Ауылдың тіршілігі сырт көзге қарапайым көрінгенімен оның өзіне тән берекесі мен бейнеті бар. Таңмен таласа тұрып, малдың жайын жасау, қора-қопсыны реттеу, күнделікті тірлікті тындырып, адал еңбектің нәпақасын көру – ауылдағы ағайынға таңсық емес.
Шұбар ауылының тұрғыны Қуат Танабеков те осындай маңдай термен күнелтіп жүрген азаматтың бірі. Қуат Байтуған- ұлы еңбек жолында электрик, құрылысшы секілді түрлі жұмысты атқарып көрген. Яғни, ол қолынан іс келетін, қандай жұмыстан да қашпайтын азамат. Қазір оның негізгі айналысып жүрген кәсібі – жылқы бағу, бие сауу және ауыл тұрғындарына саумал мен қымыз ұсыну. Бұл іске Қуаттың ден қоюына да уақыт пен тәжірибе әсер еткен. Бүгінде бие сауып, қымыз дайындап жүргеніне жетінші жыл.
Алғашқы кезде жай ғана ауылдың күнделікті тіршілігі ретінде басталған жұмыс біртіндеп тұрақты іске айналған. Қазір ауыл тұрғындары оның саумалын іздеп, алып тұрады. «Саумалға сұраныс көп», – дейді Қуат. Шынында да соңғы жылдары табиғи өнімге деген қызығушылық артып келеді. Қоспасыз, таза әрі ауыл жағдайында дайындалған сүт өнімдерін тұтынуға ұмтылатындар аз емес. Әсіресе саумал мен қымыздың денсаулыққа пайдалы қасиетін бағалайтындар ауылдан осындай өнім іздейді. Қуаттың да еңбегінің бағалануы осы сұраныспен тікелей байланысты. Қазақ халқы үшін жылқының орны бөлек. Оның етін азық етіп, сүтін сусын еткен халқымыз бие сауып, қымыз ашытудың өзін өнерге балаған. Бүгінде заманауи тіршілік салты өзгергенімен бұл дәстүр ауылда әлі де жалғасып келеді. Қуаттың күнделікті еңбегі – соның бір көрінісі. Кейіпкеріміз Бауыржан, Сабыржан, Айым, Гүлім есімді ұл-қыздардың әкесі. Балалары бүгінде Алматы мен Астана қалаларында тұрады.
Ал жары Сарқыт мектепте еңбек етеді. Балаларының алды қалада жүргенімен Қуаттың өзі ауылдың тыныс-тіршілігімен біте қайнасып, төрт түліктің бабын жасап жүр. Бие сауу – сырт көзге оңай көрінгенімен өзіндік машақаты бар жұмыс. Малдың жайын бақылау, уақытылы сауу, өнімді дұрыс сақтау – мұның бәрі жауапкершілікті талап етеді. Қуат осы істің қыр-сырын жылдар ішінде меңгеріп, тәжірибе жинаған.
Кейіпкеріміз: «Бұл жұмысты кәсіпке айналдырсам деген ойым бар. Бірақ оны уақыт шешеді», – дейді ол. Бұл сөздің астарынан ауыл адамына тән сабыр мен есепті байқауға болады. Қуат үшін ең бастысы – бүгінгі істі сапалы атқарып, тұтынушының көңілінен шығу. Ал кәсіпті кеңейту мәселесі кейінгі уақыттың еншісінде. Қазір жылқыларының бабын жасап, бие сауып, ауылдастарының дастарқанына табиғи өнім ұсынудың өзі бір қуаныш. Бір қарағанда, қарапайым көрінетін осы тірліктің соңында күнделікті еңбек, төзім және атакәсіпке деген құрмет жатыр.
Ауылдың берекесі де осындай қарапайым еңбектен құралады. Бірі – мал өсірсе, бірі – егін егеді, енді бірі – өз қолындағы мүмкіндігін пайдаланып, табиғи өнім өндіреді. Қуаттың жеті жылдан бері жалғасып келе жатқан еңбегі де ауылдағы осындай тынымсыз тірліктің бір үлгісі.
Айгүл БАЙБОСЫН





