Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев AI & Digital Bridge – 2026 халықаралық форумында Қазақстанның цифрлық даму бағытындағы жетістіктеріне тоқталды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Президент жасанды интеллектіні дамытуда аса жауапкершілік таныту қажет екенін атап өтті. Осы ретте ол АҚШ-тағы жетекші технологиялық компаниялардың суперинтеллект мәселесіне қатысты келісімге келгенін айтып, бұл тәсілді басқа елдер де мұқият зерделеп, жаһандық деңгейде қолдану мүмкіндігін қарастыруға болатынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Өткен жылы қазақстандық IT-қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асты. Цифрлық шешімдеріміз әлемнің 100-ден аса елінде қолжетімді. Бұл қадамдар мен жетістіктер еліміздегі және әлемдегі прогреске үлес қосуға Қазақстанның да ниетті екенін көрсетеді. Дегенмен озық технология саласындағы бұл жетістіктермен шектеліп қалуға болмайды. Біз еліміздің мықты технологиялық негізін қалыптастырамыз десек, инновациялық стартап-компанияларға нақты қолдау көрсетіп, озық жобаларды жүзеге асыруымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент өнеркәсіп саласында жасанды интеллектіні қолдануға қатысты міндеттердің нақты тізімін әзірлеу қажеттігін айтты. Оның пікірінше, бұл тізім экономиканың нақты қажеттіліктеріне негізделуге тиіс.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы осы міндеттер негізінде қазақстандық және шетелдік командалардың қатысуымен AI Challenge ұйымдастыруды ұсынды. Байқау қорытындысы бойынша тиімді нәтиже көрсеткен үздік жобаларды өндіріске енгізу жоспарланып отыр.





