Қазақстан 2026 жылғы Жаһандық инновациялар индексінде (GII) 8 сатыға көтеріліп, 139 елдің арасында 73-орынға ие болды. Осылайша, еліміз инновациялық даму деңгейі жоғары әлемнің 80 экономикасының қатарына енді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
GII-2026 индексінің нәтижелері Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) Женевадағы штаб-пәтерінде таныстырылды. Биылғы зерттеу «Ғылымның алдыңғы шебіндегі кәсіпкерлерді қолдау» тақырыбына арналды. Онда ғылыми жаңалықтар мен озық технологияларды стартаптарға, технологиялық компанияларға және ауқымды шешімдерге айналдыру мәселелері қарастырылған.
Жаһандық инновациялар индексін ДЗМҰ жыл сайын әзірлейді. Рейтинг елдердің инновациялық әлеуеті мен қызметін бағалап, ұлттық инновациялық жүйелердің даму деңгейін салыстыруға мүмкіндік береді.
Бір жыл ішінде Қазақстан 2025 жылғы 81-орыннан 2026 жылы 73-орынға көтеріліп, соңғы он жылдағы ең жоғары нәтижесін көрсетті. Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасындағы өңірлік рейтингте де Қазақстанның позициясы жақсарды. 11 экономика арасынан 4-орыннан 2-орынға көтеріліп, Орталық Азиядағы көшбасшылығын сақтап қалды.
Инновациялық нәтижелер көрсеткіші бойынша Қазақстан 84-орыннан 73-орынға көтерілді. Ал инновациялық ресурстар көрсеткішінде 75-орыннан 73-орынға жақсарды.
Индекстің жеті негізгі бағытының ішінде ең жоғары өсім «Білім мен технологиялар саласындағы нәтижелер» көрсеткішінде тіркелді. Бұл бағытта Қазақстан 87-орыннан 69-орынға көтеріліп, бір жылда 18 сатыға жоғарылады. Сонымен қатар өндіріс пен экспорттың күрделілігі, өнеркәсіптік үлгілер және еңбек өнімділігінің өсімі бойынша да оң динамика байқалды.
GII-2026 рейтингінде Қазақстан бірқатар көрсеткіш бойынша жоғары орындарға ие болды. Атап айтқанда, пайдалы модельдер бойынша әлемде 7-орында, мемлекеттік онлайн-қызметтер бойынша 10-орында, еңбек өнімділігінің өсімі бойынша 20-орында тұр.
Сондай-ақ Қазақстан ұлттық толықметражды фильмдер көрсеткіші бойынша 24-орынға, жоғары технологиялық өнімдер экспорты бойынша 27-орынға, капиталдың жалпы жинақталуы бойынша 31-орынға және QS жетекші университеттер рейтингі бойынша 35-орынға орналасты.
Осылайша, Қазақстан жаһандық инновациялар индексіндегі көрсеткішін айтарлықтай жақсартып, Орталық Азиядағы жетекші позициясын сақтап қалды.





