Талдықорғандағы Тіл сарайында квазимемлекеттік сектордағы комплаенс-қызметкерлер бас қосты. «Комплаенс-қызмет: тәуелсіздік, жауапкершілік және нәтиже» атты форумды ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облыстық департаменті ұйымдастырды.
Жиынға жетпіске жуық облыстық комплаенс-офицер қатысып, саладағы өзекті мәселелерді ортаға салды. Басқосуды департамент басшысы Қобылан Манап жүргізіп, комплаенс қызметінің мемлекеттік басқару жүйесіндегі орнына тоқталды.
Кейінгі жылдары қолданыс аясы кеңейіп келе жатқан комплаенс институтының негізгі мақсаты – қызметтік ортадағы заңдылық пен адалдықты орнықтыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Осы бағыттағы жаңарған талаптар мен міндеттер жиын барысында кеңінен сөз болды.
Департамент басшысының орынбасары Арыстан Асқардың айтуынша, шара сала мамандарының басын қосып, жаңа талаптардың мәнісін таразылау мақсатында ұйымдастырылған.
– Жиын комплаенс қызметкерлері күні қарсаңында ұйымдастырылды. Елімізде бұл институт кейінгі жылдары қалыптасып келе жатыр. Осы уақыт аралығында нормативтік құжаттарға екі мәрте өзгеріс енгізілді. Соңғы өзгеріс 10 тамызда республикалық деңгейде бекітілді. Бүгін мамандарды жинап, жаңа құжаттың мақсатын түсіндірумен қатар алдағы атқарылар істі пысықтап, офицерлердің ой-пікірін тыңдауды көздедік. Әрине, негізгі мұрат – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы жұмысты жүйе-леу, – дейді Арыстан Асқарұлы.
Басқосуда І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің комплаенс-офицері Болат Қабыкенов білім беру саласындағы комплаенс қызметінің практикалық қырларына тоқталып, «Білім беру саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметін тиімді ұйымдастырудың практикалық мәселелері» атты баяндама жасады.
Жиын барысында сала мамандары тәжірибе алмасып, көкейде жүрген сауалдарын ортаға салды. Көкейкесті мәселе мен кесек істің кілті – күнделікті тәртіп пен жауапкершілікте. Ком- плаенс қызметінің де өзегі осында: заңға жүгіну, ар-ұятты арқау ету, адалдықты айнымас қағидаға айналдыру.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





