Жетісу облысында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының озық тәжірибесін саралаған облыстық «Үздік балабақша – 2026» байқауы өтті.
Облыстық әдістемелік орталығы ұйымдастырған білім додасына аудандық және қалалық кезеңдерден үздік шыққан 9 балабақша қатысты. Байқаудың мақсаты – мектепке дейінгі ұйымдардың жаңашыл үлгілерін анықтап, озық педагогикалық тәжірибені тарату, тәрбиешілердің тың бастамалары мен шығармашылық ізденістеріне қолдау көрсету. Осыған орай қатысушылар заманауи әдістемелер мен жаңа технологияларды қолданудағы тәжірибелерін ортаға салып, бүлдіршіндердің жеке қабілетін дамытуға бағытталған жобаларын таныстырды.
– Балабақша – баланың білім әлеміне басқан алғашқы қадамы. Сондықтан бүгінгі мектепке дейінгі білім беру ұйымы тек тәрбие беретін орта емес, баланың ойлауына, ізденуіне, шығармашылығына жол ашатын кеңістік болуы керек. Бұл байқауда біз педагогтердің жаңашыл ізденістерін, тәжірибесін және бала дамуына бағытталған тиімді әдістерін көрдік. Ең маңыздысы – үздік тәжірибені бір мекеменің аясында қалдырмай, облыс көлемінде тарату, – деді Жетісу облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Әли Солтанбекұлы.
Қазылар алқасы қатысушылардың педагогикалық шеберлігіне, инновациялық әдістерді қолдануына, шығармашылық ізденісіне және тәрбиеленушілердің жан-жақты дамуына қолайлы орта қалыптастыруына назар аударды.
Нәтижесінде бас жүлдеге Көксу ауданындағы «Алпамыс» бөбекжай-балабақшасы лайық деп танылды. Екінші орынды Алакөл ауданындағы №1 «Арай» балабақшасы иеленсе, үшінші орын Панфилов ауданындағы «Шұғыла» бөбекжай-бақшасы мен «Мирас» бөбекжай-балабақшасына бұйырды.
– Мұндай байқаулар бізге өз жұмысымызды көрсету үшін ғана емес, әріптестерімізден үйрену үшін де қажет. Әр балабақшаның өзіндік ізденісі, балаға білім мен тәрбие берудегі ерекше тәсілі бар. Бір-біріміздің тәжірибемізді көріп, жақсы әдістерді күнделікті жұмысымызға енгізсек, оның игілігін ең алдымен балалар көреді, – дейді байқауға қатысқан балабақша қызметкері.
Сондай-ақ Текелі қаласындағы №4 бөбекжай-балабақшасы «Үздік инновациялық алаң», Сарқан ауданындағы санаторлық тобы бар «Балдырған» бөбекжай-балабақшасы «Креативті балабақша», Талдықорған қаласындағы №14 «Айбөбек» бөбекжай-бақшасы «Ізденімпаз балабақша» аталымдарымен марапатталды.
«Үздік балабақша – 2026» байқауы жеңімпаздарды анықтаумен ғана шектелмей, тәрбиешілердің тәжірибе алмасуына мүмкіндік берген кәсіби алаңға айналды. Өйткені балабақшадағы әрбір жаңашыл қадам – бүлдіршіннің болашағына салынған алғашқы сүрлеу.
Айша СЕРІКҚЫЗЫ





