Кәсіп ашатын азаматтарға қайтарымсыз несие беріледі

Уақыты: 19.09.2023
Оқылды: 949

2023 жылғы 11 қыркүйектен бастап жеке кәсіп ашуға және дамытуға ниетті азаматтар үшін гранттар беріледі. Аталған жобада республика бойынша 3 780 адамға қайтарымсыз несие беру жоспарланған.

Грант көлемі 400 АЕК-ті (1 380 000 теңге) құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.

«Грант қаражаты – ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»,– деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. 

Қайтарымсыз несиеге өтініш беру business.enbek.kz порталы арқылы жүзеге асады. Ол үшін: 

  • порталда тіркелу;
  • грант алу шарттарына сәйкес тексеруден өту;
  • бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;
  • өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою қажет.

Ал интернет немесе компьютері жоқ шалғайдағы азаматтар мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтінім бере алады.

Грант алуға кімдер үміткер бола алады:

  • тіркелген жұмыссыздар;
  • жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін).

Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:

  • мүгедектігі бар адамдар;
  • қолданыстағы «қандас» мәртебесі бар адамдар;
  • өңіраралық қоныс аударушылар
  • аз қамтылған отбасы мүшелері;
  • көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы/зайыбы);
  • мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы/зайыбы);
  • асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.

Сонымен қатар грант алушының «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқығаны туралы 3 жылға дейінгі сертификаты болуы тиіс.

«Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, адами факторды азайту, өтініш берушілерге ыңғайлы болу үшін гранттар берудің бүкіл процесі электрондық форматқа ауыстырылды. Грант алуға өтінімдерді қабылдау бірыңғай терезе – «Business.enbek.kz» порталы арқылы жүзеге асырылады», – деді жоба авторлары.

Грант қандай мақсатта беріледі?

1. Қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малдарды, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады.

2. Тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.

Қайтарымсыз несиені еңбек мобильділігі орталықтары үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.

«Үміткерлер өз бизнес-жобасын комиссия отырыстарында таныстырады. Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай өлшемшарттар бойынша толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру», – делінген хабарламада. 

Сөйтіп грант арнайы комиссия шешімімен және үміткерлердің бизнес-жобаларына байланысты беріледі.  

Комиссия шешімі үміткердің порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссия үміткердің өтінішін қабылдаған жағдайда грант алушы азамат банк деректемелерін ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп береді.

Мұның бәрі Еңбек мобильділігі орталықтары мен оның филиалдарына (мансап орталықтарына) бармай-ақ, электрондық форматта жасалады.

Айта кетейік, бұған дейін жобаның 1-легінде азаматтарға 2577 грант, 2-легінде 2697 қайтарымсыз несие берілген. 

Дереккөз: Informburo.kz