Кейде сырт көзге сұлу көрінген жырдың өзінен жасандылық сезіледі. Өлеңнің өңі келісті болғанымен өзегі жұтаң келеді. Ал кейбір жырлар бар, оқып отырып ақынның жүрек түкпіріне үңілгендей күй кешесің. Жан сырын бүкпей, ішкі толғанысын іркілмей ақтарған мұндай өлеңнің бояуы басқа, бітімі бөлек. Қайрат Бестібаевтың жырлары сондай табиғи болмысымен бағалы.
Тегінде, сұлу қызды көрсе де, мұң арқалаған жанға жолықса да, қуаныш құшағындағы пендені байқаса да, тағдыр тауқыметін тартқан адамды ұшыратса да, соған арнауы дайын жүретін Қайрат Нұрмолдаұлының қаламы қашанда жүрдек. Оның бойында баланың аңғалдығы мен даланың дарқандығы бар. Бір қарағанда қарапайым, көптің бірі секілді көрінгенімен өлеңге келгенде ішкі дүниесінің иірімі мол.
Жақында ақынның «Текелі» шипажайында жатқанын естіп, Жангелді аға Немеребай екеуміз екі өкпемізді қолымызға ұстап жеттік. Жеңгеміз екеуі табиғаты көркем жердегі шипажайдың жоғарғы қабатынан орын теуіпті. Амандасып, хал-жағдайын сұрасқан соң айналаға көз салдық. Тау етегінің самалы есіп, алма бағының аңқыған хош иісі көңілді сергітеді. «Лимон» мен «райканың» жұпары мұрын жарады. Жақында ғана жүрегіне ота жасатқан Қайрат аға сол жерде жатқан алмаларды бізге терісіп жүр. Ақынның жүрегі ауырмай қайтсін?! Әсіресе шын ақынның жұмыр еті дүниенің мұңын өзінен өткізіп барып соқса керек. Жалған сөзге жаны үйренбеген жүрекке тіршіліктің салмағы да ауыр тиері хақ. Шын ақынның бар мұңы да, бар қуанышы да жанынан тарайды.
Қайтарда Қайрат аға өзінің бірнеше кітабын қолымызға ұстатты. «Ғасырға сыр», «Дәмежан», «Рота, Подъем!», «Тасты бүйен», «Өткенім өлеңмен» атты жинақтары осылайша қолымызға тиді. Әрқайсысының арқалаған жүгі ауыр, сөзі салмақты. Сондықтан мынауы жақсы, анауы нашар деп бөліп-жаруға болмайды. Әр кітаптан ақынның әр кезеңдегі көңіл күйі, көргені мен түйгені, күйініші мен сүйініші, қайғысы мен қасіреті сезіледі.
Өлеңдер жинағын парақтап отырып, көңіліме қонған жолдарға аялдадым. Бұрын да оқып жүретін автордан байқағаным – жырларының кереметі табиғилығында екен. Жасырмаймыз, Қайрат аға көп жазады. Көп жазған ақынға сын айтқыш, мін таққыштар табылады. «Аз жазып, саз жазу керек» дегендер де жетерлік. Алайда қаламгердің ішіне сыймаған сөз сыртқа шықпай тынбайды. Сондықтан ақынның «керуен көшті, ит үрдіге» салып бұрқыратып жазғанын артық көрудің қажеті шамалы. Өйткені, Қайрат ағамыздың өлеңдерінен жасанды пафос табу қиын. Тіпті мүмкін емес. Ол естігенін емес, жүрегіне қонғанын жырға айналдырады. Көзі көргенді көңілге тоқып, қағазға түсіреді. Сол себепті кей тұста ұйқасы сүрініп, буыны ақсап жатуы ықтимал. Бірақ өлеңнің сыртқы кестесінен гөрі ішкі иірімі мен айтпағы салмақты.
Ақынның қарапайымдылығы да осында. Өмірде өзі қандай болса, жыры да сондай. Артық бояуы, жалған жылтырағы жоқ.
Өнеге тұттым өресі кеңді,
Өзіме тарттым өгейсігенді, – дейді ақынның өзі.
Осы екі жолдың өзінен оның азаматтық болмысы аңғарылады. «Өресі кеңді» мен «өгейсігенді» қатар алып, бір арнаға тоғыстыру – әдеттегі ұйқас қуған ақынның ісі емес. Мен болсам, бәлкім, мұндай сөздерді бір-біріне жіп қылып байламас едім. Бірақ онда ұйқас түзелгенімен ойдың өзегі солғындауы мүмкін. Қайрат аға болса, қарапайым сөзбен күрделі ойды жеткізеді. Көбі байқай бермейтін оның ақындығының бір сыры осында.
«Қайран шешем» атты өлеңі де шынайы сырға толы. Ана туралы толғанып отырып, әкесін де назардан тыс қалдырмай:
Көз алдымнан өтеді өткен күндер,
Қарап өстім әкемнің балдағына, – дейді.
