Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы академиялық драма театрында қала күні өтті. Дәнеш Рақышев атындағы облыстық филармонияның эстрадалық симфониялық оркестрі талдықорғандықтарға музыка әлемінің сан қырын танытқан мазмұнды концерт ұсынды. Кешті қала тұрғындарымен бірге облыс әкімі Бейбіт Исабаев та тамашалады.
Сахнаға шыққан 45 музыкант, екі дирижер мен филармонияның әншілері бір сәтте театр төрін әуенге бөледі. Үш жыл бұрын құрылған шығармашылық ұжым үшін бұл кештің жүгі де жеңіл емес. Өйткені өнерпаздың ең үлкен бағасы марапат пен қошеметтен бөлек көрерменнің жүрегіне жол таба алған өнерінде десек қателеспейміз. Ал бұл кеште сол байланыс анық сезілді.
Музыка басталғанда залдағы тыныштықты алғашқы әуен бұзды. Бірде нәзік сыр шерткен, бірде екпінге толы ырғақпен тербелген оркестр үні көрерменді әуездің арбауына жетеледі. Эстрадалық симфониялық оркестрдің ерекшелігі де осында.
Қала күніне арналған концерттің репертуары да осы ерекшелікті айқындай түсті. Тәттімбеттің күйінен бастау алған музыкалық бағдарлама әлем классиктерінің шығармаларына ұласып, заманауи өңдеумен ұсынылды. Әлемдік музыка жауһарларымен қатар танымал кинофильмдердің әуендері мен әндері де орындалып, сахна төрінде түрлі дәуір мен мәдениеттің музыкалық бояуы тоғысты.
Әсіресе француз композиторы Поль Морианың шығармалары кештің шырайын аша түсті. Оның әуендеріндегі жеңілдік пен әсемдік оркестрдің мүмкіндігімен астасып, көрерменге өзгеше әсер сыйлады. Поль Морианың шығармалары эстрадалық симфониялық оркестрлердің орындауына бейім келетіндігі де музыканттардың шеберлігін таныта түсті.
Кеш барысында «Бозторғай» секілді әуезді шығармалар орындалып, залға ерекше жылылық ұялады. Әншілер оркестрдің әр аспабымен үн үйлестіріп, шығармаларды жанды дауыста орындады. Музыкада дауыс пен аспаптың өзара тіл табысуы айрықша маңызды. Осы кеште сол үйлесім анық байқалды.
Шетелдік композиторлардың шығармаларымен қатар қазақ музыкасының алтын қорындағы туындылар да назардан тыс қалмады. Ұлы Абайдың, Латиф Хамидидің, Төлеген Мұхамеджановтың, Шәмші Қалдаяқовтың шығармалары оркестрдің орындауында жаңаша бояумен естілді. Ұлттық әуеннің әлемдік музыкамен қатар сахна төрінде салтанат құруы концерттің мазмұнын байыта түсті.
Өнердің құдіреті кейде адамды өткеніне жетелейді, кейде бүгінін бағалауға, енді бірде болашағын ойлауға себеп болады. Музыканың сөзсіз айтатын әңгімесі де осында. Бір шығарма көңілге сағыныш ұялатса, енді бірі серпіліс сыйлайды. Ал жақсы орындалған музыка тыңдарман мен орындаушының арасындағы көзге көрінбейтін көпірге айналады.
Концерт барысында жиырмаға жуық шығарма орындалды. Әр туындыдан кейін көрерменнің ықыласы артып, кеш соңында зал өнерпаздарға орнынан тұрып қошемет көрсетті. Бұл сахнадағы бірнеше сағаттық еңбектің көрермен жүрегінде өз орнын тапқанының белгісі еді.
Концерт соңында шығармашылық топқа облыс әкімінің атынан ықылас гүлі табысталды.
Қала күніне арналған бұл музыкалық кеш Талдықорғанның мерекелік шежіресіне тағы бір әсем бояу қосты. Қаланың туған күнін думанды сөзбен ғана емес, жүрекке жетер әуенмен атап өту де өзінше жарасымды. Себебі жақсы музыка аяқталғанымен оның адам көңілінде қалдырған әсері ұзаққа сақталады.
Медет ЖҰМАБАЙ





