Күздің қара суығы түспей тұрып қыс қамын пысықтау – ауыл жұртының ежелден қалыптасқан дағдысы. Қора-қопсысын бүтіндеп, отынын сайлап, пешінің бабын келтіру – әр шаңырақтың берекелі тірлігі. Осы орайда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары Көксу ауданына қарасты шалғайдағы Мәулімбай ауылына арнайы барып, жылыту маусымына дайындық барысын пысықтады.
Кешенді профилактикалық шараға ТЖД қызметкерлерімен бірге РЭС және газ саласының мамандары қатысты. Олар елді мекендегі 57 тұрғын үйді аралап, пештер мен түтін мұржаларын, электр желілері мен тұрмыстық жабдықтарды қарап шықты. Қауіптің алдын алу үшін көміртегі тотығы мен түтінді сезетін құрылғылар орнатылды.
Тұрғындарға жылыту пештерін қауіпсіз пайдалану, мұржаны уақытылы тазалау, электр желілеріне салмақ түсірмеу жөнінде нақты кеңес берілді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Еламан Әубәкіровтің айтуынша, шалғай ауылдардағы мұндай түсіндіру жұмыстарының маңызы зор.
– Ауылдағы 57 үйді аралап, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіреміз. Әр шаңыраққа датчик орнатамыз. Жылыту пешінің алдындағы еденге ені кемінде 50-70 сантиметр болатын жанбайтын материал төселуі қажет. Сондай-ақ жеке тұрғын үй ауласындағы шөп, қора-жай және басқа да құрылыс нысандары өрт қауіпсіздігі талаптарына сай орналастырылуы керек. Мәселен, шөп қоралары мен қоймалар тұрғын үйлер мен аула құрылыстарынан кемінде 15 метр қашықта болғаны жөн, – дейді Еламан Манарбекұлы.
Жергілікті электр желісінің қызметкері Елнұр Ажықанов та сақтықтың салмағына тоқталды. Оның сөзінше, электр желілерін күнделікті бақылауда ұстау, ақау байқалса дер кезінде жөндеу – тілсіз жаудың алдын алатын қарапайым әрі қажетті шара.
Ауыл тұрғыны Гаухар Шайекенова түтін мұржасын жиі тазалап тұратынын айтады. Оның пікірінше, мамандардың келіп, әр үйдің жай-күйін көзбен көріп, ақыл-кеңес беруі тұрғындар үшін пайдалы.
Қамза-2 көшесінің тұрғындары Қожахмет Үсенов пен Ерғали Байтұров қыс қамын ерте ойлап, пештерін жөндеп, жылыту маусымына әзірлеп қойған. Электр сымдарын да ретке келтіріп, ақаулы тұстарын түзеген.
Қыстың қамын жаз ойлайтын қазақ үшін мұндай сақтықтың мәні бөлек. Қарапайым қағиданы қаперде ұстау – бала-шағаның амандығы мен шаңырақтың тыныштығына бастайтын төте жол. Төтенше жағдайдың алдын алу алдымен әр үйдің ошақ қасынан, әр азаматтың жауапкершілігінен басталады.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





