Жетісу өңірінде биыл 11 спорт нысаны бой көтереді

Уақыты: 24.02.2024
Оқылды: 376

Жетісу өңірінде биыл 11 спорт нысаны бой көтереді. Оған бюджеттен 6 млрд. теңге бөлінген. Бұл туралы облыстық мәслихаттың тұрақты комиссия отырысында айтылды.

Жуырда облыстық мәслихаттың денсаулық сақтау, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет, ішкі саясат және спорт мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Оған облыстық мәслихат төрағасы Гүлнар Тойлыбаева, тұрақты комиссия төрағалары, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл, дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының директоры Ерлан Бақтыбаев, «Атамекен» Жетісу облысының кәсіпкерлер палатасы жеке білім беруде салалық кеңес төрағасы Маржан Ахмеджанова қатысты.

Жиында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Ол аймақта спортпен үнемі айналысатын ерекше қажеттіліктері бар жандардың саны артқанын айтады. Мәселен, спортпен шұғылданушылар 2022 жылы небәрі 8 пайыз болса, қазіргі уақытта 13 пайыздан асқан.

Сала жетекшісі күн тәртібінде көтерілген мәселелерге айрықша тоқталып жауап берді:

Жалпы облыс бойынша мүгедектерге арналған спорт түрлерімен айналысатын адамдардың саны 1 386. Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы I топқа, II топқа жататын барлық мүгедектерге, бала кезінен мүгедектігі бар жандарға көмекшілер тағайындады. Мүмкіндігі шектеулі спортшылардың көмекшілері жарыстарға және күнделікті жаттығу жұмыстарына қатысады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Әлем, Азия чемпионаттарында және халықаралық жарыстарда Жетісу өңірінің параспортшылары 14 алтын, 7 күміс, 10 қола жүлде иеленді. ҚР чемпионаттары мен республикалық жарыстарда олар 107 алтын, 80 күміс, 64 қола медаль жеңіп алды. Сонымен қатар, Ханчжоу қаласында (Қытай) тірек-қимыл аппараты жеңіліске ұшыраған спортшылар арасында өткен IV Паралимпиадалық Азия ойындарында облыстық спортшылар бір күміс және бір қола медальға ие болды, – деді ол.

Айта кетейік, бұл күні үздік нәтиже көрсеткен 49 спортшы облыс әкімінің қаулысына сәйкес ай сайынғы ақшалай сыйақы алып отыр.

Мәслихат отырысында жазғы Париж Олимпиадасына  қатысатын спортшылардың дайындық жұмыстарына қатысты мәселелер де қозғалды. Өткен жылғы Әлем, Азия чемпионаттарында  облыс спортшылары Абдулин Ильфат, Еременко Александр, Жаңбырбай Дәулеткелді 2024 жылғы Парижде өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін 4 лицензия жеңіп алғанын сала басшысы алға тартты. Сонымен қатар, спорттың 6 түрі бойынша лицензия алу жоспарлап отырғанын сөз етті. Қазіргі таңда облыс спортшыларына жоғары нәтиже көрсету мақсатында жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанынан ақпар берді.

Күн тәртібіндегі төртінші мәселе бойынша «Атамекен» облысының кәсіпкерлер палатасының жеке білім беру салалық кеңесінің төрағасы Маржан Ахмеджанова тыңдалды.

Жетісу облыстық мәслихатының денсаулық сақтау, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет, ішкі саясат және спорт мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының өкілдері қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулы қабылдайтындарын айтты.

Медет ЖҰМАБАЙ