Қазақстан каратэден әлем чемпионатында 115 медаль жеңіп алды

Уақыты: 28.11.2023
Оқылды: 808

Алматыда киокушинкай-кан каратэден әлем чемпионаты аяқталды. Оған 33 елдің 700-ге жуық спортшысы қатысты, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Жарыстың соңғы күнінде ересектер арасындағы жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Әйелдер 5, ерлер 8 салмақта күш сынасып, Қазақстан құрамасы 6 алтын, 4 күміс, 11 қола жүлде иеленді.

Әйелдер арасындағы сында Нарқыз Ұзақбаева (50 кг) мен Ұлжан Рақышева (+65 кг) әлем чемпионы атанса, Мадина Сауытова (50 кг), Амина Досымбек (55 кг) пен Карина Досымова (65 кг) күміс жүлдеге, ал Гүлдана Оспанова (55 кг), Назира Ахметова (60 кг) мен Әсел Әзімханова (65 кг) қола медальге ие болды.

Ерлер жарысында Хатип Аюпов (65 кг), Нұрлыхан Садвокасов (80 кг), Рысбек Мақсұтов (85 кг) пен Никита Гарас (+85 кг) құрмет тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Күміс медальді Мадиярбек Ұзақбай (55 кг) иеленді. Қола жүлдені Әділхан Ақылжан (55 кг), Дархан Арыстанбеков (55 кг), Едіге Кемежанов (60 кг), Әлішер Карменов (65 кг), Айбек Аманов (70 кг), Бекзат Орынбасаров (70 кг), Бекарыс Сұрағанбек (75 кг) пен Алмаз Құрмет (80 кг) жеңіп алды.

Жасөспірімдер, жастар, ересектер, ардагерлер арасындағы «ката» және «кумитэ» жекпе-жектерін қоса есептегенде, Қазақстан құрамасы 29 алтын, 25 күміс, 61 қола медальмен жалпы есепте топ жарды. Ресей екінші орынға (24 алтын, 26 күміс, 47 қола) ие болды. Жапония үздік үш құраманың (10 алтын, 7 күміс, 2 қола) қатарынан көрінді.

Келесі әлем чемпионаты 2025 жылы Жапонияда болады.

Дереккөз: halyq-uni.kz

Фото: Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы