Алакөл ауданында биылғы егін орағы қызу жүріп жатыр. Жаз бойы маңдай терін төккен диқан қауымы алқаптағы өнімді шашау шығармай жинап, қамбаға құюда. Қазіргі таңда аудан бойынша дәнді дақылдардың басым бөлігі орылып, науқан мәресіне жақындады.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Манатбек Рысбековтің айтуынша, биылғы жиын-терін науқанын белгіленген мерзімде аяқтау үшін қажетті жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Шаруаларға техникалық қолдау көрсетіліп, егінді ысырапсыз жинап алу басты назарда.
Бүгінгі күнгі мәлімет бойынша аудандағы дәнді дақылдардың 30 529,4 гектары жиналып, жоспардың 93,9 пайызы орындалды. Қамбаға барлығы 60 591,7 тонна астық құйылды.
Астықты алқаптардың ішінде күздік бидайдың 7600 гектары толық жиналып, одан 17 632 тонна өнім алынды. Орташа өнімділік гектарына 23,2 центнерді құрады. Жаздық бидайдың 7000 гектары орылып, 15 400 тонна астық қамбаға түсті. Оның орташа өнімділігі – 22 центнер.
Арпа жинау жұмыстары да аяқталуға жақын. Қазіргі таңда оның 15 196,4 гектары жиналып, 26 593,7 тонна өнім бастырылды. Орташа өнімділік гектарына 17,5 центнерден айналды. Сондай-ақ 233 гектар сұлы алқабы жиналып, 765,6 тонна өнім алынды. Ноқаттың 500 гектары орылып, 500 тонна өнім қамбаға құйылды.
– Қазір негізгі міндет – қалған алқаптардағы өнімді уақытылы жинап, ысырапқа жол бермеу. Шаруалардың техникалық мүмкіндігін тиімді пайдаланып, жиын-терін жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауға күш салып жатырмыз, – дейді Манатбек Рысбеков.
Егін орағында майлы дақылдарды жинау жұмыстары да қатар жүргізілуде. Бүгінде 17 541,2 гектар алқаптағы майлы дақыл жиналып, жоспар 60,6 пайызға орындалды. Қамбаға 23 579,2 тонна өнім түсті. Атап айтқанда, 1401,2 гектар мақсары алқабынан 1401,2 тонна өнім жиналды. 340 гектар зығыр орылып, 170 тонна өнім алынды. Сояның 7000 гектары жиналып, гектарына орта есеппен 20 центнерден өнім алынды. Нәтижесінде 14 мың тонна соя қамбаға құйылды. Ал күнбағыстың 8800 гектары жиналып, 8008 тонна өнім алынды. Оның орташа өнімділігі гектарына 9,1 центнерді құрады.
Ауданда қант қызылшасын жинау жұмыстары да басталды. Әзірге 5 гектар алқап орылып, жоспардың 0,6 пайызы орындалды. Жиналған 350 тонна өнім буртқа жинақталған. Жиын-терін науқанын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтау үшін техника күші де жұмылдырылған. Қазіргі таңда егін жинау жұмыстарына 45 комбайн мен 70 тасымалдаушы машина қатысуда. Бұл техникалар алқаптағы өнімді дер кезінде жинап, қамбаға жеткізуге мүмкіндік беріп отыр.
Күзгі дала жұмыстарының қызған шағында әр күннің қадірі ерекше. Сондықтан шаруалар уақытпен санаспай, алқаптағы өнімді ысырапсыз жинауға бар күшін салуда. Еңбектің өтеуі – қамбадағы астық. Алакөл диқандары биылғы науқанды табысты аяқтап, берекелі күздің нәтижесін еселеуге ұмтылып отыр.
Гүлжан ТҰРСЫН