Бір ғана «балдақ» сөзі ақынның тұтас бір әулетінің, балалық шағының, өткен күндерінің елесін көз алдымызға әкеледі. Әкені асқақтату үшін ат мінгізіп, «қыз қудыға» салмайды. Бәзбіреулер Қайрат ағаның орнында болса әкесіне балдақ ұстатпай, «тұлпар» мінгізіп, «батыр» кейпіне енгізер ме еді?! Міне, ақын өлеңінің қадірі – көргенін өзгертпей, сезгенін әсірелемей жеткізетінінде.
Сондай-ақ Қайрат Бестібаевтың ақындық болмысын бір қырынан ғана тану аздық етеді. Оның жырларында ел мен жердің жайы, заманның запыраны, ауылдың аңсары да бар. Бірде қоғамның қабырғасын қаусатып тұрған мәселені қазбалап айтса, енді бірде қарапайым ғана көріністен тұтас бір дәуірдің елесін танытады.
Ақынның «Күз-көңіл» өлеңіндегі мына жолдарға назар аударайық:
Қиындығын қаланың көп деседі,
Азан-қазан кептеліс кеште, тегі.
Қала өмірін сұрасаң – қасқыр өмір,
Сен болмасаң, қасқырлар жеп кетеді.
Мұнда қала мен даланың екі түрлі мінезі, екі бөлек тынысы жатыр. Қаланың қаумалаған қалың жұрты, қарбаласы, күнкөріс қамы ақынның көзіне қасқырлар ортасындағы тіршілік болып көрінеді. Бір сәт босаңсысаң, біреу сенің алдыңды орап кетері анық. Ел ішінде «Алматыда бір күн жұмыс істемесең, екі күн аш қаласың» деген сөз бар. Қайрат ағаның «қасқыр өмір» дегені осы сөздің өлеңдегі баламасы іспетті.
Ал ауылға келгенде ақынның үні өзгереді. Қаладағы қапырық пен қарбаластың орнына көңілге майда қоңыр сағыныш орнайды.
Қалбалақтап қонатын жар басына,
Ауылымның ыстық-ау қарғасы да, – дейді.
Қазақ: «туған жердің торғайы да ыстық» деуші еді. Қайрат ақын мұны торғайдан қарғаға дейін жалғап, ауылға деген аңсардың шегін тағы бір адым ілгері жылжытады. Ауылдың қарғасы да ыстық. Өйткені ол – туған өлкенің қарғасы. Көзге қораш көрінген қара құстың өзі кіндік қаны тамған топырақпен астасқанда қадірлі.
Ақынның ауылға деген сарғайған сағынышынан туған жердің топырағына аунап өскен баланың бейнесі елестейді. Сол себепті ауыл туралы топтама-өлеңдерінде Қайрат ақын кәдімгідей «шайырланып» кетеді.
Биылғы қыс өзгерек былтырғыдан,
Ауылыма қар биыл қалың түсті, – дейді.
Қарапайым ғана қыс көрінісі. Өзге біреу үшін қардың қалың түсуі – табиғат құбылысы. Ақын үшін ол – ауылдың тынысы, балалықтың елесі, өткеннің жұрнағы.
Ал мына құймаңды шымырлататын жолдарға қараңыз:
Иіледі қар басып, талған шынар,
Қарқылдайды қарғалар талға құмар.
Аноу қырда әкем мен анам жатыр,
Оларды да қар басып қалған шығар.
Тірі трагедия. Бір қарағанда қыс көрінісі секілді. Қар басқан шынар, талға қонған қарғалар, ақ ұлпаға оранған дала. Бірақ соңғы екі жол келгенде суреттің ажары күрт өзгереді. Қар ақынның есіне ата-анасын түсіреді. Бір сәтте табиғат көрінісі адам тағдырына ұласады. Ақын жаны деген осы шығар?! Қарға қарап әкесін, анасының қабірін ойлау үшін көңілдің түкпірінде сағыныштың шоғы жатуы керек. «Оларды да қар басып қалған шығар» деген бірауыз сөздің өзінде қанша мұң бар?! Қардың ызғарынан бұрын осы тармақ жанды тоңазытады.
Әкеге деген сағынышында ақынның: «Құлағымда әзиз әке дауысы, білмеппін ғой өмір бақи тұрарын» деген жолдарынан да айқын аңғарылады.
Қайрат аға Бестібаевтың шығармашылығын зерделей отырып, оның қоғамдық тақырыптағы өткір жырлары мен жүрекке жуық нәзік лирикасын қатар таразылауға болады. «Заман зары» секілді өлеңдерінде ақын қоғамның көлеңкелі тұстарын бүкпей-жасырмай айтады.
Жылама, мама, жылама,
Шығара берсін үкімін.
Біздің заң қырық құрама,
Таппайсың іздеп бүтінін, – дейді.
Мұнда ақынның азаматтық үні анық естіледі. Ащы шындықтан жалтармайды. Қоғамның қалтарыс-бұлтарысын айналып өтпей, төтесінен тартады. Есенғали Раушановтың «Құрысыншы, біз бе жалғыз тоналған, Қазақстан да жалаңаш» деген уытты жолдарындай, Қайрат аға да өз дәуірінің шындығын жасырып-жаппай жеткізеді. Ал көңіл пернелерін дөп басатын нәзік те жұмсақ жырларының жөні бөлек. Өйткені ол кең ақын, дарқан ақын, аңғал ақын.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





