Өмірде адамды бір сәтте өзгертіп жіберетін жағдайлар болады. Осыдан бір жыл бұрын әкемнің туған әпкесі өмірден өтіп, отбасымыз ауыр қайғыға ұшырады. Бұл ес білгелі өз көзіммен көріп, жүрегіммен сезінген алғашқы үлкен қаза еді. Сол күндері мені өлімнің өзінен де қатты ойландырған нәрсе болды. Бұл адамдардың қаралы үйдегі әрекеті.
Біреудің қазасына көңіл айтуға келген адамдардың арасында аз уақыттан соң күнделікті әңгімеге көшіп, күліп отырғандар кездеседі. Кейбірі марқұмның өмірін талқылап, бірі сынап, бірі өсекке айналдырады. Қайғыға ортақтасуға келген жанның өзінен мұндай әрекетті көру көңілге ауыр тиеді. Қонағасы кезінде де осындай жағдайлар байқалады. Марқұмды еске алып, дұға жасау, артында қалған жақындарына көңіл бөлу орнына дастарқанға асығып, ішіп-жерін түгендеп, өзара әңгімеге берілетіндер бар. Сонда еріксіз: «Біз бұл жерге не үшін келдік?» деген сұрақ туындайды.
Жаназа – күнделікті әңгіменің, өсек-аяңның немесе дастарқанның орны емес. Өмірден өткен адамды соңғы сапарға шығарып салатын, оның жақындарының қайғысына ортақтасатын қасиетті сәт. Бірақ біз кейде адамның қайғысына да өлшем қоямыз. «Неге жыламай отыр?», «Көзінен жас шықпады ғой» деп біреудің сезімін сырттай бағалаймыз. Ал адамның жүрегінде не болып жатқанын кім біледі?
Біреу қайғысын көз жасымен көрсетеді. Біреу үнсіз қалады. Біреу өзін барынша ұстап, сабыр сақтауға тырысады. Бұл әр адамның өз сезімі. Қайғының көрінісі әртүрлі болғанымен, оның ауырлығы бірдей болуы мүмкін. Сондықтан біреудің жылаған-жыламағанын талқылау оның қайғысын түсіну емес.
Көңіл айту мәдениеті де осыдан басталады. Кейде қайғырып отырған адамға ұзақ сөздің қажеті жоқ. Шын көңілмен айтылған «Иманды болсын» деген бірауыз сөздің өзі жеткілікті. Ең маңыздысы – адамның ауыр сәтінде оның жанынан табылып, қайғысына құрметпен қарау.
Өлім – бәрімізге ортақ ақиқат. Бүгін біреуді соңғы сапарға шығарып салсақ, ертең сол жолдан өзіміздің де өтетінімізді ұмытпауымыз керек. Сондықтан жаназаға барғанда алдымен өзімізге сұрақ қойғанымыз жөн: «Мен бұл жерге не үшін келдім?» Егер жауап – қайғыға ортақтасу болса, онда орынсыз сөзден, өсектен, артық әңгімеден тыйылайық. Марқұмның жақсы қасиетін еске алып, дұға бағыштап, артында қалған адамдарға қолдау көрсетейік.
Бәлкім, қоғамға үлкен өзгеріс әкелетін нәрсе де осындай қарапайым адамгершіліктен басталар. Өйткені жаназа тек марқұмды шығарып салатын рәсім емес, тірілерге де өмірдің өткіншілігін, адамдықтың қадірін еске салатын сәт. Өзгенің ең ауыр күнінде оның қайғысын бағаламай, жай ғана түсінуге тырысу – адамдықтың ең қарапайым көрінісі.
Гүлжанат СҮЛЕЙМЕН,
Жқ 311-тобының білімгері





