«Жетісудың» ойындары көңіл көншітпейді

Уақыты: 03.06.2023
Оқылды: 815

Қатарынан үш жеңіліс. Ел біріншілігіндегі «Жетісудың» кейінгі ойындары көңіл көншітпейді. Турнирлік кестеде өзінен төмен, қауіпті аймақта тұрған «Ақсудан» Павлодарда 1:2 есебімен жеңілді.

 «Ақсу» ел чемпионатында екінші жеңісіне қол жеткізді. Осының алдында «Мақтааралды» 2:1 есебімен ұтқан. Жалғыз тең ойыны бар, ол «Қайсармен» (1:1). Жалпы 12 ойында 7 ұпай жинады. «Жетісумен» болған кездесуде «Ақсу» допқа көп иелік жасады, қақпаға бағытталған соққылар саны бойынша да алда болды. Талдықорғандықтардың қақпасына қос гол салып көзге түскен ойыншы нигериялық Чиди Осучукву.  Ал жетісулықтар сапынан жергілікті ойыншы Аслан Әділ дараланды.

Асқар Қожабергеновтың «Жетісу» тізгінін ұстағандағы төртінші кездесуі. Соның үшеуінде жеңіліп отыр. Ел біріншілігінің әр ойынын жіті бақылап, арнайы бағдарламаларда пікір білдіріп отыратын белгілі журналист Бек Төлеу «Клуб аяқастынан бапкер ауыстырды. Алмас Құлшынбаевты алып тастап, орнына Асқар Қожабергеновті қойды. Бір-бірімен деңгейі шамалас екі маманның орнын ауыстырғаннан не тапқандарын түсінбейсің? Клубтың трансфері де, ойыны да жетісіп тұрған жоқ. Клуб басшысы Қалмұхамет Дөңсебаевтың не ойлағаны бар екені түсініксіз» – деді пікір білдіруші.   

Енді Талдықорғанда 4 маусымда турнирлік кестеде ұпайы бірдей «Каспиймен» кездеседі.  

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"