Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы – қазақ әдебиетінің алтын қорынан орын алған, адам тағдыры мен жандүниесінің күрделі иірімдерін терең суреттеген көрнекті шығарма. Романды оқи отырып, біз ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының шындығымен, ел басынан өткен аласапыран кезеңмен ғана танысып қоймаймыз. Сонымен бірге адам жанының нәзік сырларына үңіліп, қиындыққа тап болған пенденің ішкі өзгерісін түсінуге мүмкіндік аламыз.
Шығармадағы көркемдік тәсілдердің ішінде менің ерекше назарымды аударғаны – психологиялық параллелизм. Әдебиеттану ғылымында бұл тәсіл адамның ішкі сезімі мен көңіл-күйін қоршаған ортамен, әсіресе табиғат құбылыстарымен қатарластыра суреттеу арқылы кейіпкердің жан әлемін тереңірек ашады.
Жүсіпбек Аймауытов табиғатты жай ғана оқиға өтетін мекен ретінде алмайды. Табиғаттың түрі мен мінезі кейіпкердің көңіл-күйімен астасып, кейде оның жандүниесіндегі айтылмаған сырдың өзін аңғартып тұрады. Осы тұрғыдан қарағанда, Ақбілектің тағдыры мен Алтай табиғатының арасында ерекше үндестік бар. Ақбілектің ақтардың қолына түсіп, Алтайдың иен тауында жалғыз қалған сәті – романның ең ауыр әрі жан тебірентер тұстарының бірі. Осы кезде жазушы табиғатты да суық, сұсты қалпында бейнелейді. Түннің қараңғылығы, ұлыған жел, құлазыған тау мен шатқалдар кейіпкердің жүрегіндегі қорқыныш пен жалғыздықты үдемелі үрей, қалтыратар қорқыныш бар екенін жазушының әр сөзінен сезінуге болады.
Ол айналасына қарап, қауіптің қай тұстан келерін білмейді. Адамнан да, қоршаған ортадан да медет таба алмай, жалғыз қалады. Табиғаттың қатал қалпы оның ішкі күйімен қабаттасып, оқырманға Ақбілектің жанайқайын сөзсіз ұғындырады. Меніңше, мұнда табиғат кейіпкердің ішкі сезімінің айнасы қызметін атқарады. Ақбілек қорыққанда – айналасы да түнеріп кеткендей, жалғызсырағанда – тау да иен қалғандай әсер береді. Осы арқылы жазушы кейіпкердің сезімін жай сөзбен айтып қоймай, оқырманның өзіне сезіндіреді.
Романда Ақбілектің көңілі орнығып, болашаққа деген сенімі қайта оянған сайын табиғаттың да бейнесі өзгере түседі. Қараңғылықтың орнын жарық, суықтың орнын жылылық басқандай әсер қалдырады. Ашық аспан, шуақты күн, жасыл желек секілді жарқын табиғат көріністері кейіпкердің ішкі әлеміндегі өзгеріспен астасып жатады. Ақбілектің басынан өткен оқиғалар оның өмірін түбегейлі өзгертеді. Бірақ ол қиындыққа мойымай, өзінің адамдық қасиетін сақтап қалуға тырысады. Сондықтан оның бойындағы үміттің қайта жануы – шығармадағы ең маңызды рухани өзгерістердің бірі деп ойлаймын.
«Ақбілек» романындағы Алтай таулары да шығармадағы ерекше көркем бейнелердің бірі. Асқар таулар, қия жартастар, терең шатқалдар кейіпкер тағдырының күрделілігін еске түсіреді. Ақбілектің өмір жолы да таудың соқпағындай бұралаң, кей тұсы ауыр, кей тұсы белгісіз.
Жүсіпбек Аймауытов кейіпкердің сезімін «мен қорықтым», «мен қиналдым», «мен қуандым» деп тізбектеп қана қоймайды. Оның ішкі тебіренісін табиғаттың мінезі, қоршаған ортаның қалпы арқылы шебер жеткізеді. Менің ойымша, «Ақбілек» романының құндылығы да осында. Бұл шығарма бізге белгілі бір тарихи кезең туралы ғана сыр шертпейді. Ол адам қандай қиындық көрсе де рухани тұрғыдан сынбаудың, өз қадірін жоғалтпаудың, болашаққа сеніммен қараудың маңызын көрсетеді.
Бүгінгі жас ұрпақ үшін «Ақбілек» – өткен тарихтың көркем шежіресі ғана емес, адамгершілік пен төзімділіктің, қайсарлық пен ішкі мәдениеттің үлкен мектебі. Ақбілектің тағдыры арқылы біз адамның сыртқы жағдайдан гөрі ішкі рухының мықтылығы маңызды екенін түсінеміз. Сонымен қатар шығарма туған жерді қадірлеуге, білімге ұмтылуға, өз болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырады. Ақбілектің қиындықты жеңіп, жаңа өмірге қадам басуы – бүгінгі жас ұрпақ үшін де жігер беретін өнегелі іс.
Жүсіпбек Аймауытов табиғат пен адам жанын астастыра отырып, Ақбілектің күрделі тағдырын оқырман жүрегіне жақындата білген. Сондықтан да бұл романды оқыған сайын Алтайдың тауын ғана емес, сол таулардың арасында арпалысқан адам жанын да тереңірек тани түскендей боламыз.
Жұлдыз ӨСКЕН,
Н. Алдабергенов атындағы орта мектептің
9-сынып оқушысы
Балпық би ауылы, Көксу ауданы





