Қарттарды құрметтеу – халқымыздың қанға сіңген асыл қасиеті. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп, елдің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан аға буын өкілдеріне құрмет көрсету – кейінгі ұрпақтың басты парызы. Осы орайда Халықаралық қарттар күні қарсаңында Жетісу облыстық ардагерлер ұйымы тағылымы мол іс-шара ұйымдастырды.
1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай елімізде «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің бастамасымен «Қарттарымызды қамқорлай жүрейік!» атты айлық акциясы қолға алынуда. Мереке қарсаңында Жетісу облыстық ардагерлер ұйымының ұйымдастыруымен өңірдің әрбір ауданы мен қаласынан 50-ге жуық зейнеткер тарихи-мәдени және рухани маңызы зор Түркістан, Отырар және Тараз өңірлеріндегі қасиетті орындарға арнайы зиярат жасап қайтты.
Бұл сапардың басты мақсаты – халқымыздың тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін қасиетті мекендерге саяхат жасап, ардагерлердің рухани тынығуына мүмкіндік жасау, сондай-ақ тарихи мұраларымызды кеңінен насихаттау.
Халқымызда «Бай болсаң, еліңе пайдаң тисін, батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін» деген даналық сөз бар. Осы сөздің мәнін ісімен көрсеткен өңірге белгілі кәсіпкер Бижанов Керімжан Сембайұлы сапардың барлық жол шығынын өз мойнына алды. Ол сапар алдында ардагерлермен арнайы жүздесіп, ақ дастарқанын жайып, ақ жол тілеп, сапарға шығарып салды.
Ел ағаларына осындай құрмет көрсетіп, олардың көңіліне қуаныш сыйлаған азаматқа аймақ ардагерлерінің де айтар алғысы шексіз.
Сапардың алғашқы бағыты – Отырар ауданындағы Арыстан баб кесенесі болды. Жетісу облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт бастаған саяхатшылар ел арасында кең тараған «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген тағылымды сөзді арқау етіп, алдымен осы қасиетті мекенге ат басын тіреді. Ардагерлер баба рухына тағзым етіп, Құран бағыштап, тарихи орынның тыныс-тіршілігімен танысты.
XI–XII ғасырларда өмір сүрген Арыстан баб әулие – Орта Азия мен Қазақстан аумағында ислам дінін кеңінен таратқан сопы, ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің рухани ұстазы ретінде танылған тарихи тұлға. Отырар өңіріндегі Арыстан баб кесенесі бүгінде мұсылмандардың қасиетті зиярат орындарының бірі саналады.
Көне Отырар топырағына табан тіреген ардагерлер осылайша тарихымыздың терең тамырына үңіліп, бабалар аманатына тағзым етті.
Сапардың келесі күні саяхатшылар киелі Түркістан қаласына бағыт алды. Онда қариялар күллі түркі дүниесінің рухани ұстазы, ұлы ойшыл әрі діни қайраткер Қожа Ахмет Ясауидің кесенесіне барып, зиярат етті. Осы сапар барысында олар ғасырлар қойнауынан жеткен тарихи мұраларды көзбен көріп, құнды жәдігерлерді тамашалады.
Көптің көзайымына айналған әйгілі Тайқазан ардагерлердің ерекше қызығушылығын тудырды. Жалпы салмағы екі тоннаға жуық алып қазанның сыйымдылығы – 3 мың литр. Ол мыс, мырыш, алтын, күміс, қола, қорғасын және темір сынды жеті түрлі металдан құйылған. Бұл – қазақ даласының көне тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін бірегей жәдігер.
Сондай-ақ саяхатшылар әйгілі «Қылует» жер асты мешітіне кіріп, құлшылық жасап, қасиетті орынның тарихымен тереңірек танысты. Жалпы, Түркістандағы әрбір тарихи нысан – халқымыздың рухани жадының бір бөлшегі. Сондықтан мұндай сапарлардың аға буын үшін де, кейінгі ұрпақ үшін де тәрбиелік мәні зор.
Сапардың үшінші күні зияратшылар Тараз қаласына жол тартты. Тарихы терең Тараз төрінде ардагерлер Әулиеата атымен танылған Қарахан кесенесі мен мұражайын аралап, көне шаһардың өткеніне көз жүгіртті. Сондай-ақ Тектұрмас атымен танымал қасиетті орынға барып, тарих қойнауында қалған бабалар ерлігін тебірене еске алды.
Жиырма төрт гектарға жуық аумақты алып жатқан Тектұрмас кешені Тараз қаласындағы Талас өзенінің оң жағалауындағы биік қыратта орналасқан. Мамандардың дерегінше, кесене XIV ғасырға тән сәулет ескерткіші болып саналады. Ол түркі өркениеті мен Әулиеата өңірінің көне тарихын танытатын маңызды мәдени-тарихи нысандардың бірі.
Тектұрмас әулиенің азан шақырып қойған есімі – Сұлтан-Махмұтхан. Аңыз-әңгімелерде оның кезінде батыр қолбасшы әрі беделді бек болғаны айтылады. Кейін бектіктен бас тартып, дін жолына түскен соң халық оны Тектұрмас деп атап кеткен деген дерек бар.
Баба басына зиярат еткен ардагерлер тағзым жасап, өткен тарихты еске алды. Қасиетті мекеннің өнегелі тарихы мен ел жадында сақталған аңыз-әңгімелерді тыңдап, бабалар рухына құрмет көрсетті.
Үш күнге созылған тағылымды сапар барысында жетісулық ардагерлер бірнеше қасиетті мекенге зиярат етіп, халқымыздың рухани және тарихи мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Қазақта «Қариясы бар ел – қазыналы ел» деген аталы сөз бар. Шындығында, қарттарымыздың өмір жолы – кейінгі буын үшін үлкен мектеп. Олардың көргені мен түйгені, ел мен жерге деген жанашырлығы – баға жетпес рухани қазына.
Жетісулық ардагерлердің бұл сапары да сол қазынаны дәріптеудің, тарихқа тағзым етудің жарқын үлгісі болды. Олар киелі мекендерді аралап қана қоймай, ата-баба рухына зиярат етіп, туған елдің тарихына деген құрметтерін тағы бір мәрте танытты.
Қариясын ардақтаған елдің берекесі артып, бірлігі бекем болары анық. Сондықтан аға буын өкілдеріне құрмет көрсету, олардың өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа насихаттау – баршаға ортақ парыз.
Осындай игі бастамалар қарттарға деген құрметті арттырып қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, ел тарихы мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуге жол ашады.
Айдын КӘЛІМХАН





