Адам кейде өмірдің ең маңызды сабағын ұзақ уақытта емес, бір ғана сәтте түсінеді. Бір қоңырау, бір хабар немесе бір ауыз сөз адамның бүкіл өмірге деген көзқарасын өзгертуі мүмкін. Менің де өмірімде сондай сәт болды.
Аға деген әкеден кейінгі қорғаның, арқаланар, қажет кезде сырласың. Әкеңе айта алмайтын сырыңды бөлісетін, қамқоршың, сүйенішің жақын адамың ғой. Кейде сол адамның қадірін күнделікті өмірде байқамай қаламыз…
Желтоқсанның 29-ы, кешкі сағат төрттер шамасында телефоным шырылдады. Бірақ бұл қоңырау өмірімдегі ең ауыр сәттердің біріне айналарын білмедім… Осы қоңыраудан кейін айналамдағы дүниенің бәрі өзгеріп кеткендей болды. Не болғанын түсінуге тырысып, сан түрлі ойдың арасында қалдым. Жылағым келеді, бірақ ішімдегі сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Жақын адамнан айрылудың қандай ауыр екенін сол сәтте түсіндім. Бұл күн маған қасында жүрген кезде бағалау керектігін ұқтырды. Біз өмірде көп нәрсені кейінге қалдырамыз. «Кейін қоңырау шаламын», «кейін сөйлесемін», «кейін барамын», «кейін айтамын» дейміз. Бірақ сол «кейіннің» болатынына ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан жақындарыңыз қасыңызда отырғанда олардың қадірін сезіне білу керек. Бірге ішкен шай, айтылған әңгіме, бірге күлген сәт, күнделікті еститін дауыс біз үшін қарапайым көрінгенімен, шын мәнінде өмірдің ең қымбат сәттері екен.
Осы оқиғадан кейін бәріне басқаша қарай бастадым. Жақындарымның амандығын, олардың қанымда жүргенін бағалайтын болдым. Себебі адам кейде үлкен дүниелерді аңсап жүріп, қолындағы ең үлкен байлықты байқамай қалады. Менің айтқым келгені осы…
Жақындарыңызды бар кезінде бағалаңыздар. Жақсы көретініңізді айтуға ұялмаңыздар. Сағынсаңыздар, қоңырау шалыңыздар. Уақыттарыңыз болса бірге өткізіңіздер. Құшақтағыңыз келсе құшақтаңыздар. Өйткені айтар сөзді кейін айтуға, кездесулерді кейін өткізуге мүмкіндік болмауы мүмкін. Өмір бізге ертеңге кепілдік бермейді. Бірақ бүгін жақын адамыңызға жылу сыйлауға мүмкіндік береді. Соңғысын бақытты алыстан іздемейік, бақыт деген дәл қасымызда отырған адамның амандығы, оның дауысы, күлкісі, саған деген қарапайым қамқорлығы. Бір қоңырау менің өміріме осындай сабақ қалдырды. Жақыныңды жоғалтқаннан кейін сағынғанша, бар кезінде қадірін білген дұрыс.
Ақнұр ИБРАГИМ,
студент





