Ұлттық жоба іске асады

Уақыты: 16.05.2024
Оқылды: 1369
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жансеңгіровтің қатысуымен «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру бойынша брифинг өтті.

Жетісу облысы бойынша «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру аясында медициналық көмектің қадамдық қолжетімділігін қамтамасыз ету және шалғайдағы ауылдарды қамту үшін 2023-2025 жылдар аралығында аудандарда 15 дәрігерлік амбулатория, 39 фельдшерлік-акушерлік және 5 медициналық пункт салу жоспарланған. 

Жалпы жергілікті бюджеттен дайындық жұмыстарына 500 млн. теңге бөлінді. Сондай-ақ, 59 денсаулық сақтау нысанын салуға жер-кадастрлық жоспарлар дайындалған.

Аталмыш жобаға Панфилов ауданының көпсалалы ауруханасы енгізіліпті. Панфилов ауданында қолданыстағы ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары мен қайта жаңарту және аурухананың жаңа блогын салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге «Стройтекс» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, 2024 жылдың шілде айында қолданысқа берілмек. 

Ұлттық жоба аясында көпсалалы ауруханаға республикалық бюджеттен 238 млн. теңгеге 33 бірлік медициналық техника сатып алынды. 

Жетісу облысының құрылыс басқармасы мен «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» акционерлік қоғамы арасында жалпы сомасы 243,3 млн. теңгеге 59 жер учаскелерін байланыстыру шарттары жасалды.

Бүгінгі күні «КАЗНИСА» АҚ инженерлік ізденістер, бас жоспар, эскиздік жобаны дайындау бойынша жұмыстарды аяқтап, жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде.

Айғаным АЙТМҰХАН