29 қыркүйекте Астанада Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы жасанды интеллект және цифрлық ынтымақтастықты дамытуға арналған C5+1 SI Conference конференциясы өз жұмысын бастады. Екі күнге жоспарланған жиынға мемлекеттік органдардың, технологиялық компаниялардың және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысуда, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Кездесуде бірлескен жобалар мен инвестицияларды дамыту, цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру, жасанды интеллект технологияларын енгізу және киберқауіпсіздікті нығайту мәселелері талқыланады. Сондай-ақ деректерді өңдеу орталықтарын дамыту және америкалық технологиялық компаниялармен ынтымақтастықты кеңейтуге басымдық берілмек.
C5+1 форматы Орталық Азияның бес мемлекеті – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның АҚШ-пен ынтымақтастық алаңы ретінде 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл формат экономика, қауіпсіздік және өңірлік өзара іс-қимыл мәселелері бойынша диалог орнатуға мүмкіндік береді.
Астанадағы конференция C5+1 серіктестігінің технологиялық бағытын дамытуға арналған. Қазақстан үшін оның практикалық маңызы инвестиция мен технологиялық сараптаманы тарту, есептеу инфрақұрылымын дамыту, отандық компаниялардың халықаралық серіктестермен байланысын кеңейту бағыттарымен байланысты.
Бұл басымдықтар C5+1 елдерінің экономикалық ынтымақтастық саласындағы ниеттер туралы бірлескен мәлімдемесінде де көрініс тапқан. Құжатта IT-стартаптарды қолдау, жасанды интеллект саласындағы зерттеулер мен білім беру бағытындағы ынтымақтастық, цифрлық қызметтерді, телекоммуникациялық инфрақұрылымды және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері қамтылған.
Жиынның күн тәртібі 2025 жылғы қарашада Вашингтонда өткен C5+1 саммитінде қол жеткізілген уағдаластықтармен де сабақтас. Саммитке Қазақстан атынан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.
Сапар қорытындысы бойынша өнеркәсіп, энергетика, цифрландыру, білім беру және инновациялар салаларын қамтитын жалпы сомасы шамамен 17 млрд доллар болатын 29 келісімге қол қойылды. Олардың қатарында спутниктік байланысты дамыту, зияткерлік көлік жүйелерін және цифрлық төлемдерді енгізу, сондай-ақ жасанды интеллект негізіндегі білім беру шешімдерін дамыту бағыттары бар.
Атап айтқанда, сапар барысында Direct to Cell технологиясын енгізуге бағытталған меморандумға қол қойылды. Бұл технология жерүсті мобильді желілері қамтымайтын аумақтарда байланысқа қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар білім беру саласында америкалық университеттермен және технологиялық серіктестермен, соның ішінде OpenAI компаниясымен бірқатар құжатқа қол қойылды.
Астанадағы екі күндік конференция барысында қатысушылар өңір елдерінің цифрлық бастамаларын таныстырып, тәжірибе алмасады және жаңа серіктестік мүмкіндіктерін талқылайды. Жиын Қазақстанның цифрлық даму мақсаттарын халықаралық технологиялармен, инвестициялармен және сараптамалық әлеуетпен ұштастыру бағытындағы маңызды алаңдардың біріне айналмақ.





