Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев AI & Digital Bridge – 2026 халықаралық форумына қатысып, жиынның маңызына тоқталды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Президент өз сөзінде Digital Bridge форумының бүгінде Еуразиядағы беделді әрі танымал технологиялық алаңдардың біріне айналғанын атап өтті.
– Мұнда әлемнің технологиялық дамуына зор үлес қосып жүрген білікті мамандар жиналды. Форум аясында жаңа идеялар мен тың бастамалар ұсынылады, тиімді байланыстар орнатылып, нақты жобалар іске қосылады. Сондықтан Digital Bridge халықаралық форумын шын мәнінде жаңашыл, жасампаз және зияткер азаматтар бас қосатын бірегей жиын деп айтсақ, артық болмасы анық, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі қарқынды әрі құбылмалы кезеңде жаңа технологияларды дамытудың маңызы артып келе жатқанын айтты.
Мемлекет басшысының пікірінше, жасанды интеллектінің дамуы өнеркәсіп, қаржы, білім, ғылым, мемлекеттік басқару және жалпы адам өміріне айтарлықтай өзгерістер әкелуде. Осыған байланысты форумның мазмұны да жыл сайын кеңейіп, жаңа бағыттармен толықтырылып келеді.
Биылғы форумда цифрландырумен қатар, есептеу инфрақұрылымы, ауқымды тілдік модельдер, робот техникасы, өнеркәсіптегі жасанды интеллект, ғылым, технология саласындағы заңнама және қауіпсіздік мәселелері талқылануда.
– Осылайша, AI & Digital Bridge жаңа технологиялар саласындағы халықаралық байланыстардың алтын көпірі ретінде табысты қызмет етуде. Форумның түпкі мақсаты да, басты міндеті де, миссиясы да – осы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Форум аясында технологиялық даму, жасанды интеллектіні қолдану және цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру мәселелері бойынша халықаралық сарапшылар мен мамандардың пікір алмасуы өтуде.





