Әлем чемпионатында Франция мен Испания 1/2 финалда кездесетінін айтқаныма біраз уақыт болды. Бұл – онша футбол ақылын талап ететін шаруа емес еді. Сол шайқаста «ИСПАНИЯ ЖЕҢЕДІ» дедім! Бұл – оңай айту емес болатын. Сол айтқаным келді!
Бейсенжаным (Бейсен Құранбек) дегендей «Айтуға ғана оңай…». Майамидегі Англия–Норвегия ойынын көрген соң елдің аузынан суы құрып айтатын Майамиінде екі күн бөгелдім де, бүгін таңертең Атлантаға ұштым. Тіке ұшпайды ұшақтар. Ұша алмағанынан емес (күніне Майами–Атлантаға 30 рейстен кем ұшақ қатынамайды), жоспарлы түрде – жолай жүздеген жолаушыны өзге қалаларға төге кету үшін. Ұшағымыз жолай Канзас-ситиге ат шалдырған кезде екі сағаттай уақыт болды. Түсе сала тележәшікке жабыстым.
Өзінің Мбаппе, Дембелелеріне сенген Франция құрама командасы Испания тоқыған тасқамал қорғаныстан бұл екеуін қақпа құлпын ашатын жерге шығара алмай, көп уақыттарын сарп етті. Родри капитандық жасаған испандықтар ғаламат командалық ойынымен француздарды тығырыққа тіреді де отырды. Мбаппе, Дембелелерді айттық. Олар бұған дейінгі бар жеңістің батырлары болатын. Олар испандықтарды да сол «қарумен» жаулап алмақ болды. Құрамында бұрынғы жұлдыздар – Иньеста, Касилиас, Хави, Раул, Алонсо тб. сен тұр мен атайындардың бірі де жоқ Испания құрама командасы «ұжымдық» ойынымен мықты демеп пе едім, солай болды да. Бір ғана Холандқа сенген Норвегияның кері Францияға келді. Испания бұл әлем чемпионы басталғалы Франция, Франция деп аузынан суы құрыған миллиондаған жанкүйердің аузын ұрды. Осы жерде Қазақстаннан хабарласқан бір жанкүйерге ойын басталмай тұрып-ақ болатын нәтижені айтып бергенімді мына жазбалармен дәлелдей кетейін.
Ұшаққа шақырып жатыр. Осыдан Чикаго, одан ары Атлантаға ұшамыз. Бізше ертең екінші жартылай финал өтеді. Сонау 1966-дан бері футбол тәжін кимеген Англия мен кешегі әлем чемпионы Аргентина шайқасады. Бұл жерде нәтижені тап басу қиын. Франция – Испания ойынындағы нәтижені мен бірден сеніммен айтқамын. Ертеңгі ойынның қорытындысын айту қиын. Ағылшын құрамасы бұл жолы мықты. Томас Тухелдің, елдің наразылығына қарамай, бірнеше атақты футболшыны ауылға тастап кеткені өзін-өзі ақтады. Ол ашқан жұлдыз деп мен №10-шы Гордонды атар едім. Бір чемпионатта бір жұлдызды жарқырату аз табыс емес.
Кешегі, одан бұрынғы ойындарда солғындау көрінгенмен Аргентина – құдіретін ішінде көрсетпей сақтайтын мықты ұжым. Олар Мессиге ғана сеніп, бар ойынды соның айналасында құрмайды. Бірақ, жоқ нәрсені бар қылмаса ол Месси бола ма?!! Аргентинада алаңға бір мезетте емес, кезек шығып-ақ нәтиже жасап беретін Альварес пен Мартинестері бар. Мессиге сәл төмен түсіп, соларға доп жеткізіп беріп тұрса да жетеді. Ал, әр ойында мүлт кетпей ататын бір-екі оқ Мессидің сол аяғындағы мылтығының ұңғысында.
Қиындау болса да мен финалға Аргентинаны шығарамын. Қате кетсем, алыста шаршап, бір қаладан бір қалаға арып-ашып жетіп жүрген Несіпті кешірерсіздер. Оның үстіне Аргентинаға деген махаббат тағы бар…
Несіп Жүнісбай,
АҚШ. Майами-Канзас-Чикаго-Атланта





