Париж төрінде Франциядағы Қазақстан мәдениеті күндері аясында екі ел арасындағы рухани әрі шығармашылық байланыстарды жаңа деңгейге көтеретін маңызды кездесулер өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Француз Республикасының Мәдениет министрі Катрин Пегармен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады. Екі ел басшылары – Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макронның өзара сенімге негізделген достық қарым-қатынасы мәдени байланыстардың жүйелі дамуына серпін беріп отыр.
Парижге сапар барысында отандық делегация өнер саласындағы бірқатар ірі мекемелермен келіссөз жүргізді. Сондай-ақ Арман Қырықбаев әлемге әйгілі Лувр музейінің президенті Кристоф Лерибомен жүздесті. Кездесуде Лувр қорындағы бірегей жәдігерлер көрмесін Қазақстанда ұйымдастыру, музей ісін дамыту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру жолдары қарастырылды.
Франция тарапы қазақстандық өнер ұжымдарымен тығыз жұмыс істеуге айрықша мүдделілік білдірді. Келіссөздер нәтижесінде екі елдің белгілі театрлары мен өнер ұжымдары арасында өзара гастрольдік сапарлар ұйымдастыру келісілді. Сонымен қатар архив, музей және театр мамандарына арналған арнайы оқу бағдарламалары, тағылымдамалар мен шеберлік сабақтарын өкізу қарастырылды. Ынтымақтастықтың келешегін сараптау мақсатында Бранли жағалауындағы Жак Ширак музейінде «Қазақстан – Франция: мәдени диалогтан бірлескен жобаларға» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, өзара ықпалдастықты арттырудың нақты қадамдары айқындалды.
Аталмыш бастамалар отандық мәдениет саласы өкілдерінің кәсіби шеберлігін шыңдап, халықаралық стандарттарды енгізуге үлкен мүмкіндік береді.
Франциядағы Қазақстан мәдениеті күндерінің шоқтығы биік оқиғасы – Париждегі «Мариньи» театрында ұйымдастырылған Қазақстан өнер шеберлерінің гала-концерті болды. Салтанатты кеште дәстүрлі музыка, күйлер мен заманауи хореография қатар өріліп, француз көрермендерінің ыстық ықыласына бөленді.
Сахнада Әлішер Кәрімов, Зарина Алтынбаева, Ернар Садырбай (Amre), Елдар Сапараев, Расул Жармағамбетов, Фархат Кубиев, Назым Сағынтай, «Астана Балет» театры, HasSak этнофольклорлық ансамблі және Mezzo тобы өнер көрсетті. Өнерпаздарға Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі сүйемелдеу жасады.
Мәдениет саласындағы мұндай ауқымды шаралар екі халықты жақындастырып қана қоймай, Қазақстанның бай тарихи-мәдени мұрасын әлемге танытудың тиімді құралы екенін айқын көрсетті. Халықаралық жобалар мен тәжірибе алмасу отандық өнер мекемелерінің әлеуетін арттыруға оң ықпал етеді.





