2026 жылы Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу саласындағы заңнамасына бірқатар маңызды өзгерістер енгізілді. Аталған өзгерістердің негізгі мақсаты – сот актілерінің орындалу тиімділігін арттыру, атқарушылық іс жүргізу тараптарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ сот орындаушыларының қызметін жетілдіру.
Атқарушылық іс жүргізу – сот арқылы қорғалған құқықтарды нақты қалпына келтірудің маңызды тетігі. Сот шешімінің қабылдануы құқықтық дауды шешудің соңғы кезеңі болғанымен оның нақты орындалуы азаматтардың сот төрелігіне деген сенімін айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі саналады.
Осыған байланысты заңнамаға енгізіліп жатқан өзгерістер атқарушылық құжаттарды орындау рәсімдерін жетілдіруге, ақпараттық жүйелерді тиімді пайдалануға және атқарушылық іс жүргізу процесінің ашықтығын арттыруға бағытталған.
Биылғы жылдың заңнамалық өзгерістердің маңызды бағыты – кәмелетке толмаған балаларды және еңбекке қабілетсіз адамдарды асырауға арналған қаражаттың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған алименттерді аударудың жаңа тәртібі қолданысқа енгізілді.
Тиісті өзгерістер Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 24 маусымдағы №325-VIII «Атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселесі бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңында көзделген.
Енді алимент өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды орындау кезінде өндіріп алынған алимент сомалары алименттерді есепке алуға арналған банктік шотқа ғана аударылатын болады. Бұл үшін өндіріп алушы сот орындаушысына осындай банктік шоттың деректемелерін ұсынуға міндетті.
Енгізілген өзгерістердің негізгі мақсаты – кәмелетке толмаған балаларды және еңбекке қабілетсіз адамдарды асырауға арналған ақшалай қаражаттың сақталуын қамтамасыз ету.
Атқарушылық іс жүргізу саласында жүзеге асырылып жатқан заңнамалық жаңашылдықтар сот актілерін орындаудың тиімділігін арттыруға, сот орындаушыларының кәсіби жауапкершілігін күшейтуге және азаматтардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға бағытталған.
Заңнаманың одан әрі жетілдірілуі – «Заң мен Тәртіп» қағидатын нығайтуға, сот актілерінің уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етудің, азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтірудің және құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтудың маңызды кепілі.
Айжұлдыз АБДИКАРИМОВА,
облыстық әділет департаменті
сот орындаушыларының қызметін
реттеу және бақылау бөлімінің басшысы





