Бүгінде бір өңірдің ғана емес, тұтас елдің абыройын арқалап жүрген «Жетісу» волейбол клубы Азия чемпиондар лигасында жеңіске жетіп (2025 жыл), биыл жүлдегер атанды (қола алды). Клубтар арасындағы әлем чемпионатына қатысып, сары құрлықтың намысын қорғады. Өткен маусымда қыздар командасы ел чемпионатында 10-шы рет жеңсе, ұлдар өз тарихында тұңғыш мәрте топ жарды. Жаңа маусымның басталар тұсы жақын. Клуб кестесіне көз жүгіртсек, Орталық Азия чемпионатынан бастап, Бразилияда болатын клубтар арасындағы Әлем чемпионаты бар. Бұл – үлкен жетістік.
«Жетісу» волейбол клубы жаңа маусымға деген дайындықты қарқынды жүргізіп жатыр. Биылғы маусымда клуб әйелдер, ерлер және 21 жасқа дейінгі қосалқы құрамдарды қоса алғанда барлығы 4 командамен ел чемпионатында бақ сынайды. Қазіргі уақытта командалардың толық құрамы мен жаттықтырушылар штабы бекітіліп, жүйелі оқу-жаттығу процесі жүзеге асуда. Әйелдер командасы 14 ойыншы мен 9 бапкерден жасақталған. Биылғы маусымда клуб намысын қорғайтындар қатарында былтыр ел чемпионатында «Үздік шабуылшы» болған қытайлық Мяо Ивэн, биыл құрамды толықтырған ресейлік Ольга Зверева және Сербия құрамасының байланыстырушысы Мария Мильевич бар. Сонымен қатар команданың 5 ойыншысы (Татьяна Никитина, Кристина Белова, Перизат Нұрбергенова, Полина Уфимцева және Мадина Бекет) ұлттық құрама сапында Жапонияда өтетін Азия ойындарына қатысты. Жергілікті ойыншыларға басымдық берілді. «Жетісу» волейбол клубының жас тәрбиеленушілері де биыл негізгі құрамда өнер көрсетеді. Мәселен, қыздар командасында 16 жастағы Ульяна Кокина негізгі командаға қабылданды.
Ерлер командасы 14 ойыншы және 7 маманнан жасақталды. Команда сапында былтырдан жақсы таныс ресейлік легионерлер Никита Швалев пен Роман Егоров бар. Ал ерлер командасының капитаны Айбек Жақсылықов ұлттық құрама сапына шақырылып, халықаралық жарыстарға дайындық жасауда.
Алдағы жарыс күнтізбесі өте тығыз және маңызды халықаралық додаларға толы. Қазақстан Республикасының 35-ші чемпионаты әйелдер арасында 3 қазанда басталады. «Жетісу» 3-4 қазан күндері Талдықорғанда «Ертіспен» (Павлодар) ойнайды. Ал ерлер арасындағы алғашқы тур 17-18 қазан күндері өтеді. Биыл Қазақстан чемпионаты жаңа форматта өтеді. Ол үйде және түзде. Екі күн (2 ойын, 2 тур) болады.
– Чемпиондықты сақтау жолында барымызды саламыз. Бұл тұрғыда облыс басшылығы барлық қолдауды көрсетіп отыр. Артылған үміт зор, – деді команданың директоры Нияз Жантілеуов.
Өткен маусымдағы жеңістен кейін «Жетісу» командалары 2027 жылғы Азия чемпиондар лигасына іріктеу саналатын CAVA (Орта Азиялық волейбол ассоциациясы) халықаралық жарыстарына қатысу құқығына ие болды. Қыздар 1-7 қарашада Катмандуда (Непал), ерлер 3-10 қарашада Делиде (Үндістан) сынға түседі.
Маусымдағы ең басты жетістіктердің бірі – «Жетісу» әйелдер командасының биыл 8-13 желтоқсанда Бразилияның Сан-Паулу қаласында өтетін клубтар арасындағы Әлем чемпионатына арнайы шақырту алды. Бұл беделді турнирге әлемнің 5 елінен мықты деген 8 клуб қатысады («VakifBank SK», «Eczacıbaşı Peron Istanbul», «NEC Red Rockets Kawasaki», «Osasco São Cristóvão Saúde», «SESI Vôlei Bauru», «Club Alianza Lima», «Al Ahly SC» және «Жетісу»). Былтыр Азия чемпиондар лигасының жеңімпазы есебінде ойнап, «А» тобында сол кезде жеңімпаз болған Италияның «Савино Дель Бене Скандиччи» (0:3 – 22:25, 21:25, 20:25), Перудің «Альянц Лима» (1:3 – 26:24, 21:25, 23:25, 24:26) және сол жолы турнирде 3-орын алған алаң иелері Бразилияның «Озаску Сан-Кристован Сауде» (2:3 – 17:25, 25:23, 25:21, 18:25, 17:19) командаларымен кездесті. Бұл жолғы қарсыластар да оңай емес. Топта Еуропа чемпиондары «Вакифбанк» (Түркия), Африканың жеңімпаздары «Әл Ахли» (Египет) және Оңтүстік Америка чемпионатында топ жарған «Сеси Бауру» (Бразилия) бар. Қазақстан волейбол федерациясының ұсынған күнтізбесіне қарасақ, «Жетісу» клубы клубтар арасындағы Әлем чемпионатында ойнап келіп, іле-шала 20-28 желтоқсанда болатын Қазақстан кубогына қатысады. Талдықорғандықтарға желтоқсан айы оңайға түспейтіндігі анық.
– Бұл ең әуелі үлкен тәжірибе. Ал арнайы шақырту алу – зор мәртебе. Біз тек қатысу үшін емес, жақсы ойнап, өзіміздің қаншалықты қауқарлы екенімізді көрсету үшін барамыз. Кестенің тығыздығына қарамастан мен өз командама сенемін, – дейді «Жетісу» волейбол клубының бас бапкері Марко Гршич.
Серік ҚАНТАЙ





