Жетісу облысында Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының күндері қорытындыланды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Екі күнге созылған кәсіби кездесу барысында елордалық жетекші мамандар өңір тұрғындарына тегін консультация беріп, күрделі хирургиялық операцияларға қатысты. Ал өңірлік медицина қызметкерлері үшін онлайн семинарлар мен тәжірибелік оқыту шаралары ұйымдастырылды. Бұл бастама шалғай аймақтардағы халыққа сапалы әрі заманауи медициналық көмекті қолжетімді етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Астаналық білікті дәрігерлердің келуі Жетісу өңіріндегі денсаулық сақтау саласының әлеуетін көтеріп, жергілікті тұрғындардың елордаға сапарламай-ақ жоғары деңгейлі ем алуына жағдай жасады.
Талдықорған қаласындағы Облыстық аурухананың базасында өткен шараның басты ерекшелігі – теориялық білімнің нақты клиникалық тәжірибемен қатар жүруі. Медициналық орталық мамандары пациенттердің жағдайын қарап, медициналық тактиканы талқылап, күрделі жағдайлар бойынша әріптестерімен пікір алмасты. Тәжірибелік сабақтар кезінде пациенттердің өмір сүру сапасын арттыратын аз инвазивті, яғни денеге үлкен тілік түсірмейтін заманауи ота тәсілдері кеңінен көрсетілді. Мұндай озық әдістер науқастың тез сауығып, қатарға қосылуына мүмкіндік береді.
Ауқымды бағдарлама аясында нейрохирургиялық және эндоваскулярлық бағыттағы заманауи тәсілдерге, сондай-ақ хирургиялық емнің тиімді әдістеріне ерекше назар аударылды. Өңір дәрігерлері үшін онлайн форматта арнайы семинар өтіп, нақты клиникалық жағдайлар егжей-тегжейлі талданды. Іс-шараға ҚР ПІБ Медициналық орталығы Ұлттық госпиталінің жоғары санатты нейрохирург дәрігері Мақсат Мусабеков қатысты. Білікті маман нейрохирургия саласындағы көпжылдық практикалық тәжірибесімен бөлісіп, өңір дәрігерлерімен бірге күрделі ми мен омыртқа дертіне шалдыққан науқастардың жағдайын талқылады.
«Мұндай кездесулердің маңызы – тек консультация немесе операция жасаумен шектелмейді. Ең бастысы – тәжірибемен бөлісу, әріптестермен бірге күрделі клиникалық жағдайларды талдау және заманауи тәсілдерді өңірде қолдануға мүмкіндік беру. Осындай тікелей кәсіби байланыс дәрігерлер үшін де, пациенттер үшін де маңызды», – деді ҚР ПІБ Медициналық орталығы Ұлттық госпиталінің жоғары санатты нейрохирург дәрігері Мақсат Мусабеков.
Бүгінгі таңда Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде цифрлық сауаттылық пен телемедицина мүмкіндіктері қарқынды дамып келеді. Заманауи технологиялар өңір дәрігерлеріне елордалық ғылыми орталықтармен күнделікті байланыста болып, күрделі операциялар кезінде онлайн кеңес алуға жол ашады. Медициналық орталық күндерінің Жетісу облысында өтуі өңір медицинасының мүмкіндіктерін кеңейтіп, жоғары мамандандырылған көмекті жергілікті деңгейде көрсетуге және дәрігерлердің кәсіби біліктілігін жетілдіруге жол ашты. Мұндай сапалы оң өзгерістер аймақ тұрғындарының денсаулығын нығайтуға тікелей ықпал етеді.





