Талдықорған қаласында босанғаннан кейін көз жұмған 22 жастағы Аяулым Асхатқызының қазасына қатысты қозғалған қылмыстық істі тергеу созбалаңға салынып жатыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы NewTimes.kz сайтына сілтеме жасап.
Марқұмның туған-туыстары әділдік талап етіп, істің созылуына алаңдаушылық білдіруде. Босанып, қызды болған келіншек 2025 жылғы 10 желтоқсанда, сәбиі дүниеге келгеннен кейін бір ай өткен соң қайтыс болды. Осы қайғылы жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 317-бабы 3-бөлігі, Төтенше жағдайда медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған еді. Марқұмның әпкесі Маржанның айтуынша, 2026 жылғы 4 сәуірде комиссиялық сот-медициналық сараптама тағайындалғанымен, 5-6 ай өтсе де қорытынды дайын болмай отыр.
Сонымен қатар, отбасы өкілдері Аяулымның денсаулығы нашарлаған сәтте медициналық көмекке бірнеше рет жүгініп, жедел жәрдемді 7 рет шақыртқанын алға тартады. Мекемелік тексерулер барысында медициналық көмек көрсету ережелерінің бұзылғаны анықталып, комиссиялардың бірі өлімді алдын алуға болатын жағдай ретінде таныған. Бірақ сараптама жүргізу қосымша мамандарды тарту және олардың біліктілігін растау қажеттілігіне байланысты уақытша тоқтатылған. Жақындары сараптаманың созылуы қылмыстық жауапкершілікке тарту мерзімінің өтіп кетуіне және істің жабылуына алып келуі мүмкін екенін айтып, дабыл қағуда.
Осы жағдайға байланысты Жетісу облысы Полиция департаменті өкілдері тергеу амалдарының жан-жақты әрі объективті жүргізіліп жатқанын хабарлады. Ведомство мәліметінше, сот сараптамасы заңда белгіленген тәртіппен тағайындалғанымен, тиісті бейіндегі медицина мамандарының тапшылығына байланысты кешігуде. Қазіргі таңда сот-медициналық комиссиясын жасақтау және қорытынды алу үшін қажетті шаралар қабылдануда. Тергеу барысы Жетісу облысы Полиция департаменті басшылығының тікелей бақылауына алынды.
Елімізде соңғы кездері перзентханалар мен медициналық мекемелердегі санитарлық және кәсіби талаптардың бұзылуы жиі талқылануда. Шілде айында Денсаулық сақтау министрлігі республика бойынша перзентханаларды жаппай тексеруді тапсырған болатын. Атап айтқанда, еліміздегі әрбір үшінші перзентханада стерилизация ережелері бұзылғаны анықталды. Тараз бен Абай облысында орын алған ұқсас қайғылы жағдайлар медицина саласындағы сапаны арттыру мен заңнамалық бақылауды күшейтудің каншалықты маңызды екенін көрсетеді.





