзі неғайбыл. Орталыққа барып-қайтудың ауыртпалығын әркім біледі. Күнделікті жол жүруді қалта да көтере бермейтіні рас. Ауданда гемодиализ орталығының ашылғандығы көршілес аудандарға да тиімді. Олар да емді Сарқандағы аудандық аурухананың арнайы жабдықталған бөлмесінен ала алады. Ауруханамызда профессор дәрежесі бар дәрігерлер жұмыс істеп, күрделі оталар жасап, тұрғындардың амандығы үшін еңбек етуде.
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың тиімділігі мен көлеңкелі жағына тоқталсаңыз.
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы Қазақстан аумағында өзіңіз таңдаған кез келген емханадан медициналық көмек ала аласыз. Бұл жағдайда емхананың шығындарын толығымен қор өтейді. Екіншіден, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері шеңберінде қарастырылған медициналық көмек жұмсалатын қосымша төлемдердің барлық түрінен босатыласыз. Үшіншіден, медициналық ұйымдарда көрсетілген қызметтерге көңілі толмаған тұрғындардың емхана ауыстыруға қақысы бар. Ондайда сапасыз қызмет көрсеткен немесе Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жауапсыз қараған азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қор қорғайды. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі арқылы медицина саласына бөлінетін қаржының көбеюі көзделінуде. Қаржы көбейсе, денсаулық саласындағы бірталай мәселе шешіліп, қызмет көрсетудің сапасы артады деген үміт бар. Айталық, қазіргі таңда мемлекеттік медициналық мекемелерде кезек мәселесі, дәрігерлердің жетіспеушілігі, мамандардың кәсіби деңгейінің төмендігі мен олардың науқастарға деген дөрекі қарым-қатынасы жиі сынға ұшырап жатады. Медициналық сақтандыру жүйесі осындай проблемаларды шешуге атсалыспақ. Жүйенің тағы бір артықшылығы, сырқаттарды емдеу халықаралық стандартқа сай жүргізілмек.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың көлеңкелі жақтары да бар. Тұрақты жұмысы жоқ қарапайым адамдар медициналық көмектің толық пакетіне қол жеткізе алмайды. Мұндай жағдайда МӘМС медициналық қызметтің баршаға қолжетімді болмауына кері әсерін тигізуде. Сақтандырылмаған азаматтар жекеменшік ауруханада ем алуға мәжбүр. Бұл жағынан сақтандырудың кемшіліктері де бар екендігі баршаға аян.
– Алтай Кәмиұлы, халықты скринингтен өткізу қандай нәтиже беруде?
– Скринингтен өткізу жыл сайын жүргізіліп жатыр. Әрине, скринингтен өткізудің аурулардың алдын алуда алатын орны ерекше. Уақытында ең қауіпті саналатын қатерлі ісіктерді ерте анықтауға мүмкіндік беріледі. Алдыңғы сатыда анықталған сырқатты емдеудің нәтижесі де жақсы болмақ. Ауданда жыл сайын қант диабетін, жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары, глаукома, жатыр мойны қатерлі ісігі, сүт безінің қатерлі ісігін, тікішек қатерлі ісігін анықтауға скрининг жүргізеді. Сонымен қатар, 2023 жылдан бастап ас қорыту жүйесін, бүйрек аурулары және тыныс алу жүйесінің кеселдерін анықтау бойынша скрининг жүргізу басталды. Жылына осы скринингтерден 1500-ге жуық науқас анықталады.
– Ауданда заманауи аппараттар жеткілікті ме? «Жедел жәрдем» көлігі ше? Маман алу жағы қалай шешілуде?
– Емдеуге арналған аппараттарды жыл сайын жаңартып, толықтырып отыруға тырысамын. Оған облыстық бюджеттен қаржы бөлінеді. Керек-жарақтар аурухана бюджетінен сатып алынады. Былтыр, яғни 2023 жылы ультрадыбыстық зерттеу аппараты, гематологиялық анализатор, холтер аппараты, 2 электрокардиограф алдық. Жыл сайын облыс бюджетінен ауданға 1-2 «Жедел жәрдем» көлігі беріліп отырады, сәйкесінше ауылдағы «Жедел жәрдем» көліктері жаңартылуда. Дегенмен, маман жетіспеушілігі әлі де орын алуда. Арнайы мамандықтар бойынша мамандар керек. Бұл мәселені шешу үшін жыл сайын оқу орындары ұйымдастыратын мамандықтар жәрмеңкесіне қатысамын. Enbek.kz сайты арқылы да хабарлама беріледі.
– АуданДАғЫ ауылдық округтерде емхана жеткілікті ме? Бұл мәселе қалай шешімін табуда?
– Аудандағы ауылдың барлығы медициналық мекемемен қамтылған. Жергілікті бюджет қаржысы есебінен 2023 жылы ғимараты жоқ 3 ауылда блокты-модульді кешен орнатылды. Биыл 2 кешен салу жоспарда бар. Мемлекет басшысының бастамасымен «Ауылдық денсаулық сақтау саласын дамыту» бағдарламасы бойынша үш ауылда жаңадан фельдшерлік-акушерлік пункт салынады. Ауылдық жерлердегі басты мәселе – дәрігерлердің жетіспеушілігі. Шалғай ауылдарға мамандар барғысы келмейді. Сондықтан орталық дәрігерлерінің жүктемесі жоғары. Қосымша қызметтер атқаруына тура келеді. Әлеуметтік жағдай, жол, интернет жақсаруына байланысты бұл мәселелер де болашақта шешімін табады деген ойдамыз.
Сұхбаттасқан
Гүлжан ТҰРСЫН