"ХАЛЫҚҚА ПАЙДАМ ТИСЕ БОЛДЫ"

Уақыты: 22.04.2024
Оқылды: 437
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Елімізде кадр мәселесі кезек күттірмей шешілуі тиіс. Бұл өзекті тақырып, әсіресе  денсаулық сақтау саласында қатты белең алуда. Жыл сайын білім алушылар қатары көбейгенімен соңында еліміздің барлық өңірінде, әсіресе, ауылды жерлерге келгенде маман тапшылығы белең алады. Мұндай олқылықтың орнын толтыру үшін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жолға қойылды. Десе де, әлі де маман тапшылығынан арыла алмай келе жатқанымыз жасырын емес.


«Дипломмен – ауылға» бағдарламасының игілігін көріп, ауылға келген жас дәрігердің бірі   Рахат Дәлелханов. Ол Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Шалқар ауылында дүниеге келген. Сол өңірде Көгедай орта мектебінде білім алып, Семей қаласындағы Семей мемлекеттік медицина университетінде қоғамдық денсаулық сақтау факультетін тамамдаған. Ол бүгінде Көксу аудандық орталық ауруханасында қызмет етіп келеді. Бірлігі мен берекесі жарасқан шаңырақта дүниеге келген Рахат Дәлелханұлы бес баланың кенжесі.

– Семей мемлекеттік университетінің қоғамдық денсаулық сақтау факультетінен алған білімім мен біліктілігімді бүгінде аудан жұртшылығына ұсынып келемін. Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласы аурудың алдын алуға үлкен көңіл бөлуде. Біз негізгі 3 бағыт бойынша жұмысты күшейтіп келеміз. Бұл қорғау (денсаулық саласындағы ТЖ мен жұқпалы ауруларды  болдырмау), дамыту (халық денсаулығын жетілдіру, салауатты өмір салтын ынталандыру) және алдын алу (сырқаттанушылықтың пайда болмай тұрып алдын алу, скрининг, вакциналау). Ал менің емханадағы басты жұмыс бағытым – денсаулық туралы сауаттылықты дамытып, түрлі аурушаңдықтың алдын алу туралы тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру технологиясы бойынша ұдайы түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Көксу ауданына «Дипломмен  ауылға» бағдарламасы бойынша шақырту алдым. Басында жалақы төмен, баспана жайын қалай шешеміз дегендей, қорқыныш болғаны рас-ақ. Бірақ болашақта мықты маман болу үшін ең төменгі сатыдан бастауды жөн санадым. Ең бастысы – халыққа пайдалы іспен айналысып жатқанымызға қуанамын, – дейді ақжелеңді Рахат.

Қазіргі таңда ауданда жас мамандардың қызмет етуіне барлық жағдай қарастырылған. Емхана тарапынан уақытша тегін берілген үйлердің бірінде тұрып жатқан кейіпкеріміз әкімшілік тарапынан мамандарға жүйелі жұмыс атқару үшін жасалған барлық жағдайға дән риза. Өткен жылдың қазан айында компьютерлік томография аппараты алынып, бүгінгі күні аудан тұрғындарына мамандар толыққанды қызмет атқаруда. Бірақ әлі де сол маман тапшылығы мәселесі өз шешімін таппай келе жатқаны алаңдатады. Бұл тек ауданда емес, тіпті  қалалық жерде де ушығып тұрған үлкен мәселе екені жасырын емес. Осы тұрғыда біздің де кейіпкеріміздің пікірін білдік. Жас та болса бас болып жүрген маман бұл мәселе жақын арада шешімін табатынына сенеді. 

–  Денсаулық сақтау министрлігінің ауылға барған мамандарға қаржылай көмек көрсететін бастамасын жөнсіз демеймін. Бірақ бұл жасалуы тиіс игі шараның бір шеті ғана. Саланы толықтай реформаламай, жүйеге түсірмейінше, ақ халатқа ұмтылатындар көбеймейтіні анық. Дәрігер ретінде айтарым, салада маман тапшылығының жойылмауына әсер етіп отырған бірнеше фактор бар. Атап айтар болсақ,  жалақы, қағазбастылық және бақылаушы органдардың көптігі. Мұның бәрі жас дәрігерлердің медицинаға деген қызығушылығының төмендеуіне алып келері сөзсіз. Бірақ халқымыздың текті ұрпағы қазаққа жанашыр қазақ қана екенін ұмытпайды. Бас ауырып, балтыр сыздаса қазаққа бірінші көмекті қазақ беру тиіс. Дәрігер – эксперт. Бұл жан-жақты әрі қызықты жұмыс. Заман талабына орай медициналық көмек көрсетудің сапасын арттыруға барынша үлесімді қосып жүрмін, – дейді жас маман. 

Жалпы, медицина қызметкері болу адамға жарық сыйлау деген сөз іспетті. Ол дәрігер деген ұлы мамандықтың атына кір жұқтырмай, «Маман бол, одан бұрын адам бол» деген ұстанымда халыққа мінсіз қызмет етуден жалықпайтынын айтудан шаршаған емес. Олай болса, тек ісімен ғана емес, жүрегімен емдей білетін Рахат Дәлелханов сияқты ақ халатты абзал жандар көп болса екен деп тілейміз.

Еңлік КЕНЕБАЙ