Бұйырса қазан айының алғашқы күндері «Мизам» жылжымалы әдебиет мектебінің жаңа маусымы басталады. Алғашқы күннен бері бізбен бірге келе жатқан мизамдықтармен қайта қауышу бізді шабыттандырады. Ал жаңа достармен танысамыз деген сенім кітап әлеміне деген қадамымызды нықтай түседі. Осы уақытқа дейін 500-ден аса балаға дәріс бердік. Кітап оқуға ынталандырдық. Талай бұлақтың көзін ашуға қарекет жасадық. Бәрі адам ойлағандай бола бермейді. Біз оқытқан оқушының бәрі кітап оқып кетсе қанеки?!
Иә, барлық оқушы талаптанып кеткенімен «Мизам» кеңісітігінде қанаттанған бала саны жүзден асты. Әу бастағы «бір ауданнан бір бала шықса, соған да шүкір» деген әлсіз үмітіміз жүз есе нәтижесін беріп, қазір жүздің үстінде мизамдық достарымыз кітап оқу мәдениетін қалыптастырып үлгерді. Үнсіз ұстаз атанған кітапты өмірлерінің бөлшегіне айналдырып жазғы демалыста да үзбей жалғастырып әкетті. Оның үстіне мамыр айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемел-ұлы Тоқаев кітап оқитын ұлт идеясын жүзеге асыру мақсатындағы ғаламат Жарлыққа қол қойды. Бұл біз үшін бір шетінен қуанатын, бір жағынан құлазитын жаңалық болды. Қуанатынымыз – «Мизам» жылжымалы әдебиет мектебінің дер кезінде құрылғаны. Ұлт болашағына, ұрпақ ертеңіне ең пайдалы асыл қазына кітап болуы керек деген бастамамыздың мемлекет тарапынан қолға алынып жатқаны. Ал құлазитынымыз – құндылықтар құлдыраған заманның көрінісі болды. Адамды адам ететін асыл қазынаның қадірі қашып, жетер жеріне жетіп қалған шағында Мемлекет басшышысы тарапынан Жарлықпен қолға алынғаны. Әйтпесе әр адамға ауа, су, тамақ қалай қажет болса рухани байлықтың асыл арнасы кітап та сондай керек емес пе?! Ел Президентінің Жарлығынан кейін сең қозғалғаны ұят нәрсе! Десек те кітапқа бетбұрыс басталды! Нәтижесінде кітап оқу марафоны басталып, барша қазақстандықтарды рухани аламанға салып жіберді. Жеңімпазға берілетін жүлде де қомақты. Шынтуайтына келгенде қанша қымбат болса да ақшаңды қиып, асыл қазына кітапты өзіміз сатып алып оқуымыз керек еді. Амалсыздан кітап оқығаны үшін ақша төлейтін жағдайға келіптік.
Рас қазіргі нарық заманы біреуге бір нәрсе бермесең, керегіңді ала алмайтын уақыт. Облыс әкімдігінің қолдауымен жолға шыққан «Мизам» мектебі де кіл жүйріктің ішіндегі шын жүйріктерге ақшалай сыйақы тағайындаған. Алғашында балалар осы сыйақыға қызығып бастаса, қазіргі жағдайда олар кітапты өмірлерінің бір бөлшегіне айналдырып алған. Қазір олардың мақсаты – мәреге жетіп, сыйақы алу емес, өзі оқыған жақсы кітапты өзге достарымен бөлісіп, олар кеңес берген кітапты таласа оқып, ой бөлісіп, көкжиектерін кеңейту екенін байқап жүрміз. Бұл «Мизамның» нәтижелі жұмысының дәмді жемісі! Бүгін кітап оқу марафонына қатысып жатқан әр адам болашақта мәреде алатын ақша үшін емес, толық адам болып қалыптасып, рухани бай тұлғаға айналу үшін оқыса екен. Кітапты тәп-тәуір оқитындардың қатарында болсақ та мизамдық ұстаздар бұл марафоннан тыс қаламыз. Себебі біздің өз марафонымыз бар. Ол бізді сағына күтіп отырған мизамдық достарымыздың ортасында болу. Бірақ «Мизамның» оқушыларының арасында ұлттық марафонда бақ сынайтындар бар. Оларға сәттілік тілейміз. Ал бүгін ата басылымның төрінен арынды Ақсудың, кітапқұмар жұлдыздарына орын бердік. Ақсу ауданы да белсенділер қатарында екенін ескере отырып, оқушыларымыздың жүрекжарды лебізімен бөлісеміз. Қабыл алыңыздар!
ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТКЕН ЖОБА
«Мизам» мен үшін жай ғана кітап оқитын жоба болған жоқ. Кітапқа деген қызығушылығым артып, оқыған дүниеме ой жүгіртіп, өз пікірімді қалыптастыруға үйрендім. Бұрын кейде кітапты тек тапсырма ретінде оқитын болсам, қазір әр кітаптың айтар ойы, беретін тәрбиесі барын түсіндім.
Кітап оқыған сайын адамның ойлау қабілеті өзгереді. Кейіпкерлердің өмірімен таныса отырып, олардың қуанышы мен қиындығына бірге үңілесің. Кейде өзіңе таныс жағдайларды көріп: «Мұндай сәтте мен не істер едім?» деп ойланасың. Осылайша кітап адамды өз-өзіне сұрақ қоюға, дұрыс шешім қабылдауға және айналасындағы адамдарды түсінуге үйретеді. Кітап оқығаннан кейін менің өмірімдегі ең үлкен өзгерістің бірі – ойымды саралауға және өз пікірімді ашық жеткізуге үйренгенім. Сонымен қатар сөздік қорымның байығанын, адамдардың пікіріне басқаша қарай бастағанымды байқадым. Бұрын бір нәрсеге бірден баға беруге асықсам, қазір оның себебін түсінуге тырысамын. Кітап маған әр адамның өз тарихы, өз сезімі бар екенін ұқтырды. Қазіргі заманда телефон мен әлеуметтік желі көп уақытымызды алып жатыр. Қысқа видеоларды бірнеше сағат қарап отырғанымызбен оның көпшілігі есте қалмайды. Ал кітаптан алған ой адамның есінде ұзақ сақталады. Бір жақсы кітап кейде адамның белгілі бір мәселеге деген көзқарасын түбегейлі өзгерте алады. «Мизам» жобасының маған берген ең үлкен пайдасы – кітап оқуды міндет емес, қажеттілік ретінде қабылдай бастағаным. Әр оқыған кітабымнан өзіме бір ой, бір сабақ алуға тырысамын. Кітап оқу арқылы мен тек білім алып қана қоймай, өзімді де танып келе жатқандаймын. Сондықтан кітапты адамның рухани дамуына жол ашатын құрал деп есептеймін. Кітап оқитын адамның ойы терең, сөзі мағыналы, көзқарасы кең болады. Бәлкім, бір кітап адамның бүкіл өмірін бірден өзгертіп жібермес. Бірақ әр оқылған бет адамның бойына кішкентай өзгеріс енгізіп, уақыт өте келе үлкен нәтижеге жеткізеді. Мен үшін «Мизам» жобасы дәл осындай өзгерістердің бастамасы болды. Сол үшін «Мизамға» мың алғыс!
Батима Серікқызы,
Н. Есеболатов атындағы орта мектебі
ҮЗДІКСІЗ ДАМУҒА МҮМКІНДІК
«Мизаммен» бірге мен кітап оқудың тек білім алудың құралы емес, адамның ойлау қабілетін дамытып, дүниеге деген көзқарасын қалыптастыратын үлкен мүмкіндік екенін түсіндім.
Әрбір оқыған шығармам арқылы кейіпкерлердің тағдырын саралап, олардың іс-әрекетіне баға беруге және шығарманың негізгі идеясын терең түсінуге үйрендім. Сонымен қатар, өз ойымды еркін жеткізіп, пікірімді дәлелмен қорғау, уақытты тиімді пайдалану және бастаған ісімді жауапкершілікпен аяқтау дағдыларын қалыптастырдым. «Мизам» мен үшін кітапқа деген қызығушылығымды арттырып қана қоймай, ізденуге, ойлануға және үздіксіз дамуға жол ашқан ерекше орта болды.
Сандуғаш Айбек,
Ж. Сыдықов атындағы орта мектебі
Кітапқа бастар жол
Кейде адам өмірінде көп нәрсені өзгертетін үлкен оқиға емес, жүрекке жақын болған кішкентай ғана орта болады. Мен үшін сондай ерекше орта – «Мизам» жылжымалы әдебиет мектебі. Бұл жобаға қатысу арқылы мен кітапты жай ғана оқылатын дүние емес, адамды ойландыратын, сезіндіретін, өзгертетін ерекше әлем ретінде тани түстім. «Мизамға» алғаш келген сәттен-ақ оның өзгеше атмосферасын сезіндім. Мұнда кітапты міндет үшін емес, қызығушылықпен оқуға деген ынта қалыптасады. Бір-бірімен кітап туралы пікір алмасқан балаларды көрген сайын өзіңнің де жаңа шығармаға қол созғың келеді. Бір кітаптың айналасында түрлі ойдың тоғысып, әр адамның шығарманы өзінше қабылдайтыны маған ерекше әсер етті.
Бұл жобаның ең құнды тұсы – кітап оқуды әдетке ғана емес, өмір салтына айналдыруға ықпал етуі деп ойлаймын. «Мизамда» әр кітаптың өз үні, өз әлемі бар екенін түсіндім. Кейбір шығармалар маған жаңа білім берсе, кейбірі өзіме сұрақ қоюға үйретті. Ал кейбір кітаптардағы кейіпкерлердің тағдыры мен сезімі ұзақ уақыт ойымнан кетпеді. Осылайша кітап оқыған сайын өзіңді де тереңірек тани бастайды екенсің. Маған әсіресе жобадағы балалардың кітапқа деген құлшынысы ұнады. Біреудің бірнеше кітап оқығанын естігенде, өзің де «мен де оқып көрсем екен» деп талпынасың. Бір-бірімізге кітап ұсынып, оқығанымызды талқылап, өзімізге ұнаған шығармалармен бөлісуіміз әдебиетке деген қызығушылығымызды одан әрі арттырды. Мұнда кітап – сөресінде үнсіз тұрған зат емес, адамдарды біріктіретін ортақ құндылыққа айналады.
