Футболдан әлем чемпионатында 4-ақ команда қалды. Ендігі сөз сәуегейшілерде…
Майамиде өткен Англия-Норвегия ойынына бардым. Норвегтер ағылшындарды састырды-ақ. Бірақ Беллингемнің аяғына командалас досынан келген доппен екі қорғаушыны қапы қалдырып, сол аяқпен «алынбайтын» гол соққанына трибунада тұрған Дэвид Бекхемнің өзі қол соғып жіберді. Ойын тағдырын сол Беллингемнің қақпашының қайтарған добына үкідей ұшып, бірінші жетіп, бос қақпаның торын екінші рет тулатуы шешті. Есеп бұған дейін 1:1 еді.
Ойынның екі ерекше оқиғасы мынау:
1. Бұл жолы ағылшынның сұрмергені Кейн көбінесе артқа қайтып, қорғаныстың қабырғасын мықтап жүргені. Кейнді бірнеше қорғаушы аңдыды. Бұл Беллингемнің адымын аштырды.
2. Норвегтердің тау мен тасты бұзып өтетін сары ұлы бұл күні көңіл хошы болмай ойнады. Содан ба, ақыры оны алмастырып тынды.
Жеңіс іздеген Норвегия құрама командасының Холандты ойын ортасында алмастырып жіберуі – талай талдауға тақырып болады әлі. Мен бір ғана мысалмен салыстырайын: осы ойыннан кейін сол стадионда қалып тележәшіктен көрген Швейцария-Аргентина ойынында алғашқы 90 минутта жеңісе алмаған соң өткізген тағы екі тайм бойы 40-қа келген Мессиді ешкімге алмастырған жоқ! Ол өйткені – команданың Тұмары еді! Мессиді екі-үш адам аңдып жүргенде Макаллистер, Мартинес, Альварестер қарсыластар қақпасын талқандап кетті!
…Англия-Норвегия ойынына келейін. Ағылшындардан Сака аса жақсы ойнады. Екінші тайм соңында оның қақпа ауласына ғажап шеберлікпен өтіп кетіп, қақпашының қолы жетпейтіндей, ал өз жігіттерінің аяғын соза салса болатындай етіп, көлденең қиып тастаған добын ағылшынның қос сабазы бұлттан асырып, аспанға теуіп жіберді.
Менің көзімді жасқа шылаған оқиға мынау: 100 минут көрген ойыннан соң алдарына тобымен келіп бас иген бүкіл ойыншыларын тұтас бір трибунаны толтырып отырған ағылшын жанкүйерлері орындарынан тік тұрып, өз Жеңіс гимндерін айтып, жарты сағат ұстады. Ақыры жанкүйерлер шаршаған жоқ, футболшылар бірінші тарады. Мұны көруге көз, сезінуге жүрек керек! Ел бол да ұлдарыңды бәйгеге қос. Қосып қана қоймай – бәйгеден бірінші келтір!
Сонау 1966 жылдан бері футбол тәжін кимеген ағылшындарға енді сол күнге жету үшін екі-ақ қадам қалды!
Оларды бұл жолда Месси тізгін тартқан Аргентина командасы күтіп тұр! Ойыннан соң Месси байқамай ма, әдейі ме, былай деп қалды: «Біздің алдымызда енді екі ойын қалды!..»
Бұл кімді болса да ойландыратын сөз.
Сонымен, 48 команда боп бастаған әлем чемпионатында 4-ақ команда қалды! Төрт команда – төрт саусақ секілді. Бірақ олар бірдей емес. Дәл қазір жұмыр жерде сәуегейлік өрттей лаулап тұр. Көбісі-ақ қалған төрт ойынның нәтижесін дұрыс табуы мүмкін. Бұл – сәуегейліктің ең бас ауыртпайтын кезеңі. Мықты бол да сонау 48 команда шешінген кезде жарияла сәуегейлік шешіміңді! Өз басым (шал адамға мақтан артық болмас) осы Англия мен Аргентинаның жартылай финалда кездесетінін осыдан бір ай бұрын жариялағанмын! Бұл шайқаста жеңісті Аргентинаға беремін. Екінші шайқаста Фрацияның Мбаппе, Дембеле секілді майдан қыл суырған ойыншылары болса да командасы жұдырықтай жұмылған Испания әкетеді-ау жолдаманы…
Финалда ма? Аргентина мен Испания ойнаса, мен жеңісті Аргентинаға ұсынар едім! Біріншіден, бұлар сонау 1986 жылы Мексика чемпионаты кезінде өз көзіммен көріп, қолын алу бақытына ие болған, содан бері мен үшін футболдың мәңгілік аласармас шыңы боп қала беретін МАРАДОНАНЫҢ елі! Екіншіден, бүгінгі футболдың сиқыршысы МЕССИДІҢ командасы. Мен беруін беріп жатырмын, бірақ оған қалған үш команда қалай қарар екен? Ал, Сіз ше?..
Несіп ЖҮНІСБАЙ,
Майами, АҚШ





