Қазақстанда биыл авиациялық отын өндірісін 825 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға жоғары көрсеткіш, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, биыл елде 750 мың тонна авиациялық отын өндіру жоспарланған. Алайда өндіріс көлемінің артуына байланысты жыл соңындағы көрсеткіш 825 мың тоннаға жетеді деп күтілуде. Қазірдің өзінде сегіз айда 591 мың тонна авиаотын өндірілген.
Салыстыру үшін, өткен жылы елімізде 726 мың тонна авиациялық отын өндірілген. Алдағы жылдары өндіріс көлемін кезең-кезеңімен арттыру көзделген. Жоспарға сәйкес, 2031 жылға қарай бұл көрсеткішті 1,5 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.
Бүгінде отандық өндіріс Қазақстанның азаматтық авиациясы, күштік құрылымдары, азаматтық қорғау органдары мен мемлекеттік материалдық резервінің қажеттілігін толық қамтамасыз етеді.
Ал жолаушылар авиациясының ішкі нарықтағы жылдық қажеттілігі шамамен 680 мың тоннаны құрайды.





