Бүгін Қазан қаласында Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асылов Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің бас прокурорларының 24-ші отырысына қатысты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жиынға ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер – Беларусь, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан прокуратураларының басшылары, сондай-ақ ұйымның бақылаушы мемлекеттері мен диалог бойынша әріптестері – Әзербайжан, Лаос, Мальдив, Моңғолия, Мьянма, Непал, Сауд Арабиясы, Түркия және Шри-Ланка өкілдері қатысты.
ШЫҰ Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев құттықтау сөзінде мүше мемлекеттердің прокуратура органдарының өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі бірлескен жұмысының маңызын атап өтті. Ол ортақ сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі күшейтуге шақырды.
Отырыстың негізгі тақырыбы отбасы мен балаларды қорғау, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасында деструктивті контенттің таралуына жол бермеу мәселелеріне арналды.
Берік Асылов өз сөзінде жастарды қолдау мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында Қазақстанда қабылданып жатқан шараларға тоқталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстанда білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және балалардың қауіпсіздігі мәселелерін қамтитын 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қабылданғанын атап өтті.
Сонымен қатар әйелдер мен балаларды қорғау, буллингтің және кәмелетке толмағандарға қатысты өзге де құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу бағытында заңнамалық шаралар күшейтілген.
Балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігіне де ерекше мән берілуде. Осы бағытта құқыққа қайшы контентті анықтап, бұғаттауға мүмкіндік беретін «Кибернадзор» жүйесі жұмыс істейді. Сондай-ақ қажетсіз контентті сүзгілеу функциясы бар балаларға арналған SIM-карталар енгізілуде.
Бас прокурор ЮНИСЕФ-пен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Кибер Тұмар» жобасына да тоқталды. Жоба балалар мен ата-аналардың интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
Берік Асылов ШЫҰ елдерінің прокуратура органдарына цифрлық қауіптер туралы ақпарат алмасуды күшейтуді, құқыққа қайшы контентті анықтаудың бірлескен технологиялық тәсілдерін дамытуды және жаһандық цифрлық платформалармен ынтымақтастықты кеңейтуді ұсынды.
Отырыс қорытындысында қатысушылар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің прокуратура органдары арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын айқындайтын Хаттамаға қол қойды.





