АРДАГЕРЛЕР БАҚ СЫНАСТЫ

Уақыты: 29.11.2023
Оқылды: 825

Миды жұмыс істету ол да спорттың бір түрі. Талдықорғанда тастаяқ (бильярд), шахмат, дойбыдан жарыс өтті. Осы орайда өңірдегі ардагерлер қауымы сайысқа түсті.

Тартысты дода Қарттар күніне орай облыстық ардагерлер ұйымының ұйымдастыруымен өткізіліп отыр. Оған тек 63 жасқа толған аға буын қатысты. Жарыста қала, аудан ардагерлерінің арасында оза шауып іріктелгендері ғана бақ сынасты.

Сайыстың басты мақсаты – ардагерлердің спорттық шеберліктерін және жан – жақты дайындықтарын арттырып, салауатты өмір салтының құндылығын насихаттауды іс жүзінде қалыптастыру. Сондай-ақ, облыстың үздік ойыншыларын анықтау.

Шахмат пен дойбыға барлығы 20 адам қатысты. Дойбыдан жеңімпаздар микроматч, яғни бірнеше ойынның нәтижесіне байланысты анықталса, ал шахматтан швейцариялық жүйемен, мұнда ойыншылар турдың соңында көп ұпай жинауымен белгілі болады.

Тастаяқта 10 адам бақ сынасты. Жарысқа қатысушылар кәсіби деңгейде өнер көрсетті. Бір-біріне есе жібермеуге тырысып бақты. Жеңімпаздар құрастырма пирамида жүйесі бойынша анықталды.

Нәтижесінде дойбыдан 1-орынды Дәуренбек Уанов жеңіп алса, 2-орын Сейітхан Ыдырышқа бұйырды. 3-орыннан Жұмағали Бикенже көрінді.

Шахматтан 1-орынды Юрий Бибиков еншіледі. 2-орынға Темірболат Каримжанов ылайық деп танылса, 3-орынды Зейнол Абдрахман иемденді.

Тастаяқ ойынында 1-орыннан Дәулет Имандосов көрінсе, 2-орынды Нұрбосын Толқынбеков еншіледі. Ал 3-орынға Ырғайбек Жапарқұлов пен Геннадий Чарсев жайғасты.

Жеңімпаздар диплом және медаль, қаржылай сыйлықтармен марапатталады.

Медет ЖҰМАБАЙ