«Мизам» маған бір маңызды нәрсені ұқтырды: кітап оқу – уақыт өткізу емес, өзіңді қалыптастыру. Әр оқылған кітап – адамның ойына қосылған бір жаңа көзқарас, жүрегіне ұялаған бір жаңа сезім, өміріне қосылған бір жаңа сабақ. Кітап көбейген сайын адамның ойлау әлемі де кеңейе түседі. Мен бұл жобадан тек оқыған кітаптарыммен емес, алған әсеріммен, жаңа ойларыммен және кітапқа деген ерекше ықыласыммен кетемін. Бұрын кітапты оқып бітіру маңызды көрінсе, қазір одан алған ойдың өмірімде қалуы маңызды екенін түсіндім.
«Мизам» – мен үшін жай ғана жылжымалы әдебиет мектебі емес. Ол – кітапқа қызығушылықты оятып, ойлануға үйрететін, ізденіске жетелейтін, әдебиетті жүрекпен сезінуге мүмкіндік беретін ерекше жоба. Меніңше, бір балаға кітап оқытудың өзі – бір адамның болашағына жасалған үлкен қадам. Ал «Мизам» сияқты жобалар сол қадамды көптеген баланың жүрегінде қатар бастауға мүмкіндік береді. «Мизамнан» алған ең үлкен әсерім – кітаптың адам өмірін өзгерте алатынына көзімнің жеткені. Енді мен үшін әр кітап – жабық тұрған есік емес, ар жағында жаңа әлем күтіп тұрған мүмкіндік. Сол әлемдердің есігін ашуға деген қызығушылығымды оятқаны үшін «Мизамға» алғысым шексіз.
Бұлбұлхан Ғалымбек,
Н. Есеболатов атындағы орта мектебі
БІР МАУСЫМ, БІР ОРТА және ӨШПЕС ӨНЕР
Бала күнімнен кітап оқуды жаныма серік еттім. Ата-анамда телефон болғанымен, ол біздің қолымызға тие бермейтін. Сондықтан мен үшін жаңа әлеммен танысу құралы – кітап болатын. Алғаш мені кітаппен дос қылған, әдебиетке деген махаббатымды ашқан шығарма – Джеймс Гринвудтың «Өгей бала» повесі еді. Бәлкім, бала болғаннан ба, осы кітаптарды бірге оқып, қиял әлеміне сапар шегетін достарымның болғанын, солармен бірге жарысып кітап оқысақ деп армандаушы едім.
Осы кішкентай Зухраның арманын орындаған орта – «Мизам» болды. Иә, мен «Мизамда» тек бір маусым ғана болдым. Бірақ осы аз ғана уақыттың өзінде «Мизам» менің өмірімде елеулі орын алды. Мизам – тек кітап оқитын клуб емес, өмірдің үлкен мектебі. Бізді кітап оқуға баулыды, қайырымды болуды үйретті, қиындыққа берілмеуге тәрбиеледі. Ең бастысы, күн сайынғы кішкентай әрекетің тамшыдай болса да, ол тоқтамай тама берсе, бір күні тас жаратынын түсіндірді. Осындай тәлім берген Жұматай ағай мен Мұхтар ағайдың арқасында аз уақыттың ішінде «Мизамның» жеңімпазы атандым.
Жоғарыда айтқанымдай, «Мизам» бізге қайырымды болуды үйретті. Ақсудың мизамдық оқушылары болып, қайырымдылық челленджін ұйымдастырдық. Жалғызбасты қарт әжейдің үйіне барып, ауласын тазалап, үйін жинап бердік. Ақ самайлы апаның көңіліне қуаныш сыйлап, ақ батасын алып қайттық. «Мизамның» арқасында іске асып жатқан тағы бір бастамамыз – «Bookaholic: кітаппен бір минут» атты конкурс. Бұл конкурстың ерекшелігі – мизамдықтар кітапты тек өздері ғана оқып қоймай, өзге адамдарды да кітап оқуға тартып, қызықтырады.
Осылайша, «Мизамнан» бастау алған әр кішкентай бастама бізді үлкен мақсаттарға жетеледі. Тек бір маусым болса да, «Мизам» – менің бала күнгі арманымды орындаған, кітап оқуға өте көркем түрде баулыған ортаға айналды. Мен үшін «Мизам» жүрегімде өзінің үлкен елеулі орны бар, өмірімдегі бағалы белестердің бірі әрі бірегейі болып қала береді.
Зухра Муқамет,
Қаракемер орта мектебі





