Талдықорғандағы Тіл сарайында Дүниежүзілік туризм күніне орай Жетісу облысының туристік индустриясына арналған форум өтті. Іскерлік алаңда жазғы туристік маусым қорытындыланып, саланың бүгінгі тынысы мен ертеңгі бағдары сараланды.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев Жетісудың туризм әлеуеті жыл өткен сайын кеңейіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, биыл Алакөл мен Балқаш көлдеріне 3 миллионға жуық турист келген. Өңірде туризмді жандандыруға бағытталған 24 іс-шара қамтылған күнтізбелік жоспар жасалып, Сиверс алмасының гүлденуі мен Алакөл толқындарына арналған фестивальдер ұйымдастырылған. Оларға 12 мыңға жуық турист қатысқан.
– Жетісудың табиғаты туристі шақырса, жасалған жағдай оның қайта келуіне жол ашады. Туристік орындарды таза ұстау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қолайлы жағдай қалыптастыру – ортақ міндет. Бүгінгі нәтиже – осы бағыттағы еңбектің жемісі, – дейді Марлен Қапашұлы.
Форумда туристік ағынды арттыру, жаңа бағыттар мен өнімдер қалыптастыру, инфрақұрылымды жетілдіру және мемлекеттік әрі жеке сектор арасындағы байланысты бекемдеу мәселелері де сөз болды.
Облыстық туризм басқармасының басшысы Ерсін Ибрашев саланы дамытудағы нақты жұмыстарға тоқталды. Биыл туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында 720 қоқыс контейнері, 30 киім ауыстыратын орын және 45 биодәретхана орнатылған.
– Туризмнің көркі – табиғатында болса, берекесі – тәртібінде. Бұл бағытта төтенше жағдайлар және полиция департаменттерімен бірлескен жұмыстар атқарылып келеді. Рейдтер ұйымдастырылып, қауіпсіздікке басымдық берілуде. Туристік маусымда тәулік бойы қызмет атқарған медицина мамандарына да алғыс айтамын, – деді Ерсін Ибрашев.
Жиында Жетісудың туристік саласындағы тиімді жобалар таныстырылып, алдағы кезеңнің басым міндеттері айқындалды. Сондай-ақ өңір туризмінің өрісін кеңейтуге үлес қосқан сала мамандары марапатталды.
Жетісудың көркіне көрік қосып, табиғатын табыс көзіне айналдырумен қатар оны көздің қарашығындай сақтау – бүгінгі міндет. Форум осы мақсат жолындағы кәсіби пікір алмасудың алаңына айналды.
С. КӘКІМҰЛЫ